Алматы қаласы урбанистика басқармасының басшысы ұсталды

2616
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов ұсталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

«Сыбайлас жемқорлық істеріне қатысты жүргізілген сыртқы талдау нәтижелері бойынша Антикор Алматы қаласының жер қатынастары саласындағы жүйелі жемқорлық фактілері бойынша қылмыстық істерді тіркеп, тергеді. Қалалық жоспарлау және урбанистика бөлімінің басшысы жер телімдерін беру және нысандар құрылысына рұқсат беру кезінде қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді. Осылайша, ол мақсатты тағайындалғанына қарамастан және ғимараттардың тығыздығын ескермей, жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерінде 2020-2023 жылдары жеке құрылыс ұйымдарының мүддесі үшін үш көппәтерлі тұрғын үй кешенін салуға заңсыз рұқсат берген. Бұл туралы сәрсенбіде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет хабарлады.

Нәтижесінде, «сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бойынша мемлекетке жер телімдерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде 307 млн. теңгеден астам шығын келтірілген.

«Сонымен қатар, 2020 жылы медициналық пункт пен ХҚКО құрылысына заңсыз рұқсат бере отырып (инвестициялық жобаларды жүзеге асыру желеуімен) жер телімдерін бағаланбаған бағамен мүдделі тұлғалардың жеке меншігіне одан әрі негізсіз беруге ықпал еткен. Келтірілген шығын 180 миллион теңгені құрап, күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп толықтырды ведомство.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер