Қазақ хандары атымен. Президент ашқан соң жабылған жобаның сұрауы болмай тұр

2433
Adyrna.kz Telegram

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 1 млрд теңгеге ашылған «Көне Тараз» мұражайы 8 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Экс-президенттен қалған бұл мәселені экс-депутат Мейрамбек Төлепберген әлеуметтік желіде көтерген болатын. Алайда ол аталған іске айыпты азаматтарды аты-жөнін ашық айта алмады. Ал қоғам белсендісі Исламбек Дастан болса, бұл іске Кәрім Көкірекбаев пен Арыстанбек Мұхамедиұлы айыпты деп санайды.

«НАЗАРБАЕВ АШҚАН МҰРАЖАЙ ЖАБЫЛЫП ҚАЛДЫ»

Ардагер журналист, бұрынғы депутат Мейрамбек Төлепбергеннің айтуынша, «Көне Тараз» мұражайы 8 жылда бірде бір күнде жұмыс істемеген. Ол депутат кезінде де бұл мәселені көтерген. Желіге де жазған. Сондай жазбасының бірінде бұрынғы депутат «Мемлекет бұл ғимарат құрылысына ғана 950 млн теңге қаржы жұмсаса, Мәдениет министрлігі музейлендіру жұмысына 300 млн теңге қаржы қарастырған болатын» деп сандарды сөйлетеді.

Өкінішке қарай, 8 жылдан бері бұл мәселе сағызша созылып, мәдени-рухани игілікке айналуы тиіс музейдің тағдыры түпкілікті шешілмей келеді.

«Кезінде аталған ғимарат ашылғанда Мемлекет басшысы (Н.Назарбаев) мен Мәдениет министрі (А.Мұхамедиұлы) келіп, мақтанышпен көрсеткен болатын. Бір жауын жауғанда оның ішін су басыпкетіп, кейін мұражайдың ішіндегі экспонатты басқа жерге көшірді. Кезінде ашық аспан астындағы мұражайды ашу үшін қазба жұмыстары жүргізілді. Бірақ оған қаржы кеткенін нақты білмеймін. Бірақ қазір оған да ешкім барып жатқан жоқ. Мәжіліс депутаты ретінде мәселе көтеріп, Үкіметтің назарына жеткіздім. Сол кездегі вице-премьер Ералы Тоғжановтың шешімі бойынша хаттамалық шешім жасалған. Яғни, 2022 жылы Жамбыл облысы әкімдігі мен Құрылыс басқармасы «Ғимаратты қайта жөндейміз» деген болатын. Мен сол кезде «Мұны қандай қаржыға жөндейсіңдер? Оны бюджеттен қаржы бөлу арқылы жөндеуді заң көтермейді. Өйткені бір күнде жұмыс істемеген ғимарат» деп айттым. Сол кезде Құрылыс басқармасының басшысы болған азамат «Мұражайдың қайтадан жобалық сметалық құжатын 200 млн теңгеге жасау керек» деп айтты. Яғни ғимаратты қайта іске қосу үшін 200 млн теңге қаржы керек болды. Бірақ ол сөз күйінде қалды», – дейді ол.

«ЖАУАПТЫ АДАМНЫҢ БӘРІ ҚЫЗМЕТ АУЫСТЫРЫП КЕТТІ»

Экс-депутат бұл мәселені Мәдениет және спорт минисnрі Асхат Ораловқа жеткізгенін айтады. Алайда одан мардымды шешім болмағанын ескертті.

«Жуырда Асхат Оралов Жамбыл облысына жұмыс сапармен барар кезде бұл мәселені қайта көтердім. Министр мұражайды көрген кезде жергілікті әкімшіліктің өкілдері «Ғимараттың жобалық сметалық құжатын дайындап жатырмыз» деп, бұл істі құрғақ уәдемен аяқсыз қалдырды. Ұзын сөздің қысқасы 8 жылдан бері аталған ғимарат қараусыз тұр. Бұл деген барып тұрған ұятсыздық. Аталған ғимаратты салуға жауапты азаматтардың бәрін заң бойынша жауапкершілікке тарту керек. Ал әкімшілік қызметкерлері «Сол кездегі құрылысқа жауапты адамдардың бәрі қызмет ауыстырып кетті. Оларға шара қолдана алмаймыз» деп отыр. Негізі бұлай болмау керек. Қазір  құқық қорғау органдары «Әділетті Қазақстан» құрамыз деп, бұрын ішіп жеп қойғандардың желкесінен шығарып жатыр. Дәл осы мәселені де солай шешу керек. Яғни бұл мәселені құқықтық тұрғыдан шешу керек», – деді ол.

ЭКС-ДЕПУТАТ НЕГЕ САҚТАНДЫ?

Мейрамбек Төлепберген «Айыптылар заң бойынша жазасын алу керек» деп айтқанымен, бұл іске қатысты адамдардың аты-жөнін айтудан қашқақтады. Сондықтан да  «Әр нәрсені өз атымен атайықшы. Мысалы, 2015 жылы Жамбыл облысын қазір істі болып жатқан Кәрім Көкірекбаев басқарды. Аймақтың бұрынғы басшысы жауапкершілікке тартылу керек пе?» деп сұрадық. Аталған сұраққа ол  «Мәселеге «Ғимаратты кім қабылдап алды?» деп қарауымыз керек. Заң бойынша бюджеттің ақшасын әкімшілік қадағалау керек. «Құрылыс жұмыстары аяқталды» деп кім оны өз балансына қабылдап алды? Бұл әрине облыстық құрылыс басқармасы мен аталған мекемені бақылаған облыс әкімінің орынбасары деп білемін. Сондықтан сапасыз ғимаратты кім қабылдап алғаны екжей-текжей қаралуы керек. Белгілі бір фамилияны айтқанша бұған заң үстемдігі тұрғысынан жауап іздеуіміз керек», – деп сырғыта жауап берді бұрынғы депутат.

БЕЛСЕНДІНІҢ БОЛЖАМЫ

Ал жамбылдық белсенді Исламбек Дастан Мейрамбек Төлепберген секілді тартыншақтамай, бұл іске кім жауапты екенін ашық айтты.

«Көне Тараз» ғимараты Карл Байпақовтың ұсынысы бойынша салынған болатын. Аталған азамат сол кездегі Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арқылы ақша аудартады, ал экс-министр Кәрім Көкірекбаевқа осы жобаны тапсырады. Бұл ғимаратқа сол кездегі Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әділет Ахатаев жауапты болады. Кейін Ахатаев Құрылыс басқармасының басшысы болып кетеді. Қазір Кәрім Көкірекбаев пен Әділет Ахатаев жемқорлық ісі бойынша тергеліп жатыр. Әу баста 900 млн теңге, кейін 300 млн теңгеге жуық және үшінші рет 120 млн теңге бөлінді. Бірақ қанша қаржы бөлінсе де, бұл мұражай пайдалануға берілген жоқ. Сондықтан да оны облыстық мәдениет басқармасы қабылдамады. Ұзын сөздің қысқасы, аталған ғимарат ауада ,яғни құрылыс басқармасының балансында тұр. Негізі аталған мұражайдың іске қосылмағанына Әділет Ақатаев пен оған жетекшілік жасаған Кәрім Көкірекбаев және экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы айыпты. Меніңойымша, бұл өз қызметіне салғырт қарау болып саналады. Өйткені аталған азаматтар «мұражайды халық игілігіне пайдаланамыз» деп, Қазақ хандығының 550 жылдығында Назарбаевты ғимараттың ашылу салтанатына апарып, мақтанды. Шындап келгенде бұл жерде салғырттық деген жеңіл жаза секілді. Мысалы, экс-министр Бектановты «дер кезінде әрекет етпеді» деп айыптап, соттады ғой.  Сол секілді бұл мәселеге назар аудару керек. Себебі салық төлеушілердің ақшасы желге ұшты. Нақтырақ айтсақ,әлдекімдердің қалтасын қалыңдатты», – дейді ол.

Исламбек Дастанның айтуынша, мұражайды қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сондықтан да ол онысүріп тастап, ашық аспан астындағы мұражай ету керек деп санайды.

Өткен жылдың соңында "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің басшысы болып жүрген кезінде Кәрім Көкірекбаев ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталған. Ал Исламбек Дастан “Көне Тараз” мұражайының мәселесін ол істі болмас бұрын әлеуметтік желіде көтергенін айтады. Сол сәт экс-әкім оған адам салып, ескерту жасағанын да жасыра алмайтынын білдірді белсенді.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер