Алматыдағы “Арман Дала” балалар лагеріне қатысты ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мәлімдеме жасады, деп хабарлайды “Адырна”.
Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
«Алматы маңындағы "Арман Дала" лагеріне қатысты. Кеше түсте білім басқармасының қызметкерлері лагерьге жолға шықты. Ұйыммен жасалған келісім-шарт бұзылатын болды. Лагерь иесіне тиісті шаралар қабылданады. Балалар өз үйлеріне жеткізілді, жақын арада олар басқа лагерьлерге жіберіледі»,-деп жазды.
Сонымен қатар ол Түркістан облысындағы кей лагерьлердің де жағдайы көңіл көншітерлік еместігін атап, сол жақта болғандығын мәлімдеді.
Елімізде 120 мемлекеттік, 98 жекеменшік, 900 шатырлы, 9,5 мың мектеп жанындағы лагерь жұмыс жасайды екен. Зәкиеваның айтуынша олардың үстінен түсер арыз бен шағым көп. Сол себепті де мораторийды жойып, бірыңғай жұмыс талаптары мен стандарттарды енгізу қолға алынған.
Уәкіл осыған сәйкес барлық ұсыныс пен талаптарды күзде Парламентке жолдауды жоспарлап отыр.