Бүгін - Абайдың дәстүрін жалғастырған ірі ақын, әрі ғұлама ойшыл, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 165 жыл толып отыр. Артынан мол мұра, өшпес із қалдырған ғұламаның соңғы күндері өткен, қаншама құнды шығармалары дүниеге келген мекен жайында сөз қозғамақпыз.
Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданы аумағында тарихи-мәдени ескерткіштер мен киелі жерлер жетерлік. Соның бірі – алаш ардақтысының алақанының табы қалған аяулы Саят қора мекені. Жыл сайын үгітіліп, мүжілген қабырғалары жоғалып бара жатыр. Осы туралы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жандос Әубәкір және Абайдың Жидебайдағы қорық-мұражайының меңгерушісі Айқын Берікболұлы “Адырна” ұлттық порталына айтып берді.
«ЖАЛҒЫЗДЫҚТЫҢ КҮЙІН КЕШКЕН МЕКЕН»
- Өзіңіз осы мекен жайында әлеуметтік желіде жиі жазып, тарихын зерттеп, талқылап тұрасыз. Алдымен, сақталып қалу үшін күшіңізді сарп етіп жүрген Саят қора туралы толық ақпарат бере кетсеңіз. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірінде бұл мекен қандай маңызға ие?
- Шәкәрімнің өмірбаянын қарастырғанда ақынның өнімді еңбек еткен жылдары Шыңғыстың ішінде елден жырақ болып, таза шығармашылық жұмыспен айналысқан кезеңі екенін байқаймыз. Шәкәрімнің елден жыраққа, Шыңғыстың қалың ішіне барып, шығармашылықпен айналысқан алғашқы қорасы – жайлаудағы Кеңқоныс деген мекенде. Сол жерде Шәкәрім қажы 1912 жылдан 1925 жылға дейін мекен еткен.
«Кең қоныстағы» алғашқы қорасында 1912 жылдан Шәкәрімнің қасында бір аң қағушысы мен ас бақыршысы болады. Қыс түсіп, қар қалыңдап қатып, аңға шығу қиындағанда қағушыны қайтарып, бақыршысымен қалады екен.
1918 жылы қасындағы бақыршысы Әупішті де елге қайтарады.
Бұл жөнінде Шәкәрім қажының:
Серігім – жалғыз Әупіш қасымдағы,
Ертеден жолдасымсың жасымдағы.
Таза жүрек, ойыңда арамдық жоқ,
Қайғымды сен ұғасың басымдағы.
Неше жыл бірге жаттың меніменен,
Ойласам, еркіңді мен алдым неген?
Елге бар, рұхсат бердім ырзалықпен,
Қош, Әупіш! Айрылысам сеніменен,- дейтін өлеңі де бар.
Осы алғашқы қорасы мен жері 1924 жылы крестиян болып орнаған шаруалардың теліміне тиіп кеткендіктен, 1925 жылы Шақпақтың күнгей бетінен жаңа қорасы «Саят қора» салынады.
Яғни, ақын 1925 жылдан өмірінің соңына дейін қазіргі таңда «Шәкәрімнің тошаласы», «Саят қора» деп аталып кеткен, бүгінгі күні төрт қабырғасының қалдығы, бұрыштары ғана сақталған қорада өмір кешкен. Ахат Шәкәрімұлы: «1925 жылы Кереймен жапсарлас, Шақпақтың күнгей бетінен, бұрынғы қорасынан он бес шақырымдай ары, жайлаудан әкейге жаңа қора салып бердік. Бір там, бір шошала, айналдыра салған пішен қора, ат қорасы болды. Өзі өлгенше сол қорасында болды. Қыстай сол қорасында жазуын жазып, кітаптарын оқып жатады»,- деп жазады.
Шәкәрім ақын ел ішінен алыстап, шығармашылық жұмыспен айналысу мақсатында, әрі сол бір кездердегі болып жатқан дүрбелеңді оқиғалардан тысқары болу үшін Шақпақтағы қорасында Әупішті қайтарып жалғыз қалған жылдарының ішіндегі ең бір ауыр өткен қысы 1930 жылғы қыс десек артық айтқандық емес. Ол кездері қасындағы жалғыз серік тұтары жалғыз Қоңыр аты екеуі бораны мен аязы мол табиғаттың аса бір қиын кезеңін басынан өткереді.
Бұл - жалғыздықтың күйін кешкен мекен. Шәкәрімнің Шақпақтағы қорасында жалғыз жатып ақын көңілінің қаншалықты жабырқау күйге түскені оның «Қатты ауырғанда», «Есіз қорада», «Есіз қораға екінші рет барғанда», «Екінші күн қонғанда» атты өлеңдерін оқығанда анық байқалады.
«АЙША БИБІ КЕСЕНЕСІНДЕЙ ҚАЙТА ҚАЛАП ШЫҒУҒА БОЛАДЫ»
- Саят қораның қазіргі қалі қандай? Көз алдымызда құрып кетпей ме?
- Бүгінгі таңда Саят қораның мүжілген қабырғалары да жоғалып барады. Жауын мен қар астында қалған, малдың таптауына түскен тарихи орынды қайта қалпына келтіру бүгінгі күннің басты міндеті. Бірақ бізде қайта жаңғыртамыз деп толығымен тарихи ғимаратты күреп тастап, жаңадан қалап ескілік құнын жоғалтып жіберетін жайлар да кезігіп жатады.
Біздің ұсыныс: бүгінгі күнге жеткен Шәкәрім мен балаларының өздері қалаған кірпіштерді сақтай отырып, ары қарай қайта қалап шығып, төбесін жабу. Бұл елімізде де, әлемдік тәжірибеде де бар. Оның айқын көрінісі – Тараздағы Айша-бибі кесенесі.
- Саят қораны сақтап қалу үшін не істеуіміз керек?
- Шыңғыстың ішіндегі қаншама тарихи мекендердің тек орындары сақталып, кейбірі тіпті жоғалып жатқандығы шындық. Сол себептен «Абай жолында» суреттелетін және жас ұрпақ білуі керек деген тарихи жерлерге белгілер қойып, ол жерлердің тарихы туралы айта беруіміз қажет. Бұл жұмыстарды «Абай-Жидебай» халықаралық қоры арқылы 2021 жылдан бастап та кеттік. Шыңғыстаудағы қыстақ пен күзеуге ғана емес, жайлаудағы да тарихи орындарған белгілерді қойып жатырмыз. ..
Биылғы 2023 жылы Көкбай ауылы әкімі Шәріпқазы Жылқыайдаровтың бастамасымен ел азаматтары Саят қораның жан-жағын қоршады. 2022 жылы біз арнайы белгі қойып, спутниктен алынған координаттарын белгілегенбіз. Әйтсе де бұл Саят қораға қатысты атқарылар жұмыстардың тек басы деп есептейміз. Оның жылдан-жылға тозып келе жатқаны өкінішті. Қоршауы болмаған соң, малдың таптауына түсіп, үгітіліп қала берді. Осы жолы қоршау орнатылды. Дегенмен, бұл мекенді толық сақтап қалады деген сөз емес. Ал сақталып қалуы үшін не істеуіміз керек?
Біріншіден, Шәкәрім өмірінің соңғы уақыты өткен, әрі шығармашылық кезеңі болған Саят қораның ерекшелігін, яғни осы қасиетті мекенде дүниеге келген ақын мұрасын жан-жақты зерттеуіміз керек.
Екіншіден, ақын дәуіріндегі қора-қоршаудың нақты орнын анықтау қажет. Археолог мамандар қора төңірегіне де барлау жұмыстарын жасаса.
Үшіншіден, Саят қораға келген адамдарға Шәкәрімге қатысты тарихи орындардың маршруттық картасы көрсетілген анықтамалық тұрса, тіпті арнайы сайттарға жүктелсе.
Төртіншіден, Саят қораны жауыннан, қардан сақтау үшін төбесін жабу керек.
Бесіншіден, жаз кезінде «Абай жолындағы тарихи жерлерге саяхат» деп Шыңғыс ішіне арнайы туристік бағыт ашса да болады, яғни туристік маршрутқа айналдыру қажет. Саят қораға барар жолда Көкбай ақынның кесенесі, мешіт-медресесі, ал Саят қораның маңында Шәкәрім дүниеге келген Карабұлақ, алғашқы қонысы Кеңқоныс, Шәкәрім атылған жер Керегетас, 30 жыл денесі жатқан Құрқұдық, ұлы Абай дүниеден озған бала Шақпақ деген тарихи мекендер бар. Сәл әрірек Байқошқарға қарай жүрсеңіз, Абай хәкімнің жаз жайлауы болған, «Жаздыкүн күн шілде болғанда» өлеңі дүниеге келген Көпбейіт тұр. «Мұның бәрі «Абай жолында» суреттелетін жерлер. Шыңғыстаудың жазғы табиғатын көрем деген жандар осы жаққа келгені ләзім.
«ЖАҚСЫ НӘТИЖЕЛЕР БОЛАДЫ ДЕП СЕНЕМІЗ»
Cаят қораға қоршаудың орнатылуына ұйытқы болғандардың бірі - аудандық мәслихат депутаты, Жидебайдағы Абай қорық-мұражайының қорық меңгерушісі Айқын Берікболұлы. Жергілікті жағдайды жақсы білетін азаматты да сөзге тарттық.
- Иә, осылайша Саят қораға қоршау орнатылды. Бұл жерде үлкен септік жасап отырған - Абай ауданы. Оның ішіндегі Абай ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Смағұлов, Көкбай ауылдық округінің әкімі Шәріп Жылқыайдар, Кеңгірбай би ауылдық округінің әкімі Дархан Амангелдіұлы және осы қоршауды жасаған ағайынды Космонавт, Серғали Төлеухановтар. Бұған қоса Көкбай ауылындағы бас маман Нұрғазы Әзімбаев деген азаматтардың үлесі көп. Ал мен жай ғана осыған назар аудартқызып, бір шетінде жүрген тамшы ғанамын.
Айқын Берікболұлының айтуынша, Саят қораның ендігі қалған 3 қабырғасы 1 метр ғана биіктікте, аумағы 14 х12 метр.
- Оның қалған тасын алып қалу үшін қайтадан тұрғызуға болатын әдістерін ойлау қажет. Бұл кей жерлерде ғылыми дәлелденген. Бірақ назар аударылмай талай жыл өтті. Бұл қоршау жай малдан қорғанатын ғана қалып деп айтуға болады. Әлі де болса бұны бұлай қалдыруға болмайды. Өйткені, бұл - үлкен тарихи орын. Шәкәрім қажының қаншама құнды еңбектері осы жерде дүниеге келді. Бұл жерге арнайы зерттеулер ұйымдастыруға болады. Алда әлі жақсы нәтижелер болады деп сенеміз. Бұл – біздің тарихымыз. Оны ұрпаққа насихаттауымыз қажет, - дейді Жидебайдағы Абай қорық-мұражайының меңгерушісі Айқын Берікболұлы.
Дана Нұрмұханбет
“Адырна” ұлттық порталы