Иманғали Тасмағамбетов сайлауға түсе ала ма?

3412
Adyrna.kz Telegram

Президент сайлауының күні бекітілді. Бейімбет айтпақшы, "Қайдан келесің? Сайлаудан келемін. Қайда барасың? Сайлауға барамын" ала шапқын енді басталады. Жұрт әзірге билік тарапынан қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты кандидат ретінде тануда. Дариға Назарбаеваның да аты аталуда. Одан бөлек әлеуметтік желі бетін тағы бір кандидаттың есім-сойы шарлап жүр. Жұрттың, яғни сайлаудағы электораттың біраз бөлігі ол кісіні Президент тағынан көргісі келеді. Ол  – Иманғали Тасмағамбетов.

Қазіргі  Қазақстанның  Ресейдегі елшісі, кезіндегі комсомолдың көсемін қолдаушылар саны да аз емес. Егер, Тоқаев өзі айтқандай "әділ әрі таза, ашық сайлау өткізетін болса" еліміздің Батыс өңірінен Тасмағамбетов 100 пайыз болмаса да, 80 пайыз дауысты жинап тұр. Әрі еліміздің зиялы қауым өкілдерінің де бір бүйрегі Нұрғалиұлына бұрып тұрады.

Бірақ,    сайлау туралы заңда үміткер адам кемі 5 жыл Қазақстанда тұруы шарт деп көрсетілген. Мәскеу асқанына екі жыл асқан Тасмағамбетов бұл заң бойынша сайлауға түсе алмайды.  Бұл Заңға талас тудыратын жалғыз ғана тұсы ол шет мемлекеттегі Елшілік орналасқан территория ресми түрде сол мемлекеттің иелігі болып саналады. Бұған салсақ, Ресейдегі елшілік орналасқан территория Қазақстан Республикасының аумағы.

Алдыңғы жылы Әділет министрі Марат Бекетаев айтқан тұжырымға сүйенсек, Иманғали Нұрғалиұлы бұл сайлауға қатыса алмайды.

«Қазақстанда тұрмайтын елшілердің президенттікке үміткер болуға құқығы жоқ. Себебі Конституциялық заң талабы бойынша президенттікке үміткер Қазақстанда тұруы керек. Ал елшілер Қазақстанда тұрмайды. Сондықтан олар үміткер болуы мүмкін емес» деген болатын Әділет министрлігі.

Сондықтан Тасмағамбетов бұл сайлауға қатысқысы келсе де қатыса алмайды деген тұжырым жасауға болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер