"Стратегиялық серіктестікті нығайту". Тоқаев Абаевты қабылдады

1851
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресейдегі жаңадан тағайындалған елшісі Дәурен Абаевты қабылдады, деп хабарлайды "Адырна". 

Ақорданың хабарлауынша, кездесу барысында Мемлекет басшысы Ресей Федерациясымен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтудың аса маңызды екенін атап өтті.

Президент екіжақты қарым-қатынасты дамыту жөнінде Дәурен Абаевқа бірқатар тапсырма берді.

Айта кетейік, Абаев бұл қызметке 3 шілдеде тағайындалды.

Ол бұрын Ақпарат және коммуникация министрі, Мәдениет және спорт министрі болған.

Жаңа елші  осы уақытқа дейін бірқатар "одағай ойларымен"  ел аузынан түспей келген. Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған кезінде Дәурен Абаев қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген белсенділер әрекетін «жабайы ұлтшылдық» деп атап, келекелеп үлгерді.

Мұндай сөзді ол «Қазақстанда орыстарға жеккөрініш бары» туралы айтылған Мәскеу мәлімдемесінен соң айтқан еді.  Абаевтың бұл айтқанын қазақ қоғамы қатаң сынаған. Оның Мәскеуге елші болып тағайындалғаны да осы тұрғыдан назар аудартып отыр.

Абаев мәдениет және спорт министрлігін 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін басқарған. Бұған дейін 2020 жылдың мамыр айынан бастап президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған, одан бұрын, 2016 жылдан бастап Ақпарат және коммуникациялар министрлігін басқарған. Ол сондай-ақ Қазақстан президенті қызметін атқарған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы (2011-2015) және кеңесшісі (2013-2016) болды.

2023 жылдың наурызынан бастап Абаев атқарушы комитеті Беларусь астанасы Минск қаласында орналасқан ТМД Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып келген.

Пікірлер