Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ. АҢЫЗ ЖАЙЫНДАҒЫ АҢЫЗ немесе ауызекi мәдениеттiң пайда болуы турасында бiр-екi толғам

2779
Adyrna.kz Telegram

Ескi ақылдың пайдасы

Бұл 1966 жылы болған оқиға едi. Осының алдында ғана қазiргi Шығыс Қазақстан, бұрынғы Семей облысының Аягөз ауданы екi ауданға айналдырылған, Шұбартау деген жаңа әкiмшiлiк нысан пайда болған. Сол жылдары Тельман Құсатаев деген адам бiздiң ауылымызға директор болып келдi. Керемет iскер басшы едi. Аз жылдың iшiнде бiздiң ауылымыз миллионер кеңшарға айналды. Мiне, осы 1966 жылқы жылы ерте көктемнiң басында ауылдың бiр топ жөн бiлетiн қариялары директордың қабылдауына барады. Тумысында тектi, көргендi және Сталин заманы­ның қатал тәрбиесiнен өткен Тельман ағамыз үлкен адамдарды иiлiп қарсы алады, жақсылап мәжiлiс құрады. Осы мәжiлiс үстiнде жыл санаумен бала кезiнен жақсы таныс қариялар директорға алдағы жыл – қой жылында жұт болатынын, сол жұтқа дайындалу керегiн айтады. Тельман ағамыз ал­ға­шында қатты күмәнданып, қой жылы жұт бола ма екен, жұт әдетте доңыз жылына келмеушi ме едi дейдi. Үлкендер жөн-жобаны қайыра түсiндiредi.

Осыдан кейiн директор дайындыққа кiрiседi. Әуелi арық-тұрақ, көтеремнiң барлығын сұрыптайды, етке айдайды. Таңбалы жас малды iрiктеп алып, кәрi табынды, кәрi отарды шығарып тастайды, оны да етке айдайды. Алыстағы шабындықтарды алдымен шауып, пiшендi қыстауларға ерте тасытады. Осы тынымсыз дайындық өз нәтижесiн бердi. Қой жылы қыс қатты болды, құрық бойы қар жауды. Ол қар бiрнеше күн қысқы шiлде кезiнде азынаулақ дегдiп, ерiп, қаңтардың қызылшұнақ аязында темiрдей болып қатты. Содан соң бүкiл аудан, бүкiл Арқа көлемiнде малдың қырғыны басталды. Бұл жұт туралы сол кездегi бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлiмет iздеп әуре болмай-ақ қоюға болады. Себебi, марксистiк ком­мунистiк теория бойынша социалистiк қоғамда малдың жұттан, iндеттен қырылуы мүмкiн емес. Жалпы жұттың, яки басқа апаттың болуы мүмкiн емес, социалистiк қоғамда. Себебi… себебi, жаратылыстың өзi социалистiк қоғамға ықылас-пейiлдi. Табиғат құбылыстарының өзi Ленин атаның айтқанымен жүрiп-тұрады. Сол себептi, баспасөз, ештеңе болмағандай, социализмдi жырлап отыра бердi. Сол себептi Семейдiң Шұбартау ауданы Калинин атындағы кеңшарының директоры Тельман Құсатаевтың бiр бас малды шығынға ұшыратпай алып шыққан әрекетi елеусiз қалды. Естуiмiзше, қыс-қыстаудың нәтижелерiне және алдағы мiндеттерге байланысты Семейде өткен, облыстың бүкiл кеңшар директорлары қатысқан партак­тивте жоғарғы басшылар, қоғамдық дәулеттi қорғаудың, сақтаудың таңғажайып үлгiсiн көрсеткен директорды бiр ауыз сөзбен атап кетуге де жарамапты.

Ал Тельман ағамызға ақыл-кеңес айтқан қариялар ше? Олардың бар-жоғын ешкiм бiлмейдi. Және ол шалдар, былайша айтқанда… өздерiнiң ерлiк iстегенiн бiлмептi. Бiлетiндерiн бастыққа айтты, ескерттi. Болды. Азынаулақ малын бағып, шайын iшiп, кемпiрiмен бiр ұрсысып, бiр татуласып, қазақтың шалы осылай жүре берiптi. Тек ақылды бастық жұттан кейiн ес жиған жаз келiп, жаздан кейiн күз келгенде қарияларды үйiне қонаққа шақырып, рахметiн айтып, сый-сияпатын берiп шығарып салыпты.

Ретiмен жылжып уақыт өттi. Есейiп, әрқайсымыз өз жолымызды таптық. Әскерден кейiн Абай атындағы Қазақ педагогика институтының филология факультетiне оқуға түстiм. Бiрiншi курстан кейiн жазда үш мұғалiм – Асхат Әбiлқаев, Мереке Жаманов және Мұхтар Мағауин елу студенттi бастап Талдықорған облысының Ақсу ауданына фольклорлық практикаға бардық. Ел iшiнен ауыз әдебиетi үлгiлерiн жинадық. Алматыға қайтып келiп, үйдi-үйiмiзге тарардың алдында барлығымызға «өз ауылдарыңнан да ертегi, аңыз-әңгiме жинай жүрiңдер» деп тапсырма берген.

Ауылға келгеннен кейiн сөз бiлетiн қарияларды шұқылай бастадым. Менiң нағашы атам, күйшi Жүнiсбай Стамбаевпен өмiр бойы сыйласып өткен Мырзахан деген ақсақал бар едi. Баяғы Тельман ағамызға жұт жайын ескерткен адамның бiрi екенiн бiлемiн. Осы турасында әңгiме болды. Мырзахан ақсақал бiрнеше отырыста мүшел дегеннiң не екенiн, ескi жыл санаудың жөн-жобасын ұғындырған. Ал «осы жыл санау не үшiн керек?» дегенiмде, ақылды қария ойланып отырып былай дедi:

– Мына дүниенiң қуаныш-сүйiнiшi, қасiретi мен қайғысы өзiнiң ретiмен, кезегiмен келiп отырады, қарағым. Жақсы мен жаман қалай болса солай келе салмайды. Нәубет болсын, нәсiп болсын, өз жүйесiмен келедi. Жыл санайтын есепшiлер осыны, жұттың қай жылдары қай­таланып отыратынын, тағы да толып жатқан нәрселердi бiледi. Үйренсең сен де бiлетiн боласың.

Содан соң ет пенен шай алмасып келiп отыратын қазақ­тың ұзақ дастарханында сенудiң өзi қиын мәлi­меттерге қанықтым. Он екi жыл – бiр мүшел. Мүшел бес рет айналады. Бұл «айналма мүшел» деп аталатын алпыс (60) жылдық кезең қазақта «бiр жас» деп айтылады екен. Мысалы, «екi жастың бiрiне де келмей өлдi» деген сөз алпысқа жетпей өлген адамға айтылады.

– Алпыс жыл – «бiр жас», немесе «бiр жыл» деп аталады екен, олай болса биыл, сондай жылдың нешiншiсi? – деп сұрадым.

Қазақ Ордасының шамамен 1456 жылы құрылғанын, содан берi тағы да шамамен 521 жыл өткенiн бiлемiн. Қағаз-қарындашымды алып, iлезде есептеп шығардым. Алпыс жылдық «айналма мүшелдiң» сегiз жарымы өтiптi. Осыны айттым.

– Сегiз жарым мүшел шығар? – дедiм.

– Жоқ, – дедi Мырзахан ақсақал басын шайқап күлiп.

– Ендi қанша?

Қария төбемнен тоңқ еткiзген.

– Биыл 270-жыл.

Есептедiм. Сенбедiм. Себебi, есеп бойынша 16 200 жыл болып шықты. Осыны айттым.

– Иә, жылға айналдырса солай болатын шығар, – дедi ақсақал келiсiп.

Үйге келгеннен кейiн қайтадан есепке отырдым. Ол 1977 жылдың шiлде айы едi. Бүкiл әлемде қабылданған христиан календары бойынша солай. 1977 жыл. Мұсылман календары (Хиджра) бойынша 1398 жыл. Ал бiздiң жыл санауымыз бойынша 16200 жыл. Егерде жер бетiнде қазақ­тың жыл санауы деген бар болса, онда бiздiң календары­мыз (немесе, қазiргiше айтқанда – күнтiзбемiз) бойынша осылай. 16200 жыл!

Сене алмадым. Ешкiмге көрсеткем жоқ. Өзiм сенбесем, бас­қаны қалай сендiрем. Әрi-сәрi күйде едiм. Сенбейiн десем, бұл мәлiметтi берген Мырзахан ақсақал өмiрiнде өтi­рiк айтып көрмеген адам. Сенейiн десем, ақылға сиятын емес.

Кейiннен Асқар ағаға (Сүлейменов) айттым. Сендi.

– Солай екенiне ешқандай күмәнiң болмасын, – деген едi ол әдетiнше сигаретiн бұрқыратып отырып, – тек жазба мәлiмет қана керек. Анау Карл Ясперс деген, адамзат тарихын зерттегенде, бес мың жылдан арыға баруға болмайды, деп «жарлық» шығарып қойыпты ғой.

(Асекеңнiң айтып отырғаны, белгiлi немiс ғалымы Карл Ясперстiң «Смысл и назначение истории» – «Тарихтың мәнi мен мұраты» деп аталатын кiтабы едi. Бұл кiтабында ғалым, адамзат тарихына қатысты ең көне жәдiгердiң жасы – 5 мың жыл. Одан арғы тарихты куәландыратын бiр жапырақ қағаз жоқ. Сол себептi, бiз, осы 5 мың жылдық тарихты ғана әңгiме ете аламыз, тарих ғалымы осы кезеңнен ары бара алмайды, бармау керек, тек осы кезеңге ғана үйiрiлуi керек деп жазған).

Содан соң Ерiк досыма (Көкеев) көрсеттiм есеп-қисаптарымды. Қалтқысыз сендi. Асқар ағаның сөзiн қайталап, «жазба мәлiмет болса, қазақ календары деген ұғымның ғылыми айналысқа енуi ғажап емес» дедi.

Mu

Джеймс Черчвардтың ерлiгi

 

Күндердiң күнiнде шумертану (шумерология), асси­риятану (ассирология) деген iлiмдердiң бар екенi, адамзат тарихы жоғарыда аты аталған Карл Ясперс белгiлеп берген 5 мың жылдық мерзiмдi қанағат ете алмайтындығы, ол шектен баяғыда өтiп кеткендiгi аян болды. Сондай-ақ, Олжас Сүлейменовтiң «Аз и Я» кiтабы жарық көргеннен кейiн қазақтардың шумертанумен айналысуға хақысы жоқ екенi және аян болды. Шамасы, ғалымның қолында байырғы қаңлы (скиф) мен ассирия, қаңлы мен Бабылдың арақатынасы тарихына қатысты мол мәлiмет болған. Алайда «Аз и Я»-дан кейiн Ресей ғалымдары бастаған лаңның әсерiнен, кесiрiнен, Қазақстанда 37-жылдың елесi қайта тiрiлгендей болды. Одақтық  және қазақстандық баспалардан шығайын деп жатқан қаншама кiтаптар тоқтатылып, қайыра цензурадан өткiзiлдi. Әрине, ол мәлiмет жерде қалған жоқ, ақынның «Қыш кiтап» («Глиняная книга») атты әйгiлi поэмасына өзек болды. Бiрақ, бәрiбiр, оқи бiлетiн адамға, сюжетте келтiрiлген мәлiметтер дастанға сыймай лақылдап төгiлiп жатқаны, ғылым бола алмағандықтан, амалсыз көркем шығармаға айналғандығы айқайлап көрiнiп тұрар едi. Кейiннен заңды-заңсыз жолдармен тағы да қаншама мәлiметке қол жеткiздiк. Содан соң кеңес халқының интеллектуалдық дамуын бiр ғасырға, ал қазақ ойының жетiлуiн кем дегенде екi жарым-үш ғасырға кешеуiлдеткен «темiр перде» құла­ғаннан кейiн, батыстан озық әдебиет келдi. Ағылшынның белгiлi ғалымы Джеймс Черчвардтың еңбектерiмен осы кезде танысып едiм. ХIХ ғасырдың 60-жылдары Үндiстандағы ағылшынның отарлық армиясының офицерi Джеймс Черчвард сол жердегi ғибадатханалардың бiрiнде ұмытылып кеткен көне жазумен жазылған қыш кiтаптарға жолығады. Осыдан бастап Д.Черчвард жер бетiнде болған, кейiннен жойылып кеткен көне өркениеттердiң тарихымен айналысады. ХIХ ғасырдың аяғы мен бүкiл ХХ ғасыр бойы батыс әлеуметiнiң ғылыми хрестоматияларының бiрi болған ғалымның еңбектерi арада кем дегенде 130 жыл өткенде бiзге әзер жетiп отыр.

Мiне, құрметтi оқырман, менiң замандасым болсаңыз – өзiңiз көрген, ал бағыңызға қарай дүниеге кейiн келген болсаңыз, онда өзiңiз көрмеген, бүгiнде өткен тарихқа айналған кеңес қоғамы мен оның ғылым-бiлiмiнiң сиқы осындай едi.

Сонымен, әңгiме, Д.Черчвардтың басты еңбегi – «Көне континент Му» («Древний континент Му») кiтабы жайында. Бүгiнде ат төбелiндей аз ғалымдар тобы ғана бiлетiн, санскриттен де арғы, ең көне жазумен жазылған қыш, тас кiтаптарды тiрнектей зерттеген, тағы да қаншама қосалқы мәлiметтердi қатыстырған ғалым ақыр соңында таңғажайып тұжырымға келген. Бұл тұжырым бойынша Тынық мұхитта, қазiргi Мұхитстан (Океания) жерiнде алып құрлық (континент) болған. Құрлық Гонолулу мен Гавай аралдарынан оңтүстiкке Фиджи аралына қарай 5 мың мильге (1 миль – 1,6 шақырым), қазiргi Палау аралынан шығысқа, Француз Полинезиясы, Туамоту аралдарына қарай 3 мың мильге созылып жатыпты. Әлемдiк картаға қарасаңыз, Жаңа Гвинея мен Австралия және сол Мұхитстанның әр жерiнде шашырап жатқан сансыз арал­дар осы ұлан-ғайыр континенттiң аман қалған бөлшектерi, сынықтары ма деп қаласыз. Мiнекей, әлемдiк ғылым тарихи жәдiгер  деп көп мойындағысы келмейтiн осы қыш кiтаптарда айтылғандай, аталған құрлықта осыдан 50 мың жыл бұрын адамдық тiршiлiк басталыпты. Кiтаптарда бұл материк Му деп аталады. Дами келе, өркендей келе, бұл құрлық бүкiл әлемге өзiнiң үстемдiгiн орнатады. Халқының саны өсе келе 60 миллионға жетiптi. Санасы өте биiк өркениет жер бетiнде иманды, әдiлеттi заман орнатады. Ескi жәдiгерлерде көп айтылатын, адамзат басынан өтiп кеткен ұжмақтай Алтын заман осы екен. Құрлық – арасы тар бұғаздармен бөлiнген үш аралдан тұрады екен, осы үш алып аралда негiзгi жетi үлкен қалалар мен ауылдар болған. Құрлық тұтастай аса биiк емес төбелерден тұрады екен, тропикалық ықылымда тұрғандықтан қалың жыныс орман, сай-сала сылдырап аққан бұлақ, қисабы жоқ өзен мен көл, игерiлген жерде таңғажайып миуа, хош иiстi гүлдер. Адам мейiрiмдi, қоғам мейiрiмдi болғаннан кейiн даланың тағы аңдары еш сескенбей үй малымен қатар жайылады. Әлеумет өте бiлiмдi болған. Әсiресе, астрономия, сәулет өнерi, математика, теңiзшiлiк биiк деңгейде дамыған. Бүгiнгi заманда әлемнiң әр түкпiрiнде қалай есептелiнiп, қалай салынғаны белгiсiз заңғар ғимараттар, пирамидалар, тағы да толып жатқан құрылыстар сол ұлы өркениеттiң бiзге жеткен жұрнақтары дейдi ғалым.

Әлбетте, Джеймс Черчвард ағылшын болғандықтан, қанына тартпай тұрмайды. Му континентiнiң халқы негiзiнен ақ нәсiл едi, бiрақ, сонымен қатар сары, қоңыр, қара нәсiлдiң өкiлдерi де болды деп жазады ғалым. Алтынмен аптап, асыл таспен безендiрiлген алып сарайлар алғаш осы құрлықта салынған, әлемдi шарлайтын алып кемелер алғаш осы құрлықта жасалған. Нәсiлшiлдiк, адамды кемсiту атымен жоқ, сол себептi империяның қай салада жеткен жетiстiгi болса да бүкiл әлемге, барлық адамзатқа ортақ. (Және, Д.Черчвардтың сөзiнiң жаны бар екенiн мойындауымыз керек, себебi, Мұхитстан аралдарының қазiргi тұрғындары шынында да қан, ген жағынан ақ нәсiлге өте жақын екенi белгiлi болып отыр).

Әлем бiр ғана билiкке мойынсұнған, бiр ғана императорға бағынған. Ол кезде планетада игерiлмеген жер болмапты. Жер шарында қанша топырақ бар, қанша жұрт бар – барлығы да есепте. («Ашылмаған жер», «Жаңа жер» – бұл ХV ғасырда Еуропа теңiзшiлiгi өркендеп, ақ нәсiл географияны меңгерiп, жер шарын қайта тани бастағанда пайда болған терминдер). Империяның құрамында қанша түрлi нәсiл, халық бар – барлығы да тең құқықты. Ол кездегi империяның колониясы бiздiң ұғымымыздағы отар емес. Ол кездегi дiннiң асылдығын, дүниетанымның тазалығын айна-қатесiз бейнелей алатын термин табу қиын. Бiз ойланып отырып (және қинала отырып) сол ықылым замандағы адамдық мәдениетке ең жақын келедi-ау деп «экологиялық сана» деген анықтаманы таңдап алдық. Бұл терминдi қазiргi ұғымда, яғни адамның таби­ғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершiлiгi мағынасында емес, аса кең мағынада түсiнген абзал.

«Адам нәсiлдерi ғана емес, адам мен хайуанат, адам мен өсiмдiк – барлығының құқығы тең, себебi, барлығын Құдай жаратқан». Мiне, қысқашалап айтқанда, Д.Черчвард әңгi­ме етiп отырған, осыдан елу мың жыл бұрын тiршiлiк кеш­кен қоғамның ұстанған негiзгi ұстанымы осы. Ол кездегi колония – империяның қамқорлығындағы жұрт дегендi бiлдiредi. Кезi келедi, колония есейiп, өзiн-өзi билей алатын дәрежеге жеткенде империядан бөлiнiп шығады. Алайда, жаңа егемендiк, империядан еншiсiн алып бөлек шық­қа­нымен адамдық қоғамнан бөлек кетпейдi. Колонияның жерiнде де бүкiл империяға ортақ, ең әуелi және ең соңын­да, яғни басынан аяғына дейiн адамшы­лыққа, экология­лық санаға негiзделген заңдар жүрiп тұрады. Жоғарыда айт­қа­нымыздай, бұл кезең, адамзаттың ең көне жәдiгер­лерiнде «Алтын ғасыр», «Алтын заман» деген атпен қалыпты.

 

Құрлықтың күйреуi

 

Му континентi қалай күйредi, таңғажайып, ертегiдей әлеумет адамзат тарихынан қалай кеттi, көне жәдiгерлерде көп айтылған алып құрлық бүгiнгi карталарда неге жоқ? Ендi шама-шарқымызша осы сұрақтарға жауап беруге тырысайық. Бүгiнгi тарих ғылымы Карл Ясперс кезiнде белгiлеп берген 5 мың жылдық уақыт кеңiстiгiнде өрiстедi. Ал бұл мерзiмде адамзаттың есiнде қалатындай бүкiл­планеталық апат бола қоймаған сияқты. Бола қалған күннiң өзiнде ол апат есепке алынбас едi, себебi, апаттар теориясы, Ч.Дарвин қалыптастырған, эволюциялық жолмен бiртiндеп даму теориясына қайшы келедi. Д.Черчвард және тағы басқа ғалымдар қалыптастырған бұл теория адамзат тарихын жердiң геологиялық тарихымен байланыста қарайды, сол себептi бүгiнгi ғылым жауап бере алмайтын көптеген сауалдарға аталмыш теория ғана жауап бере алады. Жер бетiнде кездесетiн феноменальдық артефактардың шығу тегiн дарвинизм түсiне алмайды. Және түсiндiрiп бере алмайды. Мысалы, адамның етiн қорек ететiн, дамудың ең төменгi сатысында тұрған бiр тайпа табылды дейiк. Сол табылған жерiн атам заманнан берi, мыңдаған жылдар бойы мекендеген. Күндердiң күнiнде ғалымдар тайпаның жерiнен алып пирамида, немесе асыл таспен безендiрiлген салтанатты сарайдың сынықтарын табады. Бұндай сарайды тұрғызу бүгiнгi техниканың қолынан келуi де мүмкiн, келмеуi де мүмкiн. Ал ендi осы сарай мен пирамида немесе табылған басқа құрылыстың табиғатынан танылып тұрған өркениеттiң деңгейiн жер иесi – жабайы тайпаның даму деңгейiмен салыстырып көрiңiз. Әрине, салғастыра алмаймыз, себебi, арасы жер мен көктей. Ал апаттар теориясы (ғылыми тiлде «катастро­физм теориясы» – «теория катастроф», «теория катастрофизма») салғас­тырып түсiндiре алады, себебi, өркениеттiң жаратылыс құбылыстарымен бiрге iлгерiндi-кейiндi дамитынын басшылыққа алады.

Осы күнi бiрқатар ғалымдар (мысалы Иммануил Великовски) Библияда айтылатын ақырзаман суреттерiнiң Қиямет суреттерi екенiне күмән келтiредi. Бұндай сұмдық көрiнiстi, адам өз бетiнше тұрып елестете алмайды, ақырзаман туралы сол ақырзаманды көзбен көрген адам ғана жаза алады дейдi И.Великовски. Демек, Iнжiлдiң пайғам­барлары, жер бетiнде болған ғарыштық апаттардың бiрiнiң немесе бiр­нешеуiнiң куәсi болған. Му континентiнiң жойылуын сондай ғарыш­тық апаттың бiрi деп қараңыз, Д.Черчвард келтiрген көне жәдiгерлердiң айтысында Му екi апатқа ұрынған. Алғашында бүкiл құрлық бiрнеше рет сiлкiнiп барып тоқтаған. Әрине, қаншама қалалар, алып сарайлар, тағы қаншама құрылыстар қираған. Континеттiң халқы қирағанның барлығын қалыпқа келтiредi де, осымен тыным табады. Апат қайта­лануы мүмкiн, келесi апат ақырзаман болуы мүмкiн, құрлық жойылып кетуi мүмкiн деген ой ешкiмнiң басына келмесе керек. Сонымен уақыт өтiп, алғашқы зiлзала ұмытылып, ертегiге айналғанда екiншi және соңғы апат басталады.

Ғалым келтiрген «Троан манускрипты», «Кортестiң кодексi», «Лхасаның шежiресi» сияқты көне жәдiгерлер континенттiң түбiне жеткен апатты былай суреттейдi: «Бүкiл құрлық орнынан көтерiлiп, толқында тұрғандай шайқалды. Жер дауыл кезiндегi ағаштың жапырағындай қалтырады. Алтын сарайлар мен ғибадатханалар, ескерткiштер опырыла құлады. Қалалар тау-тау үйiндiге айналды», «Мыңдаған адамдардың өлiм алдындағы айқайынан құлақ тұнды. Барлығы алтын сарай мен ғибадатханадан пана iздедi, алайда, жердiң жарығынан шыққан өрттен қашып, қайыра далаға шықты. Адамдар қолдарын жайып, «Құтқара гөр бiздi, Му!» деп жалбарынды». «Бiр түннiң iшiнде алып құрлық бөлек-бөлек сынып, күндей күркiреп мұхитқа батты. Тұтастай өрт алған континент жаһаннамның тұңғиығына бойлай бердi», «Өрт барлығын жалмады. Му және оның 64 миллион тұрғыны құрбандыққа шалынып кете барды». Құрлық жойылғанан кейiн, ендi жаңа зiлзала келдi. Ол – сексен миллион шаршы шақырым су, бүкiл Тынық мұхит едi. Жан-жақтан қаумалаған су, аспанмен таласқан алып толқындар бiр кездегi ұлы өркениеттiң орта тұсына келiп, бiр-бiрiне шапшып барып тыным тауыпты.

«Бақытсыз құрлық, адам атты мақлұқаттың алғашқы отаны, өзiнiң байтақ шаһарларымен, алтын сарайларымен, барлық өнерiмен, бiлiмiмен көрген түске айналды» деп жазады Д.Черчвард.

Ал ендi осы жойқын апаттан аман қалғандар бар ма едi? Бар болса, олардың тағдырлары не болды? Д.Черчвард бұл турасында былай дейдi: «Апаттан аман қалғандар маңайдағы аралдар мен архипелагтарды паналады. Бiр-ақ күнде барлығынан айрылған бұлардың қолында ештеңе жоқ едi. Iс жарататын сайман да, киiм де, жейтiн ас та, ештеңе де жоқ. Тек қана тулақтай жер мен шетсiз-шексiз мұхит.

Олардың бойын билеген үрей мен түңiлiстi елестету қиын емес. Өркениеттiң бар базары жойылды. Ендi не қалды? Қарап отырып аштан өлу. Мыңдаған шақырым жерде қалған бұрынғы колонияларға жүзiп баратын кеме де, қайық та, сал да жоқ.

Көп адамның апат әсерiнен жынданып кеткенiне ешқандай күмән жоқ, басқалары тезiрек өлiм тiледi. Себебi, өлiм азаптан құтқарады. Бұлар үшiн тiрi қалудың бiр ғана жолы бар едi. Ол – каннибализмге бару, яғни, бiр-бiрiнiң етiн қорек ету. Осылайша аса биiк дамыған өркениет өкiлдерi жабайылықтың ең төменгi деңгейiне түстi.

Өркениеттi адамның бұндай астан алғашында жиiркенгенiне ешқандай күмән жоқ, сондықтан олардың көбi аталған жахилдiкке бармай аштан өлдi деп сенейiк. Алайда, ғасырдан ғасыр өттi, ұрпақтар бiрiн-бiрi тоқтаусыз алмастырды. Осылайша аралдардың бейбақ тұрғындары жабайылықтың тұңғиығына бата бердi. Дiнмен тиянақ­талған, ұрпақтан-ұрпаққа өткен iзгi дәстүрлер ақырында толықтай ұмытылды. Адам санасынан көне абырой мен кiсiлiк өштi.

Му деп аталатын ұлы құрлықтың колониялары метрополияның өркениет жетiстiктерiн тағы бiраз уақыт жоғалтпай ұстап тұрды, алайда, империяның қамқорлығы тыйылғаннан кейiн, ақырындап олар да азып-тозды, ақырында жер бетiнен жойылды. Ал көне өркениеттiң, өлген өркениеттiң жұртында жаңа өркениеттер пайда болды».

Бұл жерде Д.Черчвард, Мұхитстанның көптеген аралдарын мекен­деген, ген тұрғысынан ақ нәсiлге жақын, алайда, тас дәуiрiндегi жабайы­лықта өмiр сүрiп жатқан тайпалар, ақиқатында, баяғы жоғары дамыған өркениеттiң, Му деп аталатын ұлы империяның мұрагерлерi дегендi айтып отыр. Джеймс Черчвард бұл жаңалықты ХIХ ғасырда ашты. Арада ғасырдан астам уақыт өттi. Әрине, жаратылыстану ғылымы осындай ұзақ уақыт барысында бiр орнында тұрған жоқ. Дамыды. Техниканың ең соңғы жетiстiктерiн пайдаланды, үлкен жетiстiктерге жеттi. Бүгiнде жаратылыстану ғылымы, тарих ғылымы Д.Черчвард сияқты пионер­лердiң айтқандарын, өткен ғасырда күпiрлiк болып саналған ойларын жарым-жартылай болса да мойындап отыр.

Топанға дейiнгi көне өркениеттердi зерттеген ғалымдар Джеймс Черчвардпен бiр мәселеде ғана келiсе алмайды. Д.Черчвардтың қатесi – бiр континенттiң апатын бүкiләлемдiк апаттан бөлiп қарауында. Егерде Му континентiнiң жойылуы жергiлiктi апат болатын болса, онда бәрi де басқаша болар едi. Апаттан кейiн апта өтпей, империямен екi арадағы қатынастың үзiлгенiнен, күнделiктi жолаушылар мен түрлi тауар тасыған кемелердiң келуi сап тыйылғанынан секем алған империяның басқа жерлерiнiң, колониялардың тұрғындары не болғанын дереу анықтауға тырысар едi. Болған жайға қанғаннан кейiн тiрi қалған адамдарды тасып алып кетер едi. Немесе, басқаша айтатын болсақ, Д.Черчвард айтқан, «Мұхитстан аралындағы жабайы қоғам» пайда болмас едi. Ұлы ғалым осы жерден ғана сүрiнген.

Ол айтқан, жоғары өркениеттi Му континентi адамдарының Мұхит­стан аралдарына жетiп, сол жерде жабайыланып, примитив деңгейге түсуi бiр ғана жағдайда – әлемдiк апат бүкiл адамзатты жалмағанда  ғана мүмкiн. Осылай болғанда ғана, құрлықтардың барлығы күйреп, адамдар бiр-бiрiн құтқармақ түгiлi басымен қайғы болып кеткенде ғана, осындай дамыған өркениет iздеусiз қалады. Яғни, Д,Черчвард өз еркiнен тыс, бүкiл әлемдi қиратып, жайпап өткен, өркениет атаулыны жойған ұлы апат – Топанға келiп тiрелген. Алайда, қолындағы мәлiмет жетiмсiз болғандықтан үлкен тұжырымдарға  бара алмаған.

Енді әңгімеміздің басындағы қазақ күнтізбесіне қайтып келейік.

Көне елдік

Д.Черчвард қытайдың жылнамасына сілтеме жасап отырып арғы түріктер өркениеті осыдан 17 000 жыл бұрын өзінің шыңына жетті дейді. Арғы түрік империясы Мудың бас колониясы екен. Джеймс Черчвард келтірген картада империясының жері біздің, яғни түрік халықтарының Отаны – Еуразияны алып жатыр. Жері де, аты да біздікі. Яғни, Арғы түрік империясы – біздің бабаларымыз құрған көне елдік. 17000 жыл… әрине, ақылға симайды. Бірақ, біздің бүгінгі ақылымызға ғана. Совет заманында біздің жазба тарихи ғылымымыз қайыра жаңғыра бастады. Осы жаңадан дүниеге келген, немесе қайыра дүниеге келген тарихи ғылым қалт етпейтін қадағалауда болды. Осы кезде, тоталитарлық тарих, сананың езгісі әсерінен біз «жүз жылдық», «екі жүз жылдық», «үш жүз жылдық» деген «тарихтарға» үйрендік. Бізді осыған үйретті. Одан арыға баруға болмайды. Тіпті, Қазақ Ордасының бес ғасырлық тарихының өзін бізге қимайтын. Ал төңіректегі Қытай, Иран, Индия, Мысыр, Қиыр Шығыс жұрттары ондаған мың жылдық тарихтарын айтып отырады. Және оларға әлемдік ғылымның мойындаған­мойындамағанының керегі жоқ. Ең бастысы – сол жерде тұрып жатқан халық өз тарихына сенсе болды. Арғы түрік империясы, Д.Черчвардтың айтысында Тынық мұхиттан бастап Батыс Еуропаға дейінгі, оңтүстікте Индия, Бирма мен Парсыдан солтүстікте Сібірге дейінгі жерді алып жатыпты. Сібір жақтағы анық шекарасы белгісіз, алайда оңтүстік Сібірден арғы түрік қалаларының жұрттары табылған. Көне Индияның жәдігерлерінде олардың Орталық Еуропаны жаулап Ирландияға дейін, батыс пен оңтүстік тарапта қазіргі Франция, Испания және Балкан түбегіне дейін жеткені айтылады. Еуразияда адам нәсілінің пайда болуын тиянақтайтын археологиялық мәліметтер, ақиқатында, арғы түріктердің Еуропаға жылжуының, Еуропаны жаулауының тарихи куәліктері болып табылады, деп жазады Д.Черчвард. «Арғы түріктердің тарихы – арийлердің тарихы, олардың астанасы қазіргі Гоби шөліндегі Хара­Хото. Арғы түрік империясы кезінде қазіргі Гоби шөл емес – жазыл жазира абат өлке екен. Арғы түріктер биік өркениетке жетті, астрология, тау­кен ісі, тоқыма өндіріс, сәулет, математика, ауылшарушылық, жазу­сызу, медицина – осының бәрі арғы түріктерде болды. Жібек пен басқа мата, тері, ағаш пен металлдан түрлі әшекей, алтын, күміс, қола, қыш мүсіндерді жасауды, арғы түріктер әйгілі Мысыр өркениетінен көп бұрын үйренген. Арғы түрік империясының бір бөлігі Му континенті суға батардан бұрын, ал қалған бөлігі бас құрлықтан кейін жойылды. Пржевальскийдің сүйікті шәкірті, профессор П.К.Козлов, Хара­Хото төңірегінде қазба жұмыстарын жүргізіп, 18 метр тереңдікте таңғажайып қазынаға тап болған. Бұл қазынаны алмақ түгілі қол тигізуге рұқсат бермегеннен кейін, ол, фотоға түсіріп алған. «Санди Американ» журналының рұқсатымен мен бұл фотосуреттерге қол жеткіздім. Осы фотосуреттердің екеуін кітабымда жариялап отырмын, себебі бұл – символға толы бедер» дейді ғалым. «Бұл суреттегі заттардың 17­189 мың жылдық тарихы бар екеніне менің ешқандай күмәнім жоқ. Бірінші фотографияда жібекке салынған сурет тұр; әйел патша мен оның жұбайы. Әуелі әйел патшаның бойындағы символиканы зерделейік. Басына кигені үш айыр тәж. Тәждің ортасында – үш сәулелі шеңбер. Патшаның артында үлкен шеңбер – Күн, желкесінде кішірек шеңбер – Кіші Күн тұр. Үлкен шеңбер – бас патшалық Му, кіші шеңбер – Арғы түрік империясы. Патшаның сол қолында үш айыр аса. Үш айыр – ілкі Отан, Мудың символы. Патша, ілкі Отанның символы – қауызы алақандай ашылған қасиетті лотос гүлінің үстінде отыр. Бұл, патшаның алтын тағы мен қолындағы биліктің ілкі Отаннан, бас патшалық Мудан тамыр тартатынын көрсететін символ. Патшаның жұбайында бұл символдар жоқ. Алайда, оның басындағы тәждің үш айыр болып келуі – бұл да ілкі Отанның сан арқылы бейнеленетін символы. Козлов бірнеше асаның суретін түсірген. Біздің кітабымызда келтірілген екінші суреттегі асатаяқтың, әйел патшаның қолындағы асатаяқтан айырмасы бар; бұл кейінгі вариант, бірақ символика сол бұрынғы күйінде қалған. Асатаяқтың жоғары жақтары үш айыр болып келеді. Үш – ілкі Отанның сандық символы. Сонымен, Азия, Америка, Оңтүстік теңіздердің аралдары мен Жаңа Зеландияның символикасы сол жерді мекендеген халықтардың аңыздарымен астас келеді екен. Бұдан артық, анық, бұдан нанымды куәлік табуға болар ма еді? Кім біледі. Ол үшін көне бабаларымызды көрден тұрғызып, Му континентінің тағдырын өз ауыздарынан айтқызуымыз керек шығар» деп қорытады бұл тарауды Д.Черчвард. Арғы түрік империясы қалай күйреді? Топанның тарихын зерттейтін ғалымдар бұл күнде бір пікірге келген. Біз «Топан суы» деп атайтын, әлемдік өркениетті күйретіп, бүкіл адамзат баласын кері – жахилдікке қарай апарып тастаған планетарлық апат осыдан 11500 жыл бұрын болған. Олай болса біздің жыл санауымыз апаттан 4700 жыл бұрын басталған. Алайда, Д.Черчвард қытай мәліметтеріне сілтеме жасай отырып, Ұлы Арғы түрік империясы осыдан 17000 жыл бұрын өркениеттің шыңына шыққан дейді. Империяның, бас билік, Му континентіндегі орталық өкіметтен қашан егемендік алып шыққаны белгісіз. 16200 жылдық күнтізбе Арғы түрік өркениеті гүлденген кезден сегіз (8) ғасыр бері жатыр. Осы сегіз ғасырда не болды, оны біз білмейміз. Және жорамалдай да алмаймыз. Білетініміз, қандай да болмасын жыл санау, күнтізбе, әлдебір ұлы оқиғадан басталады. Мысалы, қазіргі жыл санау Айса ғалайыссаламның дүниеге келген жылынан басталады. Содан бері 2013 жыл өтіпті. Мұсылман жыл санауы Мұхамед пайғамбардың Мәдинадан Мекеге өткен жылынан басталады. Содан бері 1434 жыл өтіпті. Ал осыдан 16200 жыл бұрын Ұлы Арғы түрік империясында не болды, оны, егерде аяқ астынан бір жазба мәлімет табыла қалмаса, Құдай ғана біледі дейміз. Қолымызда қазақтың есепші қарияларының ауызша айтқан мәліметі ғана бар. Болды. Бірақ, есесіне, көне өркениеттер жайындағы, байырғы жәдігер орталықтарынан табылып жатқан мәлімет ұшан­теңіз. Осы мәліметтерді байыптай зерделеп, батыстың жаратылыстанушы, тарихшы ғалымдарының жазған еңбектері де Құдайға шүкір, жетерлік. Міне, осы жерде біз, байырғы мәдениеттің өзін болмаса да, көзін көргендерді көріп отырмыз. Иә, құрметті оқырман, әлем тарихында Ұлы Арғы түрік мәдениетінің ізі, еткен ықпалы сайрап көрініп жатыр. Сол ізді, сол ықпалды тек оқи білу керек.

 

Топанның қарсаңы және «кітап­-адамдардың» пайда болуы

Ұлы Арғы түрік империясы әлемдік апаттың келе жатқанын білген бе? Әлбетте. Білген. Бірақ қара халқы емес. Күнделікті тіршілік күйбеңімен жүрген қара тобыр, импрам, тіпті білген нәрсесінің өзін ұмытып қалуы мүмкін. Апат жайын билеуші әулет білген. Олай болса, біле тұра неге тиісінше дайындық жасамаған деген сауал бой көтереді. Осы жерде мынадай бір нәрсені түсіндіріп кеткіміз келеді. Бүгінде дүниеде қаншама сенсациялық оқиғалар болып жатады. Барлық уақыттағыдай. Бұның бірі рас болса, бірі өтірік, пиар­технологиямен қолдан жасалған сенсация екені көп ұзамай аян болады. Бірақ бір қызығы жергілікті үкіметтер болсын, оның сыртында барлығының төбесінен қарайтын әлемдік үкімет болсын, бұл сенсацияларға ешқашан комментарий бермейді. Неге? Халықты дүрліктірмеу үшін. Биліктің бұл тарапта үнсіз қалуының басты бір себебі – осы. Дүрліккен, бұлғаққа шыққан халыққа ие болу қиын, кей жағдайда тіпті тоқтату мүмкін емес. Сондықтан сенсацияның төңірегінде «үнсіздік қабырғасын» орнату, жұртты дүрліктіріп жүрген бұлғақшыл адамдардыСондықтан сенсацияның төңірегінде «үнсіздік қабырғасын» орнату, жұртты дүрліктіріп жүрген бұлғақшыл адамдарды амалын тауып көзін жою – биліктің ежелгі пайдаланатын тәсілі. Мынадай бір мысал. Осман империясын ұлы жеңістерге жеткізген уәзір Мехмет паша Соколович (түрікше Соколлу Мехмет), кезінде, әскерді бұлғаққа жібермеу үшін таңғажайып тәсіл пайдаланған. Еуропаға жасалған кезекті жорық кезінде армияны өзі басқарып барған сұлтан өледі. Сонда Стамбулға қайтып келе жатқан Мехмет паша жабық күймеде келе жатқан сұлтанның мәйітімен тірі адаммен сөйлескендей сөйлеседі. Ешкім ештеңе байқамаған, сұлтанның өлгенін ешкім білмеген. Әскерді аман­есен Стамбулға жеткізген Мехмет паша жаңа сұлтанды таққа отырғызып, бүкіл армияны жаңа әміршіге антқа келтіргеннен кейін ғана барып сұмдық хабарды жариялаған. Топанға дейінгі дәстүрлі өркениетте астрономия өте жоғары дәрежеде дамыған дедік. Астрономия дегеніміз, қарапайымдап айтсақ, аспанның тарихы. Нәубет болсын, игілік­нәсіп болсын белгілі бір ретке, ырғақ заңына (бүгінгі ғылымда бұл «ғарыштық цикл» – «космический цикл» деп аталады) бағынады дедік. Яғни, осыдан 11500 жыл бұрын, немесе біздің қазіргі жыл санауымыздан 9487 жыл бұрын, немесе сол Арғы түрік заманынан келе жатқан күнтізбе бойынша 4700­ші жылы империяның билеуші әулеті кезекті ұлы нәубеттің тақағанын біледі. Қондыгер­қаңлылар туралы жазған екі тарихшы бұл жайында азғантай болса да мәлімет береді. Адамдар зілзала нәубеттің келе жатқанын он төрт (14) жыл бұрын білді, бірақ ол нәубеттің қандай кепте келетінін, қай жердің жойылатынын, қай жердің аман қалатынын, болжай алмады, Жаратқан Иенің қай қабиланы құрбандыққа бұйырғанын, қай қабиланы аман алып қалатынын біле алмады. Сол себепті ақырзаман келеді екен, ақыр барлығымыз құриды екенбіз, олай болса Құдайға деген құлшылықта не мән, не мағына бар деп, адамның айтуға аузы бармайтын күнәға батқан пенделер болды. Бұларды патшалар аяусыз жазалады. Ақырзаман келе жатқанын айтып ел ішін дүрліктіріп жүрген жұлдызшы­сәуегейлердің барлығының басы шабылды дейді көне тарихшылар. Содан кейін тағы бір елеусіз ғана, бірақ біз үшін зор мағынасы бар мәліметті сөз арасына қыстыра салады. Патшалар үлемдерді (ғалымдарды) жинап барлығына кітап жаттатты дейді. Ол кітапты не үшін жаттатқаны айтылмайды. Бірақ бізге оның керегі де жоқ. Біз үшін осы бір ауыз сөз, жетіп­артылатын мәлімет. Осы жерде мен «Дәстүрдің эвакуациясы» деген жаңа терминді айналысқа енгізгім келеді. «Эвакуация» – «көшіру» деген сөз. Көне өркениеттің әлемдік апат алдындағы теңдесі жоқ әрекетін бейнелей алатын басқа сөз таба алмадым. Еуропа тілдерінде, орыс тілінде «эвакуация», түрлі апат, соғыс кезінде бейбіт халықты болашақ майданның жерінен басқа жаққа көшіру дегенді білдіреді. Сондай­ақ бұл сөздің мал­мүлік, түрлі дәулетке де қатысы бар. Ал біз аталмыш терминді басқаша мағынада қолданғымыз келеді. Ұлы Арғы түрік империясының әміршілері ғалымдарға бүкіл жазба мұраны жаттатқан. Яғни, Дәстүрді көшіруге, эвакуацияға дайындаған. Бірақ, бұл, бір өлкеден екінші бір өлкеге көшірудің дайындығы емес. Арғы түрік империясы өзінің ұлы мәдениетін заманнан заманға көшіруге дайындаған. Немесе бұдан да түсінікті қылып айтсақ, біздің көне бабаларымыз топаннан кейінгі, ақырзаманнан кейінгі өмірге, тіршілікке дайындалған. Әлбетте, мәдениетті сол жазба күйінде де сақтауға әрекет жасалғанына ешқандай күмән жоқ. Осы орайда мынадай бір оқиға есіме түседі. Ерте көктемнің лайсаңды көңілсіз бір күні еді. Асқар аға, менің Ерік досым үшеуміз консерваторияның фольклор кабинетінде отырғанбыз. Күн жексенбі. Консерваторияда бірді­екілі студент болмаса ешкім жоқ. Әр тақырыптың басын шалған әңгіме ақырында көне мәдениет мәселесіне келіп тірелген. – Менің ойымша, Мысыр пирамидалары перғауындардың қабырстаны емес, – деді Ерік, – Ол кейіннен қабырстанға айналуы мүмкін. Ал шындығында пирамида – қолдан жасалған тау. Өте биік, жасанды тау. Олай болса пирамиданың ұшар басында жасырын камералар бар. Ол камераларда топанға дейінгі ең негізгі кітаптар сақтаулы тұруы мүмкін. Асекең қатты риза болды. Ол кісінің мынадай әдеті бар еді. Өзі құрметтейтін адамның жанында отырғанда, жайшылықтағыдай сигарет емес, қорқорға гаваналық сигараның хош иісті жапырағын салып шегетін. Бұл жолы да қорқорын тұтатып, жұпар түтінді бұрқыратып, бөлмені ары бір, бері бір кезіп өтті. – Сен генийсің, – деді содан соң Еріктің бетіне қарап , – Осы күні мысыр өкіметі пирамидалардың ішін ақтаруға тыйым салған көрінеді. Ол жерде не бар екенін біз, әрине, білмейміз. Және көпке дейін білмейтін боламыз. Сенің жорамалың керемет.

 

Арменияның атақты кітапханасы

Матенадарана Арарат тауының ең биік жеріне орналасқан Көзбен көре алмадық. Бірақ таныстырғыш әдебиеттен барынша толық мәлімет алдық. Осыған қарап отырып, адамның көңілінде нешетүрлі күмәнді ойлар пайда болады. Армян ғалымдары бұл кітапхананың тіпті Алтын Орда кезіндегі Кавказдағы қыпшақ хандарының кітапханасы екенін мойындамайды. Алғашында Эчмиадзин монастырінің кітап қоймасы болды, артынан Ереванға көшірілді, осылайша Арменияның бас кітапханасы, музейі болды дейді. Осымен әңгіме бітті. Ал ол кітапханадағы қыпшақ тілінде жазылған кітаптар қайдан келіпті, заманында Алтын Орданың билігінен тыс тұрған ол қандай Армян мемлекеті, әрине, бұл сауалдарға жауап жоқ. Және, армян бауырлар, бұл сұрақтарға жауап беруді керек деп таппайды. Ғалым Ақселеу Сейдімбеков «Социалистік Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүрген кезінде Арменияға, осы Матенадарана кітапханасына барып қайтқан екен. Бір әңгімесінде – Армянның кітапханасы емес­ау, – деді басын шайқап отырып, – Алтын Орданың ғылыми орталықтарының бірі­ау. Кітаптардың ескілігі сондай, қол тигізсең үгітілейін деп тұр. Копиясымен жұмыс істей беруге болады. Ал түпнұсқалар сенімді қоймаларда тығулы жатыр. – Тас, қыш кітаптар бар ма? – деп сұрадым. Ахаң сәл үнсіз қалды да, – Кім біледі, – деді, – Қоймаларына ешкімді кіргізбейді. Өздерінің айтысына қарағанда, 5­6 мың жыл бұрын жазылған кітаптар бар екен. Кіріп, өз көзіңмен көре алмағаннан кейін, не айтуға болады? Біз де «кім біледі?» дегеннен басқа ештеңе айта алмаймыз. Осынша құпиялап сақталғанына қарағанда, көлденең жұртқа көрсетуге болмайтын жәдігерлердің жасырулы жатқанына ешқандай күмән жоқ. Ал өзімнің жеке пікірімді білгіңіз келсе, айтайын, құрметті оқырман. Матенадарана – Топанға дейінгі кітаптар сақтаулы тұрған қойма. Армян ғалымдары бұл қойманы кейін, көп кейін пайда болған өз мемлекеттерінің тарихымен матастыра салған. Жазулары кеше ғана пайда болған ел. Месроп Маштоц деген адам 405 жылы армян әліпбиін тиянақтаған екен. Алғашқы армянның жазба мұрасы – Библияның армян тіліне аударылған нұсқасы. Месроп Маштоц пен католикос Саак Партев өз оқушыларымен әуелі аударма жасаған, содан соң төл шығармалар жазған. 405 жыл армян жазба әдебиетінің туған жылы болып есептеледі. Содан бері 15 ғасыр уақыт өтіпті. Олай болса 5­6 мың жыл бұрын жазылған кітап оларға қайдан келді? Және армян ғалымдары бұл кітаптарды тым «жасартып» жіберген. Бұл кем дегенде 12 мың жылдық мұра. Бұндай мұраны сатып алу, айырбастап алу, немесе көшіріп алу мүмкін емес. Бұндай мұра не бар болады, не жоқ болады. Бағына орай армяндарда бар. Тек ақиқатына жетуге өре жібермейді. Ал, шындығында бұл Арарат тауының ең биік жерлерінің біріне аманаттап көміп кеткен Арғы түрік империясының кітапханасы. Көмулі кітап сақталуы мүмкін, сақталмауы да мүмкін. Алайда, Дәстүрдің адамдары кітапты, жазба мұра атаулыны сақтайтын ең сенімді қойма – адамның санасы деп білген. Нәубет, зілзала мәңгі тұрмайды, бір күні аяқталады. Содан соң, өркениетті қалыпқа келтіру кезеңі басталады. Кітаптарды жаттаған адамдар, отырып, жадындағы текстерді, бір әрпін түсірмей қағазға қайыра қотарады. Осылайша кітап қайтадан жаратылады. Міне, көне тарихшылар «Арғы түріктердің патшалары ғалымдарға кітап жаттатты» деп елеусіз ғана айтып кеткен бір ауыз сөздің тасасында осындай сыр, осындай тарих жатыр. Тұтас кітаптарды жаттау, еске сақтау, әлемдік апаттың қарсаңында ғана пайда болған амал ма? Жоқ. Ұлаңғайыр кітапханаларды жадында сақтаған «Кітап­Адамдар» қашанда болған. Ондаған эпикалық жырларды, жүздеген ертегілерді,мыңдаған мақал­мәтелді комментарий­түсіндірмелерімен, арғы­бергі ақын­жыраулардың мұрасыен мүмкіндігінше толықтай есіне сақтаған адамдарды өз көзімізбен көрген едік. Осы күні бірқатар ғылыми еңбектерде арийлердің, немесе кейде атлант деп аталатын әлдебір нәсілдің солтүстіктен оңтүстікке қарай алып көшкіні жайында айтылады. Мерзімі – өте көне, біздің жыл санауымыздан әлденеше мың жыл бұрынғы заман. Әлбетте, батыстың нәсілшіл, толықтай саясатқа бағынған ғылымы бұл жерде де көп нәрсені бұрмалап көрсетеді. Бірақ, қалай қитұрқыласа да ең басты нәрсені – солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған ұлы көшкінді, ұлаңғайыр жаугершіліктің өзін жасыра алмаған. Иә, солай болған. Бірақ батыстың ғалымдары айтқандағыдан сәл өзгеше. Көшкін Еуропаның, Азияның қиыр солтүстігінен басталмаған. Себебі, топаннан кейін ол жақта тірі жан қалмаған. Жаугершілік баяғы Ұлы Арғы түрік империясының территориясынан басталған. Топаннан аман қалған азынаулақ арғы түріктер арада, шамамен 1500 жыл өткенде ес жиып, айна­қатесіз бұрынғы қалпын таппаса да, көбейіп қайтадан үлкен жұртқа айналады. Содан соң, адамзат баласын түгендеп, қандай тайпа, қабила жойылды, қандай тайпа, қабила аман қалды, осыны анықтау мақсатында, ал шындығында, бұрынғы ұлы өркениетті қалпына келтіру мақсатында оңтүстікке бағытталған даңқты арғы түрік жорығы басталады. Міне, осы күнгі Еуразияның көне тарихына қатысты жазылған еңбектердегі атланттардың, немесе арийлердің Оңтүстікке қарай ұлы көшкіні дегеніңіз осы. Себебің, бұндай жаһандық, геосаяси жоспарды бұрын Еуразияны билеген, осы жаһандық идеяны есінде сақтаған (кітап­адамдар) және алғышарттары келісіп, күші толғанда қайтадан іске асыра алатын тек қана байырғы Ұлы Арғы түрік империясы еді. Мифологиясы өзін қоршаған орманнан сыртқа шығуға рұқсат етпейтін, тыйым салатын, жабайыланып кеткен тайпаларда жаһандық сана, жаһандық, геосаяси идея болмайды. Бұны әлемдік ғылым сансыз рет дәлелдеген.

 

«Кітап­Адамның» кейінгі тағдыры

Қазақтың көне аңызында, бүгінде аттары ұмытылған көптеген ұлы кейіпкерлер болған. Солардың екеуін айтайық. Бұлар Құмыра пайғамбар мен Құлайыс пайғамбар. Мені бір нәрсе қатты таңқалдырады. Шоқан Уәлиханов, Мәшхүр Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев – осы үш ұлы фольклористің портфельдерінде Құмыра пайғамбар мен Құлайыс пайғамбар жайында бір ауыз сөз жоқ. Нұх пайғамбардан бұрын туған деп куәландырылатын, демек топанға дейінгі мәдениеттің өкілі болып саналатын бұл даңқты екі кейіпкер жайлы аңыз­әңгімелер заманында қазақтың үш жүзінде де айтылса керек. Сексенінші жылдардың аяғында консерваторияның бір мұғалімі мен екі студенті және мен, төрт адам Алматының түбіндегі Жамбыл ауданында тұратын белгілі айтыскер ақын Әсімхан Қосбасаровтың үйінде болдық. Фольклорлық экспедицияның мақсатын анықтап, ежіктеп алғаннан кейін, ақсақал бірде қара сөзбен, бірде өлеңмен ұзақ толғады. Қисапсыз мәлімет магнит таспасына сыймай қалды. Қалғанын құлақпен тыңдадық. Бала кезімде, жасөспірім кезімде талай естіген мәлімет осы жерде де расталды. – Құмыра мен Құлайыс пайғамбар дегенді естігендерің бар ма? – деп алған қария ұзақ­ұзақ әңгіме шертті. – Бұл мәлімет Шоқан Уәлихановтың бес томдығында жоқ сияқты еді ғой, – деді жанымдағы мұғалім. – Бір адам бір халықтың мұрасын тауыса алмайтын шығар, – деді Әсімхан ақсақал. Қалжыңбас екен. – Шоқан Уәлиханов маған келмеді ғой. Келсе айтып беретін едік қой, – деген жымиып. Күлісіп алдық. – Мен енді Орта жүз бен Кіші жүзде болғам жоқ, ол жақта қалай айтылатынын білмеймін, – деді Әсімхан ақсақал соңында, – Ал өзім көргенде мынау біздің Шапырашты ғана емес, Ысты, Ошақты, Қаңлы, Дулат, Сіргелі, барлығында осы Құмыра мен Құлайыстың әңгімесі айтылатын. Келесі күні Дегерес ауылында, сөз ұстаған шежіреші қарт Нүсіпбай Маяковтың үйінде болдық. Қария дастархан басында тосын әңгіме айтты. – Жүсіпбек қожаның «Құбыра пайғамбардың өлімі» деген дастаны бар, – деді шайын сораптай ішіп отырып, – Шама­ шарқымша айтып блерейін. – Құбыра ма, Құмыра ма? – дедім мен. – Біреулер Құмыра дейді, біреулер Құбыра дейді, айырмасы жоқ, – деді Нүсіпбай ақсақал, – Жүсіпбек қожа осылай деп, Құбыра деп жазған. Енді Құмыра пайғамбардың есімін пайымдап көрейік (себебі, Құлайыс пайғамбар күйші болған, демек оның есімінің төңірегіндегі аңыз­әңгімеден саз өнерінің тағдырын тануға болады, алайда бұл басқа әңгіменің). Бұрынғы парсы (фарси), бүгінгі иран тілінде «құмыраның» мағынасы «шарап» сөзінен шығарылады. Осыдан біраз бұрын жазылған, қондыгер – қаңлы жайындағы мақаламызда «хаома» (адамды мас қылатын ішімдік атаулы) дегенді айтқанбыз. Осы «хаома» сөзі «хуома – хума – хум» фонетикалық құбылу тізбегінен өтіп «кум» сөзіне айналған. Сонымен парсы­иран тілінде шарап – «кум» деп аталады. Ал шарап сақтайтын қыш ыдыс тиісінше «кумра» (кум­ра) деп аталады. Тамаша версия. Бірақ бізді қанағаттандырмайды. Себебі, парсы­иранның «кумрасы» мен әуелі арғы түріктің, содан кейін қондыгер­қаңлының «құмырасы», әншейін фонетикалық тұрғыдан бір­біріне сәйкес келген түбір сөздер ғана. Екі түбір бір­біріне мүлдем жанаспайтын қайнарлардан пайда болған. Құм менен тас қазақ ұғымында ежелден жазудың, еске сақтаудың т.б. символы болып саналады. Енді осыны таратыңқырап айтайық. Әрине, бұл символдарды қазақ ойлап шығарған жоқ. Арғы бабаларымыз қондыгер­қаңлыдан, ал оларға ұлы арғы түрік жұртынан келген абзал ұғымдар. «Қорқыттың жеті кебі» деген аса көне аңызда Қорқыт бабамыздың бір кебі – тас. Қорқыт, дүниеге жеті түрлі болып келеді. Бір келгенінде, тас болып келеді. Қазақтың ру­тайпалары (немесе арыдағы қаңлы, арғы түрік) биік тастардың, биік құз бенен ұшырымдардың жанында тұрып анттасатын болған. Екі немесе бірнеше тайпа анттасып, серттесіп анда болғанда, өздерінің рулық, тайпалық таңбаларын тасқа қашайды. Себебі, Тас Қорқыт екі рудың антына куәгер. Немесе, бүгінгіше айтқанда, екі рудың н куә болып қол қояды. Құз­жартас жоқ жерде қазақтар жерден қолына ілінген тасты, тас болмаса бір уыс құм, яки топырақты алып, соны ұстап отырып анттасады. Қорқыт­тас, Қорқыт­құм менен топырақ. Тассыз, құмсыз, топырақсыз жер жоқ, яғни, қайда жүрсең де Қорқыт – көз алдыңда, Қорқытпен бірге, берген антың да – көз алдыңда, бүкіл дүние – ұятыңа тіл қатып тұрған белгі, бүкіл дүние – иман менен. Енді бір, бүгінгі ғылымның жетістігінен алынған мәлімет. Компьютердің информацияны есіне сақтайтын тетіктерінің барлығы құмнан жасалады. Неге? Себебі, құм – мәлімет сақтағыш зат. Мынадай бір мысал. Бұл шөл далада сансыз рет болған, және бұдан кейін де бола бермек құбылыс. Шағылдардың арасында шөлден өліп келе жатқан адам кенет жайқалған абат өңірді, сылдырап ағып жатқан бұлақ немесе өзен, шалқып жатқан көлді көреді. Екі өкпесін қолына ұстап жүгіріп барса… ештеңе жоқ. Сол баяғы аптап қуырған шөл дала. Керуен тартқан саудагерлер, далада қалған шопырлар сағым салған суреттің неше атасын көрген. Негізінен, жер бетінен баяғыда көшіп кеткен өркениеттердің көріністері, көне қалалар. Егерде адам сағымнан өз заманының суреттерін көрсе онда оны әлдебір атмосфералық құбылыстармен түсіндіруге болады. Алайда алдыңыздан, міне, 2013 жылы өмір сүріп отырған сіздің алдыңыдан баяғыда жойылған Отырар немесе Баласағұн немесе тұрған орнының қайда екенін ешкім білмейтін Баршынкент шықса… онда не істер едіңіз? Баяғыда жойылған, орны да жоқ қаланың сағым болып біздің бүгінгі заманымыздан қалқып шыққанын атмосфераның қандай құбылысымен түсіндірер едіңіз? Кибернетика ғалымдары жалтақтап отырып мынадай пікір айтады: құм, бұл дүниеде не оқиға болды, соның барлығын кванттық деңгейде «квантавая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осыкванттық деңгейде «квантавая память) «есіне» сақтайды. Шөл дала, белгілі бір жағдайда, әсіресе қатты ыстық болғанда, осы кванттық суреттерді сыртқа шығарады. Бүгінгі ғылым үшін жұмбақ құбылысты осылай ғана түсіндіруге болатын сияқты. Бір компьютерші айтып еді, компьютердегі чиптың бойындағы осы көне заманнан келе жатқан мәлімет кенеттен «іске қосылып», бүгінгі программамен қақтығысып қалады, сол кезде компьютер көпке дейін істен шығып «қалқып» қалады, көпке дейін қосылмай қояды деп. Топанға дейінгі өркениет, Дәстүрдің адамдары құмның осы түсініксіз қасиетін білген. Сол себепті алғашқы кітапты құмнан жасаған. Яғни, көне дүниеде, арабтың «китаб» сөзі әлі жоқ кезде жазба мұра атаулы «құм» немесе «құмыра» деп аталған. Бұл жерде «құмыраның» құрамындағы «ыр» қайдан келді десеңіз, оның жауабы баяғыда берілген. «Ыр» – бұл «йыртмақ», немесе қыпшақша «жыртпақ», «жырту» деген тұйық етістіктің қысқарған түрі. Көне адам қазіргі «жазу» деген сөздің орнына «жырту» (енді ғана кебе бастаған құм (қыш) тақтаның бетіне ойып, «жыртып», «жырып» әріптің суретін салу) сөзін пайдаланған. Кейіннен папирус пен теріге жазу қалыптасты. Шамасы, содан кейін де тас кітап пен қыш кітап, жаңа кітаппен қатар жасаған болуы керек. Соңыра, заманнан заман озғанда енді «құмыра» деп жазба мұраны сақтайтын, қыштан күйдіріп жасалған үлкен ыдыстарды атаған. Мысалы, Израильдегі Өлі теңіздің жанынан табылған «Құмыран жазбалары» – үлкен қыш құмыралардың ішіне салынған кітаптар. Бұлар бүгінгі текше кітаптар (кодекс) емес – баяғы шиыршық кітаптар (свиток). Енді, осының барлығын қорыта келгенде, Құмыра пайғамбар дегеніміз кім? Егерде кейіннен бір білімді дегдар келіп, Құмыра пайғамбардың кім болғанын қолмен қойғандай қылып айтып берсе – нұр үстіне нұр болар еді. Ал әзірге өзіміздің жорамалымызды ғана ортаға салайық. Құмыра пайғамбар, топанға дейінгі ұлы өркениеттің жазба мұрасының бүкіл тарихи тағдырын бойына жинақтаған жиынтық бейне. Бірақ өмірде болмаған адам. Мәселе, оның өмірде болған, болмағандығында емес. Мәселе, көне адамның осы Құмыра пайғамбар бейнесі арқылы сол даңқты заманның ең асқақ идеалдарын бізге, мына бүгінгі ұрпақтарына жеткізе білгендігінде. Енді Нүсіпбай ақсақал айтып берген Жүсіпбек қожаның «Құмыра пайғамбардың өлімі» атты дастанын қысқаша мазмұндап берейін. Ескерте кететін бір нәрсе: бұл дастан қазақтың үш жүзінде де айтылатын Құмыра пайғамбар жайлы әңгімелердің өлеңмен өрілген нұсқасы ғана. Сюжетінде, ел ішінен өзіміз естіген әңгімелерден ешқандай айырмасы жоқ себепті айтып отырмыз бұл сөзді. Ерте­ерте­ертеде он сегіз мың ғаламның білімін тауысқан Құмыра деген ғалым болыпты. Сол елдің патшасы ғалымды жанына алдырып уәзір етіпті. Сарайдағы басқа уәзірлер Құмыраның патшаға сыйлы болғанын көре алмайды екен, нешетүрлі қитұрқы арқылы патша мен екеуінің арасын ашпақ болған екен талай рет. Алайда, патша ақылды болыпты, уәзірлерінің әрекетін жазбай танып, Құмыраға қарсы жасалған лаңның барлығын тыйып тастап отырады екен. Күндердің күнінде кәрі патша өледі. Сонымен Құмыраның басына азапты күн туады. Жас патша ақымақ екен, уәзірлердің азғырғанына еріп, Құмыраны жанынан қудыртып, ол аз болса терең зындаға салып, аузын бекітіп, үстіне егін айдаңдар деп жарлық береді. Құмыра осылайша жер астында мың жыл отырыпты. Қолында бір дәрісі бар екен, бір иіскесе (басқа нұсқада бір жаласа) бір жыл тамақ ішпей отыра алады екен. Осылайша заманнан заман өтеді. Жер бетінде бұл кезде әлденеше ел, әлденеше патша әулеті ауысады. Содан соң халыққа сұмдық нәубет келеді. Елдің барлығы соқыр бола бастайды. Ең соңында, адамға күн бе, түн бе, бәрібір болыпты, әкесі баласын, баласы әкесін танымапты. Содан кейін, бұл аз болғандай, елдің барлығы саңырау болыпты, анасы өз ұлын, ұлы өз анасын, ағасы қарындасын, қарындасы ағасын көрмейтін, естімейтін болып, бүкіл қабила, айтуға адамның аузы бармайтын қиянаттар істеп, күнәға батыпты. Ел ішінде құдайына сыйынған бір пірадар бар екен, сол адам ғана бұл сұмдық сырқаттан аман қалыпты. Бір күні Жаратқан Ие сол пірадарға аян беріпті. Ей, пәленше, еліңнің осындайға ұшыраған себебін сен білмесең мен айтайын, ертеде, осыдан мың жыл бұрын осы патшалықта Құмыра деген адам жасаған. Ізгілігі, тазалығы, имандылығы сондай, атаусыз пайғамбар еді, он сегіз мың ғаламның тілін білсе де, ештеңе біломеймін, бәрін Құдай біледі деуші еді. Сол адамды ақымақ патшаларың зынданға тастап, көміп тастады. Сенің қабилаң ақылға келер деп мың жыл күттім. Ақылға келмедіңдер. Ақыры осындай қылдым. Енді мен өзім жіберген зауалдан құтылудың жолын айтайын. Пәлен­пәлен жерде, қырық құлаш зынданда Құмыра әлі тірі отыр. Соны шығарып алыңдар. Сонда мен қарғысымды қайырып алам депті. Пірадар сарайға барып, түк көрмей маңайын сипалап отырған патшаға (патша соқыр болса да құлағы естиді екен) болған жайды айтады. Осылайша Құмыра пайғамбар зынданнан шығыпты. Қолындағы дәрісін соңғы рет иіскеп тауысып, өлер шаққа келіп отыр екен. Құмыра келіп, қаланың ортасындағы майданға шығып жар салғанда Жаратқан Иенің әмірімен халықтың көзі ашылып, құлағы жарылыпты. Жұрт, патша бастатып Құмыраның аяғына жығылыпты. Содан соң, сол елдің басынан ешқашан бақ таймаған екен деп аяқтайды Жүсіпбек қожа.

 

Соңғы сөз

Байырғы заман шығармаларын зерделеуге бүгінгі әдеби талдау принциптері жетімсіз. Көне дүниенің символдық шығармаларын сол символдық принципте талдау керек. Байырғы аңыз­жырлардағы Құмыра пайғамбар, топанға дейінгі бүкіл адамзаттың ой­өресінің, жазба мұрасының, жалпы мәдениетінің символы дедік. Құмыра пайғамбармен тату болған, оны құрметтеген, жанында ақылшы қылып ұстаған кәрі патша – топанға дейінгі қоғамның символы. Ал кәрі патшаның орнын басқан, Құмыраны зынданға тастатқан, оның атын ұмыттырып, өшіруге тырысқан жас патша – топаннан кейін орнаған, байырғы адамшылықтан, байырғы имани қоғамның қағидаларынан бас тартқан, бұрынғы ескі сара жолдан бөлекше басқа бір жол ашып, сонымен жүрмек болған ақымақ қоғам. Бүкіл елдің, арада мың жыл өткенде тұтастай соқыр, саңырауға айналуы, байырғы дүние салған Дәстүрлі жолдан айныған жұрттың неге ұрынатындығының көрінісі. Ал Құмыра пайғамбардың жер бетіне шығуы және халықтың соқыр­мылқау күйінен арылуы – азған адамзат бұрынғы ескі жолға, Дәстүрге қайтып келе ме деген үміттің символы. Жүсіпбек қожа, топанға дейінгі Алтын Ғасырдың иманды тарихына, топаннан кейінгі Темір ғасырдың ғапыл тарихына куә болған Құмыра пайғамбар жайлы аңыз­әңгімелердің қорытып, бір дастанның ішіне осылай сиғызған екен. Топаннан кейін орнаған қоғамға, адамзаттың ондаған мың жылдық мәдени тәжірибесін бойына жинақтаған, Құмыра пайғамбар деп аталатын Кітап­Адамның керегі болмапты. Керегі болмай қалыпты. Карл Ясперс айтқан «кіндік өркениеттер» бізді сыртқа теуіпті. Әрине, әуелі арғы бабаларымыз түріктер, одан кейін бергі бабаларымыз қондыгер­қаңлылар әрекетсіз қалмаған, екі қолын бос тастап қарап отырмаған. Оңтүстік тарапты, «кіндік өркениеттерді» әлденеше рет жаулапты, бағындырыпты. Бірақ топанға дейінгі дүниенің заңдарына нандыра алмапты. Қондыгер ерлікке толы жүрегімен соғысса, «кіндік өркениеттер» ешқашан тозбайтын, шаршамайтын қару – Ақшамен соғысты. Ақырында қондыгердің семсері майрылды. Әлем ақшаның билігіне көшті. «Кітап­Адамдардың» бұдан кейінгі тағдыры жайында бірер ауыз сөз. Топанға дейінгі дүниеде жазба әдебиет, ауызекі әдебиет, жазба мәдениет, ауызекі мәдениет деген болмаған. Бұл терминдерді, біреуді жоғары, біреуді төмен қойып жаман дәндеген батыс және орыс ғылымы ойлап шығарған. Мәдениетті бұлай бөлу, кәдімгі нәсілшілдіктің ғылымда көрініс тапқан формасы. Көне дүние адамдарының, бүкіл жазба мұраны жаттап, есіне сақтауы, бұл, топанның алдында ғана басталған үрдіс емес. Бұл амал, яғни мәдениеттің ауызша және тас, қыш, қағаз кітапқа таңбаланып жазбаша сақталуы – мәңгі жайт. Белгілі ғалым Ролан Барттың «Хатсыз мәдениет болмайды» («Бесписьменных культур не бывает») деген сөзі бар. Көне дүниеде мынау жазба мәдениет, яғни, жақсы мәдениет, мынау ауызекі мәдениет, яғни, жаман мәдениет деп бөлмеген. Информацияны сақтаудың екі формасы қатар жүрген. Ал қандай да болмасын өркениеттің күйреуінің қарсаңында Дәстүрдің эвакуациясы, Дәстүрді көшіру басталғанда, қағазға жазып қалдырғаннан гөрі еске сақтау әлдеқайда сенімді амал екені белгілі болады. Иммануил Великовский және тағы басқа көне дүниені зерттеуші ғалымдардың пікірінше жер бетінде арасы пәленбайболады. Иммануил Великовский және тағы басқа көне дүниені зерттеуші ғалымдардың пікірінше жер бетінде арасы пәленбай мың жыл болып келетін пәленбай планетарлық апат болыпты. Адамзат пәленбай рет жойылып, пәленбай рет қайта жаратылыпты. Осы, әлсін­әлсін өркениетті, тіршілік атаулыны жалмап кетіп отыратын апаттардан, адамзат, ешқашан ескірмейтін, мән­мағынасы ешқашан жойылмайтын бір ғана ұлағат алып шығыпты. Ол ұлағат, «Дүние – жалған, онда мәңгі ештеңе жоқ. Өмірдің, тіршіліктің тағдыры қашанда қыл үстінде тұрады. Болмыс кез­келген сәтте жойылуы мүмкін» деген екі­ үш­ақ ауыз сөзден тұрар еді. Сол себепті көне дүниенің адамы, қашан да болсын қамданып, өзінің жеткен өркени, мәдени жетістіктерін қағазға да таңбалаған, және ең сенімді қойма – өзінің санасына да сақтаған. Содан кейін ғасырдан ғасыр озып, батыс жұртының үстемдігі басталды. Ориентализм (шығыстану), фольклористика деген ілім­ғылымдар пайда болды. Дамудың сатысы деген ұғымдар келді. Тарихи тағдырдың, тұрмыс қалпының әсерінен төл мәдениетін өз санасына сақтаған халықтар «ауызекі мәдениеттегі халықтар» (бұның астарында «дамуын енді ғана бастаған, махлұқаттық тіршіліктен адамдық өмірге енді ғана өткен» деген жасырын пікір тұр) деп атанып, аталмыш мархаматты «дамудың сатысының» ең төменгі тепкішегіне қойылды. (Бұл «сатыдан» мүлдем алып тастаса, бұл «сатыға» мүлдем жолатпай қойса қайтер едіңіз. Осыған да шүкір дейік). Бұл күнде ауызекі мәдениеттің екінші қатардағы, екінші сортты (қазақшасы – екінші сұрып) мәдениет екені қалыптасқан, дау тудырмайтын пікір. Біздің ойымызша, фольклористика я басқа ғылым, қандай да болмасын мәдениетке баға бергенде оның сақталу формасына (ауызша немесе жазбаша) емес, ең әуелі сапасына, ойының өресіне назар аударуы керек. Оның сыртында әлемдік ғылым топанға дейінгі өркениетті мойындап, зерттеудің бағытын, мән­мағынасын, мұратын өзгертуі керек. Солай болғанда ғана бүгінде ғылым үшін шешуін таптырмайтын жұмбақ болып отырған көптеген жайттардың шын сыры ашылмақ. Құмыра пайғамбар әлі тірі деп, ақымақ жас патша әлі ақылға келеді деп сенейік.

“Алматы ақшам” газеті

Пікірлер