Уағызында "пара беруге болады" деп алып, кейін сөзін түзеген имам сын астында қалды

3355
Adyrna.kz Telegram

Діни оқытушы Қабылбек Әліпбайұлының пара беру туралы алты жыл бұрын айтқан уағызы желіде қызу талқыға түсті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Видеоны Facebook желісінде Наука Мукаш есімді қолданушы жүктеді.

Имамның айтуынша, шариғат бойынша пара беруге болатын бір ғана орын бар.

"Өзіңнің адал еңбегіңмен, оқыған мамандығың бойынша жұмыс істеп жатсың. Бірақ басшың келіп пара сұрап, бермесең сенің орныңа басқа біреуді аламын десе, бала-шағаңды бағу үшін сол адамға пара беруіңе рұқсат" деді ол.

Деректерге сүйенсек, видеодағы уағыз осыдан алты жыл бұрын Youtube желісіне жүктелген екен.

Алайда кейін Қабылбек Әліпбайұлы бұдан өзге уағыздарында "пара беру қандай мақсатта болмасын дұрыс емес" деп сөзін түзеген. Соған қарамастан қоғам назарына оның алты жыл бұрынғы видеосы айрықша ілігіп, сынға ұшырап жатыр.

Желі қолданушылары таралған видеоға "жемқорлыққа шақырып отырған бұл кісіге жаза керек", "негізі шариғатқа қайшы нәрсе, бұл кісі не айтып отыр", "Күлеміз бе, жылаймыз ба? Өтірікті шындай, шынды дыңдай қылды деген осы - ау!" деп жазысты.

Пікірлер