Мұхамедиұлынан қанша көлемде өтемақы өндірілетіні айтылды

3874
Adyrna.kz Telegram

Экс-мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласы №2 Байқоңыр аудандық сотының судьясы бұл іс бойынша сотталғандардан қанша көлемде өтемақы өндірілетінін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мәдениет және спорт министрлігінің материалдық залалды өндіріп алу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылсын. Мемлекет пайдасына Мұхамедиұлы, Нұразхан, Көшенов және Сәдуақасовадан 43 миллион 829 мың 114 теңге мөлшерінде материалдық залал сомасы бірлесіп өндірілсін»,—деді судья.

Оларға үкімді ерікті түрде орындау үшін бір ай берілді.

Бағлан Ыдырысовтың айтуынша, Арыстанбек Мұхамедиұлы тергеу сатысында 111 миллион теңгеден астам шығынды ішінара өтеген.

Еске сала кетейік, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы өткен жылы 28 мамырда қамауға алынған еді. Антикор музей басшысына «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу барысында қаржы жымқырды деген айып тақты. Оның соты сәуір айында басталды. Бұған дейін прокурор Мұхамедиұлына 9 жыл түрме жазасын беруді сұрады.

Бұл іс бойынша басқа айыпталушылар Алмаз Нұразханов, Азамат Көшенов және Айым Сәдуақасова 7 жыл түрме жазасын алды. Олар өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыса алмайды.

Пікірлер