Қазақстанның көрші елдермен шекарасында ұзын-cонар көлік кептелісі байқалады. ҰҚК не дейді?

2702
Adyrna.kz Telegram
Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанға жалғасқан мемлекеттік шекараның бірнеше өткізу пункттерінде көлік кептелісі болып жатыр.  Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан шекарасында көліктерінің жиналу себебін түсіндірді, деп хабарлайды  "Адырна" ұлттық порталы.

Қазақстан-ресей шекарасының ("Қайрақ" (ҚР) – "Бугристое" (РФ), "Сырым" (ҚР) – "Маштаково" (РФ) өткізу пункттері), қазақ-қырғыз шекарасының ("Қарасу" (ҚР) – "Ақ-Тілек" (Қырғыз Республикасы) өткізу пункттері) және қазақ-өзбек шекарасының ("Жібек жолы" (ҚР) – "Гишт-Куприк" (ӨзР), "Қазығұрт" (ҚР) – "Ташкент" (ӨзР), "Атамекен" (ҚР) – "Гулистан" (ӨзР) өткізу пункттері) жекелеген бағыттарында адамдар мен көлік құралдарының кептелісі болып жатыр.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұның бірнеше себебін атады. Олардың ішінде бұл бағыттардағы өткізу пункттерінің кейбірінде ішінара жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, маусымдық көкөніс өнімдерін тасымалдауға байланысты шығарылатын жүк тасымалының артуы, көлік тасымалдау ұйымдарының транзиттік әлеуетін жоғарылатуы, туристік кезеңдегі жолаушылар легінің көбеюі сынды себептер бар.

Комитет қазақстандық өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.

"Шекарадан өтетін көлік құралдарын қарау мен адамдардың құжаттарын тексеруде қазіргі заманғы және автоматтандырылған жүйелерді қолдану арқылы адамдар мен көліктер кептелісін азайту бойынша шаралар қабылдануда", - деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер