Арыстанбек Мұхамедиұлы: Ату жазасына да келісемін

3501
Adyrna.kz Telegram

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің экс-басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы Астана сотында соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бір жылдан астам қазақстандықтар және әлем «Алтын адам» көрмесіне қатысты қылмыстық істің барысын бақылап келеді. Биыл 17 сәуірде соттың алғашқы отырысында мен Мемлекет басшысының жарлығын орындау үшін Үндістаннан «Алтын адамды» елге аман-сау алып келгенімді айттым. Елшілік, басқа да құзырлы органдардың көмегімен локдаунның дәл алдында құнды дүниені Қазақстанға жеткіздік. Мен заң бұзған жоқпын және кінәмді толық мойындамаймын. Оны бұған дейін де айтқанмын. Сөзімнің дәлелі - айыптау актісінің жаңа тұжырымы, онда прокурор қаржы жымқыру, сөз байласу және ел заңын бұзу деректерін келтірген жоқ. Барлық шақырылған куәгер ұрлық деректерінің, тіпті айыпталушы тарапынан заңсыз әрекеттер болмағанын қайталады»,—деді сотталушы.

Арыстанбек Мұхамедиұлы бюджет қаражатын жымқыру деген айыппен мүлдем келіспейтінін жеткізді.

«Құрметті судья, мен кез келген жазаға келісемін, тіпті ату жазасы болсын.. Бірақ жымқырды дегенге емес. Қазақтың «Өлімнен ұят күшті» деген мақалы бар. Мен алпыс жыл лайықты өмір сүрдім»,—деді ол.

Еске салайық, 2022 жылдың 29 мамырында Арыстанбек Мұхамедиұлы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікпен қамауға алынды.

Антикор ұлттық музейдің бұрынғы басшысына «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында 146 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқырды деген айып тақты.

Пікірлер