Кәмелетке толмаған балаларды сабаған молда жұмыстан босатылды

2601
Adyrna.kz Telegram
Фото: видеодан алынды
Фото: видеодан алынды

Әлеуметтік желіде мектеп жасындағы кішкентай екі баланың дене жарақатын алған видеосы тарады.  Видеода балаларды медреседе хадистерді жаттамағаны үшін ұрғандығы айтылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның анық-қанығына көз жеткізді. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары ағалы-інілі бауырларды «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровқа үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді.

Өкінішке қарай, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған.

Біріншіден, бұл оқиға медреседе болмаған. Екіншіден, «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып алдын-ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз, -делінген мәлімдемеде.

Мәлімет бойынша, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкерлеріне шара қолданды. Бүгін, 2023 жылдың 15 маусымында Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды.

Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысуда, делінген Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы берген хабарламада.

Пікірлер