Батпаққа батқан БҚО спорты

4262
Adyrna.kz Telegram

Оралбек Қожагелдин, Асқар Шайхиев, Қоныс Жетпісов, Ерболат Байбатыров-тай балуандары мен Данияр Елеусінов, Дәурен Елеусіновтей боксшылары Батыс Қазақстан өңірінің ғана емес, күллі Қазақ Елінің мақтаныштары еді. Еді деп өткен шақпен еске алып отырғанымыз бүгінгі Орал спортының жағдайына қарап қарныңның ашқанына емес, қадіріңнің қашқанына жылайды екенсің.

Жақында ғана ұлттық спорт түрлерінен Қызылордада жастар арасында ел чемпионаты мәреге жетті. Батыс Қазақстан облысы осы байрақты бәсекеде командалық есепте сегізінші орынға ілінді. Ілінгеніне тәубә деуге болады. Аты айтып тұрғандай ұлттық спорт болғандықтан бұнда салмақ пен күш атқа түседі. Ал, батыстық спортшылар осы жарысқа 21 адам 7 атпен барған. 3 адам бір атқа мінгескен соң жағдай белгілі ғой. Көкпардан Маңғыстаудан 12:0 есебімен ойсырай ұтылса, Қызылорда құрамасынан 12:3 есебімен тас-талқан болды.

Негізі, Оралдағы ат спорты мектебінде 38 ат пен аттарды тиеп апаратын КАМАЗ көлігі де бар. Бірақ, ақша үнемдеу мақсатымен (!) 7 ғана ат апарып, қалған аттарды Қызылордадан жалға алыпты.  Жүген ұстаған шабандоздар жарысқа дайындалудың орнына ауыл-ауылдан ат іздеген!

Жамбы атудан іріктеуден де өтпей қалған.

Бұрыннан құрыш білекті балуандардың мекені саналатын Батыс Қазақстан дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Атыраудағы ел біріншілігінде  15 команданың ішінен 15 орын алды.

Жақында ғана Шымкент қаласында өткен күрес түрлерінен өткен ел чемпионатында Батыс Қазақстан облысы тағы көш соңынан көрінді.

Негізінде, былтыр Маңғыстауда өткен ҚР Президенті Н. Назарбаевтың жүлдесіне арналған VI Халық спорты ойындарынан нәтиже шығару керек еді. Сол кезде БҚО 17 облыс пен қалалардың ішінен 17 орын алған болатын.

Биылғы күрес түрлері Спартакиадасында да соңғы өздерінің «меншіктеп» алған орындарында келе жатыр.

«Ақжайық» футбол клубы жайлы жазатын болсақ жанкүйерлері жылағанды қойып, жоқтау айтуға бар. Былтыр ел чемпиондары «Астананы» Ақсайда 3:0-мен тізерлетіп, «Ертіс» пен «Қайратты» ұпайсыз қалдырған аяқдопшылар Жайық жағасын тік тұрғызып еді. Басшылықпен келіспеген украиналық бапкер Владимир Мазяр маусым ортасы болмай орнынан кетті. «Ақжайық» та өзінің таз қалпына түсіп, Премьер-Лигадан ұшып кеткен болатын.

Кезінде, кезінде болғанда осыдан 10 жыл бұрын БҚО спорты түлеп сала берді. Самбодан Әлем Кубогы да Ақжайық жағасында өткенін көзі қарақты спорт жанкүйерлері жақсы біледі. Батыс спортының күре тамырына қан жүгірткен Мүсілім Оңдағанов болатын.

Бәрі де басшыға байланысты екенін қазіргі менеджерлік-ұйымдастырушылық жүйеге көшкен спорт саласы дәлелдеп отыр.

Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметіне Аманбаева Әсия Рахымқызы келгеніне биыл екі жыл толды. Осы екі жылдың ішінде білікті бапкерлердің көбі «өз еркімен» қызметтен кетті. Дұрысы, кетірді. Кадрлардың қадіріне жетпеген басшының кесірінен көптеген білікті мамандар басқа жерге қызметке ауысса, біраз спортшылар өзге аймақтың атынан сынға түсіп жүр.

БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы Аманбаева Әсия Рахымқызының қолынан "оққа" ұшқандар:

  1. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Динара Есенғалиева
  2. БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бас бухгалтері Нұрболат Қылышев
  3. Бас маман бухгалтер экономист Сәуле Батырғалиева
  4. Спорт бойынша бас маман Жайсаң Ғұбайдуллин
  5. Ақжайық футбол клубының директоры Азат Қазиханов
  6. Бокс мектебінің директоры Нұржан Кәрімжанов
  7. Олимпиада резервін даярлау орталығының директоры Галиб Джафаров
  8. Спорт-интернат директоры Қанат Жаңғалиев
  9. Ат спорты мектебінің директоры Дастан Мырзағалиев
  10. Бокс спорт мектебі директорының орынбасары Лилия Құрманова
  11. Мүгедектер спорт клубы директорының орынбасары Дәурен Қабдолов
  12. Авиация спорт мектебінің директоры Ерген Орынбасаров

«Ақжайық» футбол клубына директор болып Азат Қазихановтың орнына келген Нұртаза Әбілхановты да осы тізімге қосуға болады. Мұз спорт сарайының директоры Есқабыл Жалмұрзиевті денсаулығына байланысты ем қабылдап жүрген кезінде  жұмыстан шығарып, арты дауға айналып, заң орындарына жүгінген Жалмұрзиев қайтадан жұмысына оралды. Жоғарыдағы азаматтар да  қазақшылыққа салынбай заң орындарына арызданса қызметтерінде қалатын еді.

Жалпы, Батыс Қазақстан облысы спортының соңғы кездегі «жетістіктеріне» өңір спортының ардагерлері мен жанкүйерлері де алаңдаулы. Спорт – ол облыстың экономикалық және әлеуетінің айнасы екенін ескерсек, Орал спортының айнасының шаңын сүртетін басшы кәнекей? Қазақ "әйел бастаған көш оңбас" дейді. Спорт ер-азаматтың қызметі. Осы саланы дөңгелентіп әкететін айбынды азамат, жігерлі жігіттер Жайықтың жағасында да жетіп артылады.

Еркін Оразбаев

Пікірлер