«Әуелде жұбайыма арнап жасадым».Transcribe.kz – қазақ үнін мәтінге түсіретін қосымша

3086
Adyrna.kz Telegram

Журналистердің жұмысы жеңілдеді. Қазақ тіліндегі видео мен аудионы мәтінге айналдыратын Transcribe.kz қосымшасы пайда болды. Ақпарат таратушы мамандардың уақытын үнемдеп, осындай жобаны іске асырған кәсіби подкастер, ІТ маманы - Елдар Құдайбергенов. «Адырна» ұлттық порталы стартапермен сұхбаттасып, қосымшаның қыр-сыры туралы сұрады.

«ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ»

- Елдар мырза, Transcribe.kz жобасын жасау идеясы қайдан келді? Оны жасауға не себеп болды?

- Бұл жобаны жасау идеясы аяқ астынан туындаған жоқ. Бірнеше этаптардан тұрды. Ең алдымен, менің жұбайым – журналист, газетте жұмыс істеген. Қазір сайтта қызмет етеді. Есімі – Роза Әрен. Мен оның жиі аудиомен сұхбат алып, соны мәтінге айналдырып жүргенін көретінмін. Өзім бағдарламашы болған соң оны автоматтандыру жолдарын біліп, бұл жобаны әуелде жұбайыма арнап жасадым. Бірақ ол кездегі нәтижелер онша ұнамады. Кейін біз мұны сата алмайтынымызды түсіндік.

Мен жарты жыл бұрын Аstana Hub-та өткен Tech Orda деген бағдарлама бойынша оқуға түстім. Фронтенд деген мамандықты алты ай бойы меңгердім. Сол жерде жобалар жасадық. Біріншіжобам сәтті болмады, екінші жобам осы болды. Осыдан 2-3 ай бұрын продюсерлік орталығымдабір клиентім, яғни журналисттің әңгімесін тыңдадым. Ол кісі «бірінші сұхбат алып, оны қағазға түсіремін, содан кейін барып компьютерге теремін, одан кейін редактурасына кірісемін» деді. Мен үшін сол кездегі сәт өте қызық болды. Өйткені, анау адам қаншалықты қиналып,қаншалықты бұл нәрсенің оңай еместігін көрсетті. Сол кезде мен бұл проблеманың шешімі бар екенін түсіндім.

Мәселенің шешімін іздестіріп, қарастырып, тапқан нәтижелерімді бірінші сол кісімен және әйеліммен бөлістім. Бастапқыда нәтижелер бірден ұнаған жоқ. Содан кейін осы құралды жасадым. Міне, идеясы осылай туындады. Автоматты түрде аудио немесе видеоны мәтінге айналдыратын қызметтерді неге қазақшаламасқа деген идея осылай келді.

- Жобаның жасалғанына қанша уақыт болды? Осы уақыт аралығында қолданушылар саны қаншаға жетті?

- Бұл жобаның идеясының келгеніне 2-3 айдай болып қалды. Бірінші ақылы түрде қолданған тұтынушы 2023 жылдың 17 мамырында келді. Осы ақпаратты жариялап, салғаннан кейін жарты сағаттан соң маған адамдар келе бастады. Содан бері қырықтан астам адам қолданып үлгерді. Бірталай адам қайтадан қолдану үстінде. Мен оларды санап отырған жоқпын. Көбіне адамдарға нәтижелері ұнауда.

«Ұнамады, көмектеспеді» деген қолданушылар дабар. Ол жердегі ерекшелік: ол кісілер жіберген аудионың сапасы қиындау болғандығында. Сондықтан құрылғыда аудионың ішіндегі сөздерді тану деңгейі төмендейді. Жіберілген аудиолар екі-үш тілде болуы мүмкін. Мәселен, қазақша-орысшаараласқан немесе басқа тілдер қосылса, ондай сөздерді құрылға танымауы мүмкін. Одан бөлек шу, жаңғырық та сапасын түсіреді. Сол жағынан алып қарағанда кейбір адамдардың көңілінен шықпайды. Бұл жерде сапалы нәтиже алу үшін сіздің беріп отырған аудиоңыздын да сапасы жақсы болу керек. Қазір мен қолданушыларға осыны түсіндіруге тырысып жатырмын.

- Жобаның беретін мүмкіндіктері қандай?

- Бұл жобаның идеясы өте қарапайым. Қазақ тіліндегі аудио немесе видеоны салып, соның мәтінін аласың. Әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, бұл бірталай мүмкіндік береді. Журналистердің психологиялық жағдайын жақсартады. Бұрын қиналып жасаған жұмыс қазір жеңілдей түседі.  Сен сұхбат алған соң, оны мәтінге түсіру керек деп қиналмайсың. 90-95 пайыздәлдікпен жасалған мәтінді аудиомен бірге қарап отырып, тазалап өте бересің. Жұмыс өнімділігін арттырады. Бұл білімге деген ақпараттың таралуына ықпал етеді.

Көп адамдар аудио немесе видео тыңдай бермейді. Кейбір кісілерге мәтін керек, субтитр шығару керек. Өйткені, ол кісілер дұрыс естімеуі немесе мүлде естімеуі мүмкін. Көрмейтін адамдардың саусақпен оқитын тіліне ауыстыруға да болады. Сонымен қатар, адамдар көбірек жұмыс істей алады, жұмысы жеңілдейді. Бұл құрылғыредакциялардың жұмысына инновация болып тұр. Уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Есесіне, аудионы мәтінге айналдыратын адамға басқа жұмыс бере аласыз. Тіпті, кейбір адамдар аудионы мәтіндеу үшін қағаз қолданады. Қосымшаны пайдалану арқылы қағазды да үнемдеуге болады.

«АҚЫЛЫ ҚЫЗМЕТ – ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ»

- Қосымшаны пайдалану үшін ақы төленеді. Яғни, 1 минуттық аудионың бағасы 33 теңге екен. Неліктен ақылы?

- Мұндай сайтты жасау бірталай қаражатты талап етеді. Қаражат болмаса жұмыс тоқтайды және бұл құрылғы дамымайды. Бұл – бір. Екіншіден, бұлқызметті ары қарай шыңдау керек, оған да қаражат керек. Бұл тек қана програмистердің жұмысы емес. Бұл зерттеулер қазақ тілінің тануын жақсартуға көп септігін тигізеді. Осы жұмыстар да қаржыны талап етеді.

Одан бөлек, бұл жерде бизнес операциялар да бар. Яғни, маркетинг, сату, әкімшілік, жұмысшыларға ақысын төлеу дегендер бар. Сол үшін бұл қосымша ақылы.

Ақылы қызмет – тұрақтылықтың белгісі. Егер адамдар ақысын төлесе, демек, ол құралдың пайдасы тиіп жатыр деген сөз. Қолданғаны үшін ғана төлемейді, бұл қызметтің дамуына инвестиция құйып жатыр деуге болады.

- Алда Transcribe.kz жобасында қандай өзгерістер болмақ? Болжам-жоспарыңызды айта кетсеңіз?

- Бізде алда көп жоспар бар. Барлығы дұрыс болып жатса, үлкен әлемдік деңгейдегі стартапқа айналады. Осы мақсаттарға жеткізу үшін мен қазір шетелдік академияда оқуымды бастап кеттім.Функционал жағынан бізде тек қазақ тілінде емес, басқа тілдерде де транскрипция жасайтын қызметтер жоқ. Бірақ, қолданушыларға өте ыңғайлы әрі пайдалы нәрселер ойлап тауып қойдық. Оларды жасап іске асырған кезде, көрсетеміз.

Transcribe.kz деген атау ұзақ. Мен қазір басқа атау ойлап тауып қойдым. Әлемдік деңгейге шығады дегенде, бұның атауы интернеттегі адресі өте қысқа, түсінікті, ыңғайлы болуы керек. Алайда, нақты идеялармен бөлісі алмаймын. Өйткені, оны алдымен жасау керек, адамдар көруі керек.

«ҚАЗАҚ ТІЛІ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ТІЛГЕ АЙНАЛЫП КЕЛЕДІ»

- Жоба мемлекет тарапынан немесе демеушілерден қолдау тауып жатыр ма?

- Әзірге бірінші қадамды енді бастадық. Сондықтанбізді мемлекет байқап жатыр деп ойламаймын. Демеушілерге де мен әлі бармадым, айтпадым. Бизнесте түсінгенім, егер ыңғайы келсе, бәрі жақсы болса бір тал үлкен клиентке қарағанда, сенің кішкентай көп клиентің болғаны дұрысырақ сияқты. Бір тал спонсорға қарағанда кіші-кіші серіктестер, мекемелер, редакциялар болса сол әлде қайда дұрысырақ деп ойлаймын. Мен әлі стартап академиясында оқимын, соны бітіргенше бірталай нәрсе түсінікті болады. Біз монетизация моделін деөзгертуіміз мүмкін. Жалпы егер ұсыныс болып жатырса, ол ұсыныстарды талқылауға, сұхбаттасып сөйлесуге дайынбыз.

- ІТ маманы ретінде болашақта қазақ тілін дамытуға арналған осындай жобалар жасау ойда бар ма?

- ІТ маманы ретінде бұл менің алғашқы жұмысымемес. Бұған дейін де менің бірталай жобаларым болған. Соңғы біреуі подкастқа қатысты. Ол жерде қазақстандық подкасттар жиналған және автоматты түрде жаңа эпизодттар жиналып тұрады.

Жарыққа шығуы керек қаншама идеялар бар. Компьютерде ғана сақталып қалған, дамымай қалған немесе дамып барып қыршынан қиылып үзілген жобалар көп.

Қазақ тілі басқа әлемдік тілдер сияқты технологиялық тілге айналып келеді. Болашақта бір тіл мынандай, бір тіл анандай деп бөлудің де қажеті болмайды. Қазақ тілі әзірге шетте қалған тіл деп айта алмаймыз. Ол өте дамыған тіл, технологияларды  да біз қазақ тілімен ұштастырып жатырмыз. Аудионы, видеоны мәтінге айналдырсақ болашақта мәтінді аудиоға неге айналдырмасқа?!

Алиса, Сири сынды құрылғыларды неге қазақша сөйлетпеске?! Мұның барлығын жасай беруге болады. Дегенмен, талап ететіні уақыт және қаражат. Қаражат болса уақыт та болады. Қаражаттан кейін реализация деген бар. Идея тегін. Егер маған сіз келетін болсаңыз, мен сізге бірден стартаптың 10 идеясын бере аламын. Алайда, ең қызығы сол идеяны іске асыру. Қалай іске асырады? Кімнің пайдасы жоғары болады? Кімнің идеяны іске асыруы ыңғайлы бола алады? Барлығы осыған байланысты.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер