Алтай Көлгінов Премьер-Министрдің орынбасары қызметінен босатылды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Алтай Сейдірұлы Көлгінов Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары лауазымынан босатылды»,—делінген хабарламада.
Айта кетейік, ол бұл қызметке 2022 жылдың желтоқсанында тағайындалған еді.
Бұған дейін Көлгінов Астана әкімі болып тұрғанда қаланың су мәселесін шешу үшін біраз жұмыс жасағанын алға тартып, өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды.
«Астанадағы кейбір жерлерде су тапшылығы бар. Мен тұратын тұрғын үйде су бар. Алматы ауданындағы көпқабатты үйде тұрамын»,—деді ол.
Ал күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің су тапшылығы жағдайы туралы есебін тыңдап, мәселені жедел шешуді тапсырды.
Алтай Сейдірұлы 1978 жылы дүниеге келген. Ол А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Абердин университетін бітірген. Мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі, халықаралық коммерциялық құқық магистрі.
2000 жылы Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде қызмет еткен.
2001-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігі және Бас прокуратура органдарында әр түрлі лауазымда қызмет атқарады.
2008-2010 жылдары - «АлашМедиаГрупп» ЖШС бас директорының орынбасары.
2010-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аймақтық-ұйымдастыру және мемлекеттік бақылау жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарды.
2012-2013 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
2013-2016 жылдары Орал қаласының әкімі қызметінде болды.
2016 жылдың 26 наурызынан Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарды.
2019-2022 жылдары Астана қаласының әкімі қызметін атқарды.