Ұлытау облысында "Ұлытау үні" фестивалі шымылдығын түрді

2437
Adyrna.kz Telegram

Ұлытау өңірінің Қарағанды облысынан енші алып, жеке дара облыс болып құрылғанына 1 жыл толып отыр.

Сарыарқаның орталығы, қазақ халқының ұлт болып ұйысуы жолында дербес мемлекет ретінде қалыптасуы мен кемелденуі жолында айрықша мән-маңызға ие Ұлытаудың тарихы тым терең және қадір-қасиеті зор.

Жаңа облыс өзінің құрылғанына бір жыл толу тойын дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында атап өтуде. «Ұлытау үні» фестивалі – талай дүлділдің бағын ашып, жұлдызын жаққан өнер бәйгесі ретінде көпке танымал. Бүгін ХХХІ-ші рет жалауын көтерген өнер думаны салтанатты түрде ашылды.

Фестиваль бағдарламасы аясында аты аңызға айналған бард әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қорабай Есеновтің ән кешін, ақын Бағдат Байжантаевтың жыр кешін өткізу жоспарланған.

Сондай-ақ, Ақан Серінің 180 жылдығына арналған республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауы, Құрманғазының 205 жылдығына арналған күйшілер байқауы, халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 180 жыл толуына арналған Республикалық ақындар айтысы өтпек. Шынболат Ділдебаев атындағы термешілер байқауы да фестиваль бағдарламасының басты шарасы.

Фестиваль былтырдан бері республикалық деңгейде ұйымдастырылып келеді. Өнер мерекесіне Қазақстанның барлық түпкір-түпкірінен 150-ден астам өнерпаз бен қонақ жиналған. Айта кетейік, фестиваль 7-9 маусым аралығында өтеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер