АСХАТ ҚАСЕНҒАЛИ: Қытай Шығыс Түркістанда су бөгеттерін салуда. Бұл біздің аумағымыздағы Іле пен Ертістің су деңгейін түсіруде.

2417
Adyrna.kz Telegram
Астананың кей ауданында су жетіспеушілігі бар дейді таныстарымыз. Негізі су мәселесі біздің еліміз үшін алдағы таңда өте өзекті, басты мәселе болады. Еліміздегі Іле, Ертіс, Сырдария, Шу, Талас, Жайық және басқа ірі өзендердің барлығы дерлік бастауын басқа елден алады.
Мемлекетке тұтас су саясатын қайта қарау керек. Суды үнемдеуге қатысты тың шаралар қажет. Балаларды суды үнемдеу мәдениетіне балабақша/мектептен үйрету керек. Ауыл шаруашылығында тамшылату сынды суды аз қажет ететін технологияларды енгізуде мемлекет шаруаларға қолдау көрсетуі маңызды. Су сақтау қоймаларының санын арттыру, қыстағы қар суын жүйелі жинау әрекеттері іске асуы тиіс. Бұл іске асуға тиіс шаралардың бір сыпырасы ғана.
Өткенде Иран мен тәлібтер Гильменд өзені үшін атысып-шабысты. Тәлібтер су қоймасын салып жатыр, ол Ирандағы су тапшылығын арттырады. Демек болашақта қақтығыс жаңа қарқынмен жандануы мүмкін.
Ал бізде ше? Тәжікстан да су қоймаларын салуда. Ол Орталық Азиядағы су мәселесін күрделендіреді. Қытай Шығыс Түркістанда су бөгеттерін салуда. Бұл біздің аумағымыздағы Іле пен Ертістің су деңгейін түсіруде. Дәл осындай көрініс оңтүстікте де, батыста да бар. Алдыңғы онжылдықта су үшін көршілес елдермен күрделі келіссөздер өтеді деген сөз.
Еуропа халқы пайдаланған суын бірнеше мәрте қолданады дегенді естіп өстік қой. Арасында күлдік те. Сондай кезеңге өзіміз де ақырындап жақындап қалғандаймыз ба, қалай?..Адамзат қазір мұнай/газ үшін қырқысса, алда су үшін соғысады. Көріністері қазірдің өзінде бар.
Пікірлер