«Болмаған балалық шақтың» болмысы қалай ашылды?

2600
Adyrna.kz Telegram

Биыл наурызда Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында премьерасы болған «Болмаған балалық шақ» қойылымы аз уақыттың ішінде өз көрерменін таба білді. Фархат Молдағалидің режиссерлігімен сахналанған спектакль Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» повесінің желісінде жасалған.

Көрерменге ой салар қойылымның актерлік құрамына тәжірибелі әртістер жинақталған. Басты кейіпкер Ақоштың рөлін – Жақсылық Тұрлығазы, Нариман Елубай және Нұрсерік Кеңесбаев ойнаса, анасының рөлін елге танымал Нұргүл Маңғытова мен Ақмарал Дайрабаева сомдайды. Ал әпкесі Маржанның рөлін халықтың жүрегіне жеткізіп ойнаған актрисалар – Динара Нұрболат пен Мөлдір Қонысқызы.

Көпшіліктің көзайымына айналған қойылыммен оқырманды тереңірек таныстыру мақсатында Маржанның рөлін сомдайтын талантты актриса Динара Нұрболатпен сұқбаттасқан болатынбыз.

- Сценариймен танысқан кездегі ең алғашқы әсеріңіз қандай болды?

- Ең бірінші бізде сценарий болған жоқ. Қызығы, біздің қолымызда кітап болды. Фархат Молдағали көзімізше пьеса жасады. Барлығымыздың басымызды қосып, кітапты оқып, сосын осы жерлерін алсақ қалай болады деп бізді жинақтап алып келді. Фархаттың керемет жұмыс жасайтыны осыдан шығар. Біз бірден кітапты оқыған соң, өзіме қатты әсер етті. Кітапты оқыған кезде әрине ең бірінші ауыл есіме түсті. Дәл өзімнің ауылымда болып жатқан оқиға сияқты болды. Себебі, мұндай жағдай менің отбасымның басынан өтпесе де, жақын туысқанымның басынан өткен еді. Сондықтан маған қатты әсер етті. Көзіме жас алмай оқи алмадым. Бірақ, көп жерлерінде күліп те отырдым.

Қойылым кезінде қатты әсер еткен жері Ақоштың әкесін «әке сен асқар тау, мен оның кішкентай жотасымын. Әке сен өзен, мен сенің бір тамшыңмын» деп еске алып айқайлайтын жері. Бұл жердің ұтымды шығуының себебі Фархат Молдағали әкесіне деген бар махаббатын сол жерде айтқысы келді. Кішкентай ғана дүние болса да, әкесіне деген жүрегіндегі сағынышын осы сахна арқылы жеткізе алды.  

- Кейіпкеріңізді ашу үшін қандай дайындық жұмыстарын жасадыңыз?

 - Дайындық әркезде әртүрлі болады. Осы қойылымда автордың өзі шақыртылғаны пайдасын тигізді. Ақберен ағаның өзі келіп әпкесінің қандай болғанын айтып берді, айтқандарынан алған жерлер де болды. Маржанның жарқын, әдемі кейіпкер болып қалғанын қалағандықтан, кейбір қылықтарын өзіміз де қостық. Кейін содан образ жасап шығардым. Кейбір актрисалар адамның сыртқы келбетіне, жүріс-тұрысына мән беріп, сонымен байланысты жұмыс жасайды, бірақ, мен өзім рөлге келген кезде ішкі жан дүниесімен жұмыс жасаймын.

Алайда, сен қанша жерден жақсылап дайындалып келсең де, жаныңдағы  серігіңмен түсінісе алмасаң, барлығы қалып қояды. Серіктесің жақсы болса рөл күшті шығады. «Партнер құдайдың берген бақыты» деп жатады, шынымен, осы сөзбен келісемін, серігің жақсы болса ол бір бақыт. Біздің театрда да жақсы ойнайтын әртістер жеткілікті. Мен қазір бір-екеуін айтсам, кейбіреулері ренжіп қалуы мүмкін.

- Маржанның рөлінде сізге ойнауға оңай болған сахна болды ма? Сол туралы айтып берсеңіз.

- Оңай деп те айтуға келмес, бірақ, ең шынайы ойнаған жерім болды. Қазір айтайын деп отырғанның өзінде көзіме жас келеді. Себебі, мен де 2 жыл бұрын анамнан айырылып қалдым. Анасымен Ақоштың сахнасы бар, сол жер менің көз алдыма анам елестеп, өздігімнен егіліп ойнайтын сахнам. Дәл інім екеуміздің анамызды еске алып, мұңайып жылайтын көрінісіміз.

- Сізге кейіпкеріңіз Маржанның бойындағы қай қасиеті ұнайды?

- Інісі үшін жаны ашып, қамқор болып тұратын қасиеті. Себебі, өзіңіз көрсеңіз той болып жататын сахна бар. Анасы күйеуге шығып жатқанда Ақош жалғыз өзі бұрышта жылап отырады. Сол уақытта інісінің көңілін қимай «жыламашы Ақош, біздің болашақ папамыз өте бай, бізге бәрін алып береді» деп өтірік айтса да жұбатып, жаны ашып тұратын жері мен үшін ең жақсы қасиеті. Бірақ, ондай қасиет қазақтың әр қызының бойында бар қасиет деп ойлаймын.

- Маржанның рөлін өз ойыңыздағыдай алып шықтым деп ойлайсыз ба?

 - Білмеймін. Шынымды айтсам халықтың жүрегіне Мөлдір Қонысқызы жеткізе алды деп ойлаймын. Себебі, ол  ана ғой, көзінде мейірімділік тұрады. Оның үстіне түрінен қазақи иіс аңқып тұрады. Менің образымдағы Маржан бөлек те, Мөлдір Қонысқызының Маржаны бөлек. Маған сол қыздың ойнағаны көбірек ұнайды.

- Шығарманың өмірден алынғаны белгілі. Дегенмен де, жазу мүмкіндігі сізде болса қай тұстарын өзгертер едіңіз?

- Соңында жұмбақ қылып қалдырмай анасымен табыстырар едім. Анасын кешіргенін қалаймын. Ақберен ағамен сұқбат кезінде «жүрегімнің түбінде кешірген сияқтымын сонымен күрестім, бірақ ол болмаған сияқты» деген өкінішін ұқтым. Сол себептен мен өзгертетін болсам анасын қанша дегенменде жақсы көргізіп,  екеуін есейгенде қауыштырар едім.

- Қаншама рөлдерді сомдап жүрсіз. Солардың ішіндегі сізге ең жақын кейіпкер деп кімді айтушы едіңіз?

- «Махаббат қызық мол жылдардағы» - Зәйкүл. Бірақ мен ол кейіпкер сияқты емеспін. Соған қарамастан көпшілігі ұқсатып та жатады. Осы образым өзіме қатты ұнайды. Зәйкүлдің рөлі маған қызық жағдаймен келді. Бұл рөл басында менде емес, құрбым Арайлым Мырзаханда болды. Ол қазір театрдан шығып, колледжде сабақ береді. Екінші құрамда Гүлназым Маркен деген қыз ойнаған еді. Ол қазір Түркияда мамандығымен жұмыс жасайды. Солар кеткен соң Зәйкүлдің рөлі маған қалды.

 - Қазіргі таңда театрдан бөлек қандай жұмыстармен айналысып жүрсіз?

- Театрдан бөлек екі өнер орталығында сабақ беремін. Жеке өзімнің алты оқушым бар. Түрлі конкурстарға, түсірілімдерге апарып отырамын. Ұстазымнан не көрсем, оқушыларыма соны жасауға тырысамын. Жалпы мен ұстаздан бағым жанған адаммын. Асхат Маемиров – менің ағайым. Менің ұстазыма жететін ұстаз жоқ. Ол кісі туралы айтсам, мен қазір тоқтай алмай қаламын. Әр шәкірті үшін уайымдайтын ондай адам жоқ. Болашақта сол кісілер секілді өнер академиясында сабақ бергім келеді. Алайда, қазіргі таңда тәжірибем жетеді деп ойламаймын. Биылдан бастап  коллежде сабақ берсем бе деген ойым да бар. Жаңа айтып кеткенімдей бірақ әлі білім деңгейім жетіңкіремейді. Бүгінгі күні сахнаға шығып ойнап көрмеген адамдар сабақ беріп жүр ғой, бұл өнер академиясының деңгейін құртады деп санаймын. Ондай болмас үшін сұрыптап отыру керек шығар. Одан бөлек, бұйырса биылдан қалмай өз орталығымды ашқым келеді.

Сонымен қатар театрдан басқа киноға түсемін. Бірақ, кез келгеніне түсе бермеймін, киноны да таңдайды екенмін. Қазір көп ұсыныстар келеді. Кейіпкерімнің сөздері ұнамай қалса, кіріспеймін. Мәтінге көп мән беремін. Өзіме кинода ұнайтын рөлім – «Күйеу бала»   телехикаясындағы Жайнаның рөлі, «Қара таңбада» Толқынның образы. Өзім сияқты ашық-жарқын болған соң осы рөлдерім ұнайды.

 - Театрда бұрыннан бері ойнап келе жатырсыз. Соңғы 3-4 жылда театрға деген сұраныс бұрынғыға қарағанда артқан. Сол сіздерге сезіле ме?

- Әрине, байқалады. Әр қойлымның соңында келіп, алғысын білдіретін көрермендерімнің саны артқан. Сапалы көрермендер көбейген. Оның себебі үздік спектакль шығарудан деп ойлаймын. Осыдан екі жыл бұрын театрдан кетемін дегенмін. Ол кезде Фархат Молдағалидің «Махаббат қызық мол жылдарды» енді шығарып жатқан кезі еді. Сол уақытта Фархатпен сөйлескенде «қазір осындай жақсы режиссерлар тұрған кезде, мен де театрда жүруім керек» деген ой пайда болды. Бұл жерде мен үшін маңыздысы жақсы қойылымның шығуына атсалысу болды. Сол себептен мен қалдым.

- Қазір театрға қызығатын жастар жеткілікті. Артыңыздан ілесіп келе жатқан сондай жастарға қандай кеңес бересіз?

- Театрды сүйсеңіз, алға баса беріңіз. Бай боламын, ақша табамын деген оймен келмеңіз. Ол жерде ақша жоқ. Жәй ғана театрды ессіз сүю керек. Алла берген дарынмен жұмыс жасау қажет.  Бір пайыз талант, қалғанының бәрі еңбек екенін естен шығармай талмай жұмыс жасасаң барлығы өзі келеді.

- Уақыт бөліп сұқбаттасқаныңызға алғыс білдіремін!

Мерей Мырзағалиқызы, 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 2 курс студенті

Пікірлер