Шығыстан шыққан дау. Тұрғындар "алтын қазу үшін бізді улайды" деген компанияға айыппұл салынды

2079
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасын салып жатқан компанияға тұрғындар наразылық білдірген еді. Жергілікті халықтың шағымына құлақ асқан мамандар компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Былтыр Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы Маралды ауылының халқы алтын өндіруші компанияның жұмысына наразылық білдіріп, экологияның бұзылып жатқандығына шағымданған. Сонымен қатар, олар мемлекет басшысына хат жазып, аймақта заңсыз алтын қазып әкететіндердің артқанын айтқан-тұғын.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі алтын кенішіндегі даулы мәселенің заң шеңберінде ғана шешілуі тиістігін мәлім етті.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, "алтын шыққан жерді белден қазуға оқталған" компания өндірісте цианид қолданады. Тұрғындар цианидтің суға түссе, аумақты тұтас улайтынын айтады.  Металлургтер керісінше, жаңа фабриканың мүлдем қауіпсіз және табиғатқа ешқандай қауіп төндірмейтінін алға тартады.

ШҚО Экология департаменті аталған ауылда алтын фабрикасын салып жатқан «VSAM Production» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды.

«Тексеру жұмыстары 3 аптадан астам уақытқа созылды. Кәсіпорынның қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысының талаптарын сақтамағаны анықталды. Сондай-ақ жабдықталмаған учаскелерде өндірістік қалдықтар сақталған. Сол қалдықтармен жұмыс істеу талаптары бұзылған. Жердің мұнай өнімдерімен ластану фактілері де тіркелді», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Экологтар тексеруден соң 5 әкімшілік іс қозғады. Компанияға 3 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер