2023 жылдың 9 маусымында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің концерті өтеді.
Концертке Еуропаның жетекші скрипкашысы, Мадридтегі «Katarina Gurska» жоғары музыка мектебінің профессоры, отандасымыз – Ержан Кулибаев қатысады. Концерттік шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтеді.
Алматылық тыңдармандар назарына ұсынылатын концерттік бағдарламада:
Е. Брусиловский. Симфониялық поэма «Дудар-ай»
Э. Корнгольд. Скрипка мен оркестрге арналған концерт ре мажор (1945), op. 35
Т. Қажығалиев. «Дала аңызы» балетінен сюита
Біздің ақпарат:
Т. Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі – 1938 жылы құрылған еліміздегі алғашқы симфониялық оркестр, Қазақстанның ең ірі әрі жетекші музыкалық ұжымы. Чехия, Польша, Германия, Австрия, Франция, Ұлыбритания, Америка, Түркия, Корея, Қытай елдерінің композиторларымен, көрнекті дирижерлерімен авторлық концерттік кездесулер ұйымдастырып, әлемдік деңгейдегі көптеген орындаушылармен бірге өнер көрсетуі – оркестрдің жемісті жұмысының нәтижесі болып табылады.
1958 жылы оркестр Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясының құрамына кіріп, бүгінде тыңдарман назарына симфониялық музыканы орындаудың ең үздік үлгілерін ұсынып келеді.
Қанат Омаров – 2015 жылдан оркестрдің көркемдік жетекшісі жəне бас дирижері болып қызмет етеді. Қазақстанның халық артисі, профессор, отыз жылға жуық Мем¬лекеттік академиялық симфония¬лық оркестрдің бас дирижері болған Төлепберген Әбдірашевтен тәлім алып, лайықты деңгейде ізін жалғастырып келеді. Сонымен қатар, «Метрополитен» опера театрының бас дирижері, әлемге әйгілі маэстро – Фабио Луизиден тағылымдамадан өтіп, мамандығының қыр-сырын игерді.
Ол Carnegie Hall (Нью-Йорк), Kennedy Center (Вашингтон), Kitara Hall (Саппоро), Ма¬риин театры (Санкт-Петер¬бор) мен Мәскеу мемлекеттік консерваториясының Үлкен залында өнер көрсетіп, қазақ дирижерлік мектебінің тұғырын әлемдік деңгейде мойындатып жүр.
Ержан Кулибаев – Қазақстанды бүкіл әлемге танытып жүрген қазіргі заманның үздік скрипкашыларының бірі. Испаниядағы София патшайымның жоғары мектебінің түлегі, «Washington Award» сыйлығының иегері және Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген елдердегі халықаралық байқаулардың лауреаты. Бүгінде «Katarina Gurska» (Мадрид, Испания) жоғары музыка мектебінің профессоры.