Бірмандатты округ бойынша сайланған Абзал Құспанның Атырау облысындағы фирмалар туралы Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару ісінің барысы жайлы сұрады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Депутат Абзал Құспан шетке кеткен ел қаржысының шашауын жығармай қайта қазынаға қайтарудың мән-маңызын айтып, депутаттық сауал жолдады.
- Қазір парламент қабырғасында депутаттар бастамасымен кезінде заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға бағытталған халықаралық аса маңызды заң жобасы қаралып жатыр. Осы заң арқылы біз отыз жыл бойы мемлекет қазынасын тонаған, еліміздің, халқымыздың болашағын ұрлаған жемқорларды жауапкершілікке тартып, олардың жасырған, шетел асырған дүниесін мемлекетке қайтаруды мақсат тұтып отырмыз... Қазақстан бойынша бюджетке ең көп қаржы аударатын өңір ретінде Атырау өңірі болса, Қазақстанға қызмет етіп жатқан компаниялар ішінен ең көп салық төлеуші ретінде "ТеңізШеврОйл" компаниясы танылды. Шетел асқан қаржымызды іздестіреміз десек, назарды теңіз айлағына аударуымыз керек. Соңғы отыз жылдың айналасында осындай үлкен компанияның айналасында репутациясы күмәнді қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. Олардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан тапсырыс алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді. Ең сорақысы сол, отыз жыл бойы жүрісінен жаңылмаған фирмалардың сұр схемалары әлі де жұмыс жасап тұр - деді.
Сонымен қатар, депутат бірқатар фирмалардың атын атап, шетелге қаржы тасу әрекеттерін әшкереледі. Олардың делдалдық арқылы мол қаржы тауып, пайдаға кенелгенін айтып, нәтижесінде қазақстандық мұнайшылар мен қызметкердің жұмыссыз қалатынын хабарлады. Сыртқа "ақша тасудың" заңдық схемасын көрсетіп, мәселеге мемлекеттік деңгейде назар аударуды сұрады.
"Адырна" ұлттық порталы