Солтүстікте не хабар? Түркістандықтар танысып қайтпақ

4426
Adyrna.kz Telegram

Оңтүстік өңір тұрғындары солтүстіктегі тіршілікті көріп, жай-жапсарымен танысу үшін жолға шықты. Жолаушылар қатарында журналистер, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары бар, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Теріскейге аттанған жолаушылар 13 ауданды аралап, көпшілікті жергілікті халықтың тыныс-тіршілігімен танысуды жоспарлап отыр.

Көш қатысушыларын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев, «Tauekel» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов және бірқатар облыстық мәслихат депутаттары салтанатты түрде шығарып салды.

«Жалпы, теріскейге баратын түркістандықтарды жарлы, көмек қажет ететін адамдар деген стереотиптен арылуымыз керек. Бұл өңір тұрғындары - көмек алушы емес, қазақты құтқарушы азаматтар. Солтүстікке көш - еліміздің бекемдігі үшін өте қажет шара. Еліміздегі 3,2 млн жуық оқушының 530 мыңы Түркістан облысында екен. Солтүстіктегі ауылдарда жабылайын деп тұрған мекемелерді аман алып қалатын осы аймақтың азаматтары дер едім. Сондықтан да елім-жерім деген өңір тұрғындары ел іргесін бекемдеу үшін теріскейге көшіп баруы керек», — дейді «Tauekel» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов.

Қазақпараттың хабарлауынша, Аталған бағдарлама бойынша 2015-2022 жылдар аралығында оңтүстіктен солтүстікке 11 892 адам қоныс аударған.

2022 жылдың қорытындысымен республика бойынша 6 587 квота белгіленсе, оның 32,3% Түркістан облысының тұрғындарына берілді.

Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есе көп.

Ал, биыл жыл басынан бері Түркістан облысынан 34 отбасы, оның ішінде 79 адам солтүстікке қоныс аударған.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер