Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық форумында Ресей мен Беларусь одақтастығы туралы сөз қозғап, тіпті екі елдің ядролық қаруы да ортақ екенін атап өткен еді. Бұл мәселеге қатысты Беларусь басшысы Александр Лукашенко пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Ядролық қару туралы әңгімені, шыны керек, акустиканың кесірінен дұрыс ести алмадым. Сол кезде Владимир Владимирович (Ресей президенті — ред.) ресейлік стратегиялық емес ядролық қару түрлерін Беларусь аумағында орналастыру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Мен рақметімді айттым»,—деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін екі елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Виктор Хренин Минскіде Беларусь Республикасының аумағындағы арнайы қоймада ресейлік стратегиялық емес ядролық қаруды ұстау тәртібін анықтайтын құжаттарға қол қойғаны хабарланған еді. Шойгу Ресей мен Беларусь жүзеге асыратын шаралар барлық қолданыстағы халықаралық-құқықтық міндеттемеге сәйкес келетінін атап өтті.