Сауат Мыңбаевтың халі нешік? Бұрынғы мұнай шенеунігінің арбаға таңылған суреті тарады

2610
Adyrna.kz Telegram

Көптен бері көзден тасаланған мемлекет қайраткері Сауат Мыңбаевтың мүгедектерге арналған арбада отырған суреті тарады. Әлеуметтік желіде тараған сурет Сауат Мыңбаев қызының үйлену тойында түсірілген. Желі қолданушылары саясаткер қызының үнді азаматына тұрмысқа шыққанын жазып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы inbusiness.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Телеграм арнасының хабарлауынша, Сауат Мыңбаев Түркияның Измир қаласында өткен қызының тойына барған. Фотода ол мүгедектерге арналған арбада отыр.

Еске салайық, 2021 жылы "Қазақстан темір жолының" сол кездегі төрағасы Сауат Мыңбаев спортпен шұғылдану кезінде омыртқасынан жарақат алып, ауруханаға түскені хабарланған болатын.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының төрағасы Сауат Мыңбаев спортпен шұғылдану кезінде жарақат алды. Қазіргі уақытта емделіп жатыр. Денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген хабарламада.

Көпшілік оның бел омыртқасын спорт кезінде сындырып алғанына күмәнмен қараған.

Сауат Мыңбаев "Қазақстан темір жолы компаниясын" 2018 жылы басқарды. Бұған дейін "ҚазМұнайГаз" ұлттық мұнай-газ компаниясын басқарған. Сондай-ақ,  Президент Әкімшілігінің басшысы, вице-премьер, Ауыл шаруашылығы министрі, Энергетика министрі, Индустрия және сауда министрі сынды лауазымды қызметтерді атқарды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер