Ерлан Қарин: "Мектепте жүргізілетін тәрбиелік жұмыстар азайып бара жатыр"

3447
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының ютуб-арнасына сұхбат беріп, еліміздегі бірқатар мәселелерді сөз етті. Білім беру жүйесіндегі мәселелердің мәнін ашып, еліміздегі бір топ жастардың технология мен инновациялық деген құштарлығын өз тәжірибесімен ұштастыра әңгімелеп берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

- Қазір түрлі-түрлі мектептер пайда болып жатыр. Жекеменшік мектептер де көп. Мектептердегі білім беру әдісі әртүрлі. Олар кейде Әулие Валентин күнін тойлайды, бірақ Наурыз, Республика күнін атап өтіп жатқанын естімейсің... Біздің міндет білімді адамды қалыптастыру ма, әлде білімді, тәрбиелі әрі мәдениетті адамды қалыптастыру ма? Күнделікті өмірде балаларымыздың көп тіл білгенін, білімді болғанын қалаймыз? Бірақ қандай тәрбие беріліп жатыр? Оған мән бере бермейміз. Содан соң таң қаламыз, - деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин журналистің бала тәрбиесі мен ата-ананың экономикалық жағдайын байланыстыра қойған сауалына өзінің өмірлік тәжірибесімен жауап қатты. Өз ата-анасын мысал ете отырып жауап берді. Өтпелі заманда өмір сүрген буынның қиындықты көп көрсе де, бала тәрбиесін ақсатпағанын атап өтті. Cаясаткердің айтуынша, қазіргі таңда ата-аналар бала тәрбиесіне мейілінше жіті көңіл бөлуі тиіс.

Сонымен қатар, Ерлан Қарин Астана қаласындағы бір топ жастардың инновация мен технологияға деген құштарлығын байқап, ерекше риза болғанын баяндап берді.

- Жақында менімен Астанадағы физика-математикалық бағыттағы мектептің оқушылары байланысты. Олар зымыран құру бойынша алғаш рет республикалық байқау ұйымдастырып жатыр екен. Маған: "Конкурсты республикалық деңгейде ұйымдастырып жатыр едік. Соған қолдау көрсете аласыз ба?" - деді. Ақпараттық қолдау көрсетуімді сұрады. Мені қызықтырғаны - оқушы жастардың қиын салаға ынта білдіріп отырғаны. Өздері конкурсты жариялап қойған. Қазірдің өзінде өңірлердегі 130 баладан өтініш келіп түсіпті. Соларды іріктеуден өткізіп, он командаға бөлеміз дейді. Қазақстандағы ғарыш ұйымымен келісімдері бар екендігін де айтты... Таңғалдырғаны, біріншіден, оқушы балалардың инженерлікке деген ынталары, екіншіден, ұйымдастырушылық қабілеттерінің жоғары болуы, - деді саясаткер.

Сұхбат барысында зымыран құруға қатысты жастардың жобаларын кеңінен баяндап қана қоймай, "Жастар кеңесінің" тұжырымдамасы, жастарға деген жеңілдіктер жайы да сөз болды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер