Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан өткен әлем чемпионатының жүлдегерлерімен жүздесті

7621
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның  Ташкент қаласында өткен  әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдады.

– Әлемдік жарыста төрт  алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз.   Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды  деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады.  Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы  Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты, – деді Президент.

Президент спортшыларды жарқын жеңісімен құттықтап, олардың жарқын жетістіктері күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті. Жеңімпаздарға алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғайтынына сенім білдірді.

Сонымен қатар, Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыстады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер