"Жарық күнді сағындым!" Флоридалық профессордың су астында өмір сүріп жатқанына 74 күн толды

2392
Adyrna.kz Telegram

Америкалық зерттеуші су астында болу ұзақтығы бойынша көнерген рекордты жаңартты. Ол су астындағы тіршілігін жалғастырып жатыр. Бұл туралы  "Адырна" ұлттық порталы ВВС арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Флорида штаты, Ки-Ларго қаласының тұрғыны Джозеф Дитури 30 фут тереңдіктегі Лагуна түбінде 74 күннен астам уақыт өткізді.

Оның су астында өмір сүретін шаңырағы бар. Теңіз түбіндегі сол баспанасында кем дегенде 100 күн болатынын айтты.

"Бірінші күннен бастап келешек ұрпаққа шабыт сыйлап, су астындағы өмірді зерттейтін ғалымдардан сұхбат алғым келді.  Адам ағзасының төтенше, қалыпты тұрмыстан тыс жағдайларда қалай жұмыс істейтінін білуді мақсат еттім", — деді ғалым.

Осыған дейін су астында өмір сүру бойынша рекордты екі профессор 2014 жылы орнатқан еді. Олар да Ки-Ларго үйінде  73 күн болды.

Су астындағы шаңырақтың сүңгуір қайықтан айырмашылығы, лодж жоғары су асты қысымына бейімделу үшін технологияны пайдаланбайды.

"Терең теңіз докторы" атты лақап атпен танымал профессор Дитури өз саяхатын 1 наурызда бастады.  Ол Флорида-Кис лагунаның түбінде орналасқан шағын бөлмеге жайғасқан.

Project Neptune 100 деп аталатын жоба аясында Оңтүстік Флорида университетінің профессоры адам ағзасының төтенше жағдайда қалай құбылатынын,  экстремалды қысымда ұзақ мерзім қалса, қалай өзгеретінін зерттеп жатыр.

Зерттеушілер 55 жастағы ер адамның денсаулығын, сонымен қатар, ұзақ уақыт оқшауланудың психологиялық әсерін бірқатар медицина әдістемелері арқылы зерттейді.

Профессор су астында еш қиындық көрмегенін айтады. Ол шәкірт баулу ісін теңіз астында жатып та жалғастырып жатыр.  Оңтүстік Флорида университетінің мәліметі бойынша, профессор онлайн сипатта студенттер үшін биомедициналық инженерия сабақтарын жүргізеді.

Профессор су астында жай жатқан жоқ. Ерте, сағат 05:00-де оянып, жаттығу жасайды. Ол микротолқынды пеш көмегімен жұмыртқа жылытып жейді. Ақуызы мол тағамдарды тұтынады. Дегенмен "бір күндік сәулені" сағынғанын да жасырмады.

"Жер бетінде сағынған нәрсем бар. Ол  - күн", — дейді су патшалығының тұрғыны.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер