Үкімет бизнестің дамуына қажетті барлық шараны қабылдап жатыр — Смайылов

1653
Adyrna.kz Telegram

Премьер-Министр Әлихан Смайылов орта бизнес өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Жиынға Астана, Алматы және Шымкент қалаларының кәсіпкерлері, «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ министрлер, қала әкімдерінің орынбасарлары мен кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға және мемлекеттік қолдауға жауапты квазимемлекеттік сектор басшылары қатысты.

Наурызда VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы елімізге экономиканы дамыту жолында өздеріне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет екенін атап өтті.

«Орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және кең ауқымды қызмет көрсететін өңдеуші сектордың қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Кездесу барысында қатысушылар қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, өнім көлемін ұлғайту, импортты алмастыру және жаңа өндіріс орындарын дамыту, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын жүзеге асыру, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сертификаттау, индустриялық аймақтар мен индустриялық парктерді дамыту, инновацияларды енгізу, экспорт, жұмыс орындарын құру, кадр даярлау және тағы басқа мәселелерді талқылады.

Үкімет басшысы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, орта бизнес үнемі өзгеріп отыратын нарықтық жағдайларға тез бейімделетінін атап өтті. Бұл оны өз кезегінде экономикалық дамудың аса маңызды бағдарына айналдырады. Сол себепті дамыған елдер шағын кәсіпорындарды әлемдік нарықтағы позициясын кеңейтіп, нығайтуға белсенді түрде ынталандырып отырады.

«Мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Samsung, Toyota немесе Hyundai сияқты компаниялар шағын және орта бизнес ретінде өз жолын бастаған, ал бүгін оларды табысты әлемдік көшбасшылар ретінде білеміз. Өз кезегінде Үкімет бизнестің дамуына қажетті барлық шараларды қабылдап жатқанына сендіргім келеді», — деді ол.

Әлихан Смайылов жүктемені азайтып, салықтық әкімшілендіру рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын айтты.

Пікірлер