Қоқыстан күш алған өрт. Алматы облысында алып полигон өртеніп, ауыл-аймақты көк түтін торлады

2178
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық округін көк түтін торлады. Ақтас ауылының іргесіндегі "Жан-Ару" қоқыс полигонынан беймаза шақта шыққан ащы түтін мен бықсып жанған жалыннан тұрғындардың мазасы қашты. Бұл жайлы әлеуметтік желі белсендісі Жанбота Сұлтанмұратқызы хабарлады, деп баяндайды "Адырна" ұлттық порталы.  

Әлеуметтік желіде Алматы облысы, Талғар ауданында орналасқан "Жан-Ару" қоқыс полигоны" бықсып жанып жатыр. Ауаға тараған көк түтіннің ысынан ауыл-аймақты торлады. Бұл жайлы:

- Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық округіне қарасты Ақтас ауылының қасындағы "Жан-Ару" қоқыс полигонының қазіргі жағдайы осылай. Аумақ түгел жанып жатыр. Мәселені қолға алып, шешімін табатын құзырлы орындарды белгілеулеріңізді сұраймын. Маңайындағы ауыл тұрғындарының денсаулығы, қауіпсіздігі туралы айтпай-ақ қояйық... Түндегі жағдай осы жазбаның алдында тұр, - дейді Жанбота Сұлтанмұратқызы.

Автор қоқыс аймағындағы өрттің бұған дейін де болғаны жайлы жазып, ауыл тұрғындарының денсаулығына алаңдаушылық білдірді:

- Бұған дейін де бұл жерде өрт болып, округ әкімі Алмас Нұрдәулетұлы өз күштерімен сөндіргенін айтқан. Тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен денсаулықтарына алаңдаған жұрттың жанайқайынан құлақ тұнады. Енді, міне, сол мәселені естір құлаққа тағы да жеткізуге мәжбүрміз. Өйткені ел аман, жұрт тынышта у жұтып отырған халықтың халі мүшкіл. Қоқыс полигоны тағы да өртке оранды. Бұл жолы ертеңіне алаңдаулы елдің шағымы мен жанайқайына кім жауап береді? Құзырлы орындардан жауап болып, шағымдары қаралуы үшін халық не істеуі керек?... Сұрақ көп, жауап жоқ. Халыққа қатысты мәселе "Баяғы жартас - сол жартас" күйінде қалмаса екен дейміз!

Желі қолданушылары полигон иесінің Бақтығали Айжігітов есімді азамат екенін жазып жатыр. Ол кісіні тұрғындар өрт алаңына шақыртқанымен, келмеген. Әкімдік қызметкерлері де болып жатқан өрт жайлы түсініктеме беруден басын алып қашқан. Видео авторының айтуынша, полигондағы өрті сумен сөндіру де, топырақ төгіп, тұншықтыру да мүмкін емес. Себебі, ішінен кеулеп, бықсып жанып жатқан қоқыс пен қызған шоқтың ортасына батып кету қауіпі бар.

- Талғар ауданындағы Ақтас ауылының қасындағы «Жан-Ару» қоқыс полигонында болған өрт кезінде түнде 1 ғана өрт сөндіруші машина мен 3 өртсөндіруші жұмыс істеген. Сол мезетте оқиға орнында аудандық мәслихаттың депутаттары Ержан Игібаев пен Александра Даурбаева және аудан әкімі Таңат Ескелдіұлы мен әкім орынбасары Оразхан Қаспақбаев та болды. Әкімдік қызметкерлері аудандық баспасөз хатшысы бар екенін айтып, оқиға бойынша түсініктеме беруден бас тартты. Ал полигон иесі саналатын Бақтығали Айжігітовті шақырттық дегенмен, ол жерге келген жоқ, - дейді Жанбота Сұлтанмұратқызы.

Депутат Е. Игібаевтің айтуынша, 2020 жылы болған алапат өртті де мамандар, шамамен «HOWO» камазымен 140 машина топырақ төгіп, өртті әупірімдеп жүріп әрең тоқтатқан. Ал қазіргі жағдайында өрт астынан кеулеп жанып жатқандықтан нақты аумақты анықтау мүмкін емес. Қоқыстың үстіне шығып өшіретін мүмкіндік жоқ. Себебі әрбір 3-4 метр сайын будақтап жатқан улы түтіннің арты кез келген уақытта алаулаған өртке айналуы мүмкін. Қоқыстың үстіне шығу да қауіпті. Өйткені аяқастынан ойылып ішіне түсіп кету қаупі бар. Сондықтан мүмкіндігінше алыстан тұрып су шашқаннан басқа амал болмай тұр.

Әзірге қоқыстан қуат алып, ауаға тараған көк түтін мен полигонағы өрт жайлы құзырлы мекемелер ресми мәлімдеме жасамады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер