Дәліз-сұхбат. Жақша ішіндегі «жолдастарым көп» – Жигули Дайрабаев

2173
Adyrna.kz Telegram

Соңғы кездері «Ауыл» партиясының атынан мәжіліс депутаты болған Жигули Дайрабаевтың басынан дау арылар емес. Әуелі екі ұлы істі болып, сотталса, cоңғы күндері Меркі ауданы тұрғындары үй мен жерге байланысты әлеуметтік желіде депутатты айыптады.

Үй мәселесінде соттың шешіміне ықпал етіп, ажырасқандардың үйін иесінің келісімінсіз өзіне рәсімдегені айтылады. Екінші мәселеде Кеңес ауылының тұрғындары депутатты жерді заңсыз тартып алды деп айыптайды. Ал Жигули Молдахалықұлының өзі болса, бұл дауды өзінің бұрынғы «жолдастары» ұйымдастырып отыр деп сезіктенеді.

«БОПСАЛАП ЖҮРГЕН ШЫҒАР...»

– Меркі ауданы тұрғындары үй мен жерге байланысты өзіңізді айыптап отыр. Жерлестеріңіздің өзіңізді айыптағанына не деп жауап бересіз?

– Негізі үйдің нақты қожайыны арқылы нотариуспен келісіп заңды түрде алдық. Ал енді ерлі-зайыптың арасында қандай жағдай болғаны кейін шығып жатыр. Оған біз жауап бермейміз, оны заң органдары қарайды. Біздің ешкімге өкпе-ренішіміз жоқ. Мүмкін менің депутат болғаным немесе лауазымымды пайдаланып бопсалап жатқан шығар... Менің шашылып жатқан артық дүнием жоқ. Сондықтан бұл мәселені заң органдары шешеді деп ойлаймын.
Меркі ауданындағы жер мәселесі бойынша айтар болсам, менің жеке өзімнің 1 метр де жерім жоқ. Ол кезде біз жалдамалды қызметкер болып қызмет жасадық. Ол жерде мен бәрін тиянақты көрсеттім... 2000 жылдардың басында көп жерлер игерілмей жатты. Сол компанияда біз жұмыс істедік. Ол азаматтарға «жеріңді өткіз» деп желкелеп немесе қолқалаған жоқпыз. Олар біздің компаниямен жұмыс істеуге... Өйткені иесіз жатқан жерді мемлекет мемлекет қайтарып алуға тура келеді. Сондықтан көп азаматтар біздің компанияға жерлерін берді, біз ол жерлерге жүгері, қызылша ектік. Ал енді сол уақытта азаматтардардың көбі сол жерде жұмыс істеді. Ол компанияда жаңа техника, жаңа технология бойынша 350-500 адамға дейін жұмыс істеді. Негізі менен бөлек ол компанияда 4-5 адам басшылық қызметте болды. Саясатқа байланысты менің кейбір жақшаның ішіндегі «жолдастарым» көп қой. Оларды арам оймен айтақтауы мүмкін.

«АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ЕНДІ ДАМЫТАМЫЗ...»

– Сіз депутат болғалы өзіңізге қатысты дау-дамай көбейіп кетті. Мұны сіз немен байланыстарасыз?

– Бұған 20 жылдан асып кетті ғой. Егер мен депутат болмасам, ауылдың ішінде тынатын мәселе шығар деп ойлаймын. Негізі мұны кімнің ұйымдастырып жатқанын жақсы білемін. Бірақ ол азаматтардың деңгейіне түсе алмаймын. Сондықтан әр бір қазақ «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі бос» деген ұлы Абайдың қағидасын ұстанамын. Қазақ бірін-бірі жақсы көруі керек, қазақ бірін-бірі құрметтеуі керек. Біздің мүдде – мемлекеттік мүдде. Сондықтан мен майда-шүйдеге араласып төменге түсе алмаймын.

– Жапонияда компания басшысы қызы әдепсіздік жасағаны үшін кешірім сұрады. Екі ұлыңыздың ісіне байланысты неге кешірім сұрамадыңыз?

– Менің жеке өзіме қоятын кінәңіз болса, соны айтыңыз, кешірім сұраймын. Балаларым өздерінің тірліктері үшін өздері жауап береді ғой ойлаймын. Сондықтан ол жөнінен маған айып тақпаңыз...

– Сіздің балаңыздың ісі ауыл шаруашылығына арналған субсидияға байланысты ғой. Ал сіздің салаңыз ауыл шаруашылығына қатысты. Сіз балаларыңызға нашар тәрбие бердіңіз бе?

– Оны енді уақыт көрсетеді. Алдын-ала сәуегейлік жасай алмаймын. Оны құқық қорғау органдары өздері шешеді. Мен соттың тірлігіне араласа алмаймын.

– Дамыған өркениетті елдерде осындай жағдайда басшылар отставкаға кетіп жатады. Сізге мандат қымбат па?

– Өркениетке жетейік. Мен отставкаға кетпеймін, өйткені қазақ халқына, өздеріңіз секілді азаматтарға пайдам көп тиеді.

– Соңғы 30 жылда ауыл шаруашылығы дамымады ғой. Бұған дейін қандай пайда келтірдіңіз?

– «Вот», соны енді дамытамыз. Сол ауыл шаруашылық саласын дамытуға маған мүмкіншілік беріңіз.

Серік Жолдасбай

Пікірлер