Қытай азаматтарының елге визасыз келуіне байланысты даудан қорқудың қажеті жоқ. Бұл туралы ІІМ Көші-қон комитеті қызметінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Масақбаев Massaget.kz тілшісіне эксклюзив сұхбат берді.
"Қазір Қазақстан Республикасына 79 елдің азаматы визасыз кіре алады. Оның 57-і экономикалық дамыған мемлекеттер, Еуропа мемлекеттері, АҚШ. Бұл мемлекеттер азамаматтары 30 күнге дейін елімізге визасыз кіре алады. Иран, Қытай, Үндістан мемлекеттері 14 күнге дейін визалық талаптардан босатылған. Одан басқа, Еуразиялық экономика одақ мүшелері бар: Ресей, Беларусь, Армения, Қырғыстан мемлекеттері. Олар уақытша тұруға рұқсат алмай-ақ 90 күн жүре алады. Қазір жыл басынан бастап елімізге 2 миллионнан аса шетел азаматы кірген, 2 жарым миллион шетел азаматы елден шыққан", - деді ол.
Оның айтуынша, шекара қызметкерлері ІІМ ақпараттық жүйесіне елге кірген шетел азаматтары туралы ақпарат жібереді.
"Шетел азаматы елге кірген күннен бастап шекара қызметкерлері ІІМ ақпараттық жүйесіне кірген жайлы мәліметтерді жіберіп отырады. Одан басқа, қабылдаушы тарап деген бар. Олар өздеріне кірген шетел азаматарын ІІМ ақпаратық жүйесіне хабарлап отырады. Ол - eQonaq порталы, Визалық-миграциондық платформасы арқылы хабарламалар жіберіп отырады", - деді инспектор.
Алтынбек Масақбаев жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 12 мың шетел азаматы тіркелгеннін айтты.
"Қабылдаушы тарап - еліміздің азаматтары, жұмыс беруші. Олар дер кезінде хабарлап тұрса, онда заң бұзылмайды. Жыл басынан бері көші-қон заңнамасын бұзған 12 мың шетел азаматы тіркелді. Оның көбі - жақын шетел азаматтары. Олар уақытында хабаралама бермеген, уақытша тіркеуді создырмаған және жергілікті атқарушы органдардан рұқсат алмай, жұмыс күшін пайдаланған", - деді ол.
Сондай-ақ, ол Қытай азаматтарының елге визасыз келуіне байланысты пікір білдірді.
"Қытай азаматтарының елге визасыз келуіне байланысты даудан қорқудың қажеті жоқ. Себебі бәрі ІІМ бақылауында. Шекарадан өткен күннен бастап қабылдаушы тарап уақытылы хабарлама беріп тұрады. Жыл басынан бері 12 мың заң бұзған шетел азаматтарынан ҚХР-дің 205-і ғана бар. Ол - 1 пайыз. Көбі - жұмыс сапары, мәдени іс-шараларға қатысуға келетін азаматтар ", - деді ол.
Алтынбек Масақбаев заң бұзған шетел азаматтарына қатысты қандай шара қолданылатынын айтты.
"Заң бұзған шетел азаматтарына 10 күнге дейін ІІМ әкімшілік хаттама толтырылады. Бірінші 3 күндей ескерту беріледі, кейін айыппұл салынады. 10 жұмыс күнінен асса, әкімшілік сотқа жолданады. Онда 2 түрлі шешім болады. 25 айлық көрсеткіш есебінде айыппұл немесе ҚР аумағынан 5 жылға дейін шығару, басқа заңбұзушылықтар анықталғанда ҚР аумағына кіруге шектеу қойылады", - деді ол.