65 жастағы Эстер Ульман — Швейцария тұрғыны. Қазіргі таңда ол қазақ тілін үйреніп жүр. TikTok желісінде танымал болып үлгерген әйел «Адырна» тілшісіне тіл меңгеруге деген қызғушылығы неден басталғанын айтып берді.
«Барлығы да Димаш Құдайбергеннің өнерін тамашалағаннан кейін басталды. Оның шығармашылығымен America’s Got Talent байқауы кезінде таныстым. Өнері мені таңғалдырды. Осылайша әртістің талантына бас иген миллиондаған жанкүйерінің біріне айналған жайым бар. Кейін әндерінің не туралы екенін ұғынып, ұлтының мәдениетімен жақынырақ танысу үшін қазақ тілін үйренуге бел будым. Шыны керек, менің жасымда жаңа тілді меңгеру оңай емес. Десе де, барынша тырысып жүрмін. Бақытыма орай, онлайн курс тауып, жазылып алдым. Қазіргі таңда қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімім де бар», - дейді ол.
Швейцариялық әйел қазақтардың қонақжай халық екенін ерекше атап өтті.
«Мен Қазақстанда 2 мәрте болдым. Алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде Димаштың Алматыда өткен концертіне келген едім. Отандастарыңыз мені өте жылы, зор құрметпен қарсы алды. Бұндай ыстық ілтипатты күтпедім. Екінші рет, міне, биыл сіздермен бірге Наурыз мерекесін атап өттім. Атмосфера ерекше болды. Осы сапарымда көптеген қазақстандықпен таныстым. Олармен бірге Алматының әдемі жерлерін аралап, көжеден дәм тәттім.
Мені дұрыс танымайтын жандарға дейін үйлеріне не мейрамханаларға шақырып, дастархандарынан дәм таттырды. Үйіме қайтарда сыйлық толы багажбен кеттім ғой. Бұның барлығы да ешқашан ұмытылмайтын, таңғажайып естеліктер!»-дейді Эстер Ульман.
Әңгіме барысында ол Қазақстанға тағы да келгісі келетінін жеткізді.
“Алдағы уақытта басқа да облыстар мен қалаларды аралағым келеді. Ол кезде бұдан да көп эмоция алатыныма сенімдімін. Баршаңызды қазақ тілін үйренуге шақырамын. Қазақ тілі — өте әдемі тіл»,- дейді швейцариялық әйел.
Диана АСАН
"Адырна" ұлттық порталы