Тоқанова Аружан
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 3 курс студенті
Ғылыми жетекші: Кокбас Жазира
Аңдатпа. Әдебиет айдынына келіп қосылған жазушылардың бірі – фольклоршы, этнограф Зейнолла Сәнік. Қаламгер саналы ғұмырын Қытай халық республикасында өткізседе, қазақтың төл әдебиетін жинап-зерттеуді ешқашан тоқтатқан емес. Қазақ тарихына қатысты ұлттық рухани мұраларымызды да кездескен жерінен тауып алып, жинап отырған. Қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін, салт-дәстүрлеріміз бен музыкатануға қатысты да көптеген зерттеулер жүргізген. Зейнолла Сәнік қаламынан туған қай шығармасын алсақ та оның шығармаларының астарынан ұлттың тұтастығы, халықтың бірлігі, елдің татулығы байқалып тұрады. Мақалаға арқау болған тарихи туындысы «Тұғырыл хан». Шығарма тарихтың алтын арқауынан ұзын сонар уақыттың алмағайып кезеңінен сыр шертеді. Қазақ сахарасындағы Шыңғыс ханның өсіп, жетілуінен бастап өмірінің соңына дейінгі кезең «Тұғырыл хан» шығармасында суреттеледі. Тарихи тақырыптағы шығармалардың шеңбері кеңейіп келе жатқанының тағы бір дәлелі іспетті. «Тұғырыл хан» шығармасын талдау барысында тәуелсіздік, тыныштық, ерлік өмір жолындағы күрестерін, ерліктері мен өкініштерін көрсеттік. Шығарма құрылымындағы батырлық-ерлік танымның артықшылықтары мен батырлардың ерлік бейнелеріндегі тұрақты көрінісі назарға алынып, Шыңғыс хан мен Тұғырыл ханның образдары өзара салыстыру нәтижесінде салмақты тұжырым жасалды.
Түйін сөздер: Тұғырыл хан, Шыңғыс хан, тарихи туынды, көркемдік шешім.
Кіріспе. Қазақ әдебиетінің мөлдір бұлағынан су ішіп, сарқылмайтын дарияға асау толқын болып қосылған жазушының бірі – Зейнолла Сәнікұлы. Ащы да, тұщы тағдырын әдебиет айдынына шідерлеген жазушы қаламынан ертегіден бастап, тарих сахнасындағы тарихи тұлғаларға дейін туған. Жазушының өзі: «Дүниеде әділ патша жоқ, бірақ өмірдің өзі әділ патша, қисайған дүниенің қисынын тауып, әкеп түзетеді екен. Маған пәле ертегіден келген еді»,- деп, саясаттың сан қырлы тұсын меңзей отырып, осы ертегі өмірдің қатал сынына қарсы тұруға ерік-жігерімді қайрады. Өмірдің бұралаң жолы қалам қайраткерлерінің көбінің аяғына тұсау салды. Екі қолын кісендеді. Ақын мен жазушы жүген-құрық тимеген шу асау сияқты ғой. Оңайлықпен бұғауда отырмайды. Бұлқынып, тұсау мен кісенді үзері қақ. Буырқанған буға, ауыл ақсақалдарының көкейкесті әңгімелері себепші болып, жазушының ойына ертегінің дәнін егіп, аңыздың қанын құйған екен. Арман болған қазақ ертегілерін жарыққа шығару мүмкіндігіне ие болады. Тамаша табиғаттың ортасында өскен жазушының жазушылық табиғаты да ертегіге бергісіз. Осы мақаланы жазу барысында Зейнолла Сәнік шығармашылығын, оның ішінде «Тұғырыл хан» тарихи туындысын талдап-зерттеу, шығармадағы Тұғырыл бейнесін ашып, талдап көрсетуді мақсат тұттық.
Г.Леноблдің айтуынша, «суреттеудің реалистігі, тарихи күрестердің адамдар тағдырына әсерін айту принциптерін ұстанады. Халықтың тарихи белсенділігі, тарихи қажеттілік, бұқараның, ірі қайраткерлердің істерін кең қамту тарихи романның шарттары болып саналады»,- [1, 3] делінген. Сонымен қатар тарихтың жауапты, ұрымтал тұстарын көрсету, белгілі адамдардың ақиқат тарихи мәнді істерін, тұлғасын ашу принципі тарихи романдар алдында орасан биік міндет жүктейтінін баса айтқан. Осы жүктелген міндетті толыққанды ашу Зейнолла Сәнік еншісіне де бұйырған екен. Зейнолла Сәнік шығармашылығын зерттеу барысында жазушының тарихи тақырыпта жазылған «Тұғырыл хан» еңбегіндегі Тұғырылдың тарихтағы бейнесін Шыңғыс бейнесімен салыстыра отырып, ғылыми тұрғыдан талдау жасалды.
Әдістеме және зерттеу әдістері. Тарихи тақырыпта жазылған тарихи туындыны талдауда жинақтау, индукция, дедукция, структуралық талдау және тұжырымдау сияқты әдістер қолданылды.
Талқылау мен бақылау. Зейнолла Сәнік қаламынан қазақтың аттары аңызға айналған батырлары мен күйшілері, хандары туралы ғажап шығармалары жазылған. Атап айтсақ, «Хан батыр Қабанбай», «Дәмежан батыр», «Баспай», «Сергелдең», Қайрақбай күйші», «Көкше әулие» және «Тұғырыл хан» т.б.
Жазушының тарихи тақырыпқа жазылған шығармаларына белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеев: «Бұл күнде әлем әдебиетінде деректі әдебиеттің құны артып барады. Ал Зейнолла Сәнік тарихи шығармаларында дерек көздерін егжей-тегжейлі жазатын стилімен, өзіне тәнті ететін дерек көздерінің құндылығымен ерекшеленетін еңбектер жазды»- [2,130] деп үлкен бағасын берді. Осы пікірден кейін жазушы Жолдасбек Тұрлыбаев та: «осы дерек көздері арқылы жазылған шығармалары бізді өзіне баурай жөнелді. Райымбек батырдың 300 жылдығы қарсаңында жазылған «Хан батыр Қабанбай және Райымбек»,- [2,136] деген елеулі еңбегі халық ықыласына бөленгенін айтты.
Зейнолла Сәнік журналист, фольклортанушы, жазушы, тарихшы болып оқырманға танылды. Жылаған жылдар шежіресін бөлшектеп, тарих қойнауындағы «Тұғырлы хан» еңбегін қарастырып, оқырман ретіндегі көзқарасымызды білдірудің сәті түсті. Туынды «Ақиқат түбі- аңыз», «Арпалыспен өткен андалық өмір», «Тұғырыл хан кездескен тұрлаусыз тағдыр», «Ажал алдындағы ойлар»,- деген бөлімдерден тұрады.
«Тұғырыл хан кездескен тұрлаусыз тағдыр» бөлімі Тұғырылдың баянсыз бақыты, басынан кешкен қиындықтар еркін баяндалады. Тұғырылдың жеті атасынан хандық үзілмеген қара көктің тұқымы екенін ашып көрсетеді. Тұғырылдың өз әкесі Құршақұз, арғы атасы Марғұз барлығыда хандық биліктің тағын ұстаған хандар. «Күнде қырғын, күнде дау болып жататын» сол бір заманда бұлардың негізгі жауы ұлы қорған түбіндегі татарлар мен жүржіңдер болатын. Шығармада осы оқиғаның өткен уақытын кезеңін көрсетуге арналса да, онда елін, жерін сыртқы жаудан қорғауға келгенде Отаншылдық сезім басым екені анық байқалады.
«1130 жылдың аяқ шенінде татарлар мен жүржіңдер Тұғырылдың атасы Марғұз ханды тұтқындап, оны «ағаш есекке» таңып, азаппен өлтірді»,- делінген. Атасының өлімі «қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген» жас баланың тағдырын айналып өтпеді. Жеті жасар Тұғырыл тұтқынға түсіп, меркіттердің есігінде құлдықтың қамытын киді. Ауыр жұмысқа жегіліп, келі түйіп, бидай түктеп, тамақтың қалдығын жеп, арып-ашып жүріп күнелтті. Жеті жасар баланың ауыр тағдырын жауларының қолынан арашалап алып шығу әкесі Құршақұз Бұйрық ханның еншісіне тиді. Амалын тауып баласын құтқарып алды. Дегенмен, әкелерінің өлімі ұлдарының арасындағы таққа таласқа әкеліп соғады. Ақыры керейлердің берекесіздігі халықты екіге бөліп, соңы татардың Ажай ханының осал жерді аңдып отырып, ту сыртынан пышақ тығумен аяқталады. Ел бірлігінің азаюының салдары Құршақұз Бұйрық ханның қолға түсуіне әкеліп соқтырды. Осы жолы Тұғырыл екінші рет жау қолына түседі. Бұл кезде жасы он үште болатын. Татардың Ажай ханы Тұғырылдың әкесі Құршақұз Бұйрық ханның көзін жойып, баласының мойнына «құлдық қамытты» бір жолата кигізеді. Бұл жолғы тағдыры біріншісінен де қиын, нағыз құлдарша өмір сүріп, өмірдің ең қиын кезеңдерін басынан өткізіп жүрді. «Жүрегінде оты, көкірегінде дерті бар» жас азамат құлдықтан құтылудың айла-шарғысын жасап, басқа құлдардың сеніміне кіріп, солардың көмегімен Ажай ханның бір жақсы атын мініп, қашып кетеді.
Бұл кезде Тұғырыл 18 жасқа шыққан «ат жалын тартып мінетін, апталдай азамат» болған еді. Еліне аман-есен оралған жас тұлпар ендігі уақытта басынан өткен қиындықтарды сүзгіден өткізіп, кек алатын кезеңдерді ойлайды. Тұғырыл жан-жағын терең бағамдап арқа сүйер, сүйеніш болар хан іздеді. Ойлана келе «ел аралас, қой қоралас» болғанын жақсы білетін Есугей баһадүрді іздеді. Оның үстіне Есугейдің атағы алты алашқа мәлім еді. Есугейге келіп барлық мән-жайды түсіндіріп, ата мұратын ардақтау жолында ешнәрседен тайынбайтынын жеткізеді. «Қазір менің қолымда хандық тізгін емес, ата кегінің арманға айналған ұзын бұйдасы ғана бар»,- [3,74] деген Тұғырыл сөзіне хан селт етседе, жымын білдірмеді. Ақыры Тұғырылды 20 жасында, 1150 жылы хан тағына отырғызды. Тұғырылдың хан тағына отырғаннан кейінгі тағдыры да, басынан бұлбұл сайрамады. Ағайынды бауырлардың арасындағы алты бақан алауыздықтың соңы қан төгіске ұласты. Қаны бір бауырлас ұрпақтың бір-біріне қанжар көтеруі қара халықты үрейлендіргенмен, тез ес жидырды. Тұғырылды халқы түсінді.
«Жақсыдан жаман туады аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады адам айтса нанғысыз» деген дана халқымыздың қайталанбас ғажап сөзін Горыханның іс-әрекетіне қарата айттық. Қыршын қиылған қос бауырдың тағдыры үшін ағасынан кек қайтармақ болған Горыханның ақылсыз әрекеті барлығына бас болған Құтлық ананың ашуына тиді. «Түнде алпауыт бөрілердің қорғауында жүретін, піріміз- маралдың ықыласын алған киелі ана», Құтлық ана болатын. Тұғырылдың әжесі. Ақылды, данагөй, ержүрек, батыр. Осы данагөй, абыз ана Тұғырылға былай дейді:
- Е, қарағым Тұғырыл,- деді бір күні халық жаңадан хан көтерген ұлымен жеке әңгімеде отырып, - «ашу – дұшпан ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос» дейді екен бұрынғылар. Сенің ашу шықыратын да жөнің бар. Бірақ жаратқан тәңір аспаннан түсетін жауын мен қарды әмісе жаудыра бермейді. Керулен өзені де үнемі тасымайды. Табиғат ананың буырханатын, бұрқасындататын шағы болады. Адамдар осы анасына тартқан. Жауынның артында жадырау, тасудың артында басылу болғаны жөн. Ашу созыла берсе, дау көбейеді, дау көбейсе, жау көбейеді, жауы көптің жазымы көп. Бұл – бір. Екінші айтарым,- деп сабақтады сөзін қарт әже,-анау аталарың Марғұз Бұйрық хан дәуірінде керей елі шалқыған, атақ-даңқы шығыста Алтын хан еліне, батыста Сартауылға жеткен. Найманның атақты ханы Байбұқа, уақтың ханы Алакүштегін, меркіт елбасы Тоқтабек, Монғол ханы Қабыл, Мардан хандар, қоңыраттың Тай шешені... Бәрі де осы шаңырақтан дәм татқан, талай рет берекенің қазанын асып, қолдарын қанға матырысқан, жауға қарсы одақ құрысып, үзеңгілес өткен. Айтпақшы болғаным шашыраған өз еліңді қайырмаққа келтіріп алған соң, басқа елдердің хандарымен, халқымен таныс, оң-солыңды ұқ, алыс-жақынды ажырат. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деп ата-бабаң тегін айтпаған...[3, 79]. Дана қарияның көрегендігі, немересінің тақта ұзақ, әрі бақытты отыруының саяси астарын ақылмен, байыппен жеткізді.
Тұғырыл ханның таққа ұзақ отыруы Темучиннің хан тағына келуіне септігін тигізді. Тіпті қойнындағы қас сұлу Бөртені олжалағандардан да Тұғырыл ханның арқасында кегін алып, «Шыңғыс хан» дәрежесіне дейін көтерілді. Жазушы Тұғырыл ханды айтпайды, айтқанынан қайтпайтын бір беткей батыр ретінде суреттейді. Көкше әулиеге болашағын болжатып, әулиенің болжамдарына өз болжамдарын қоса айтқан Құтлұқ бике әженің сөзін елемейді. Әжесі:
«- Бұдан кейінгі сенің нағыз қамқоршың бірінші – тәңір, сонан соң Көкше әулие болмақ, қаншалық астамшылап кетсең де, тәңірдің сүйген пендесі Көкшені есіңнен шығарма...» [3, 81]
1180 жылы 50 жастағы Тұғырыл ханға анда баласы келіп, Бөрте сұлудың әкесі Тай шешен берген қара бұлғын ішікті тарту етеді. Осы сәтте ханның есіне анда баласының әкесі Есүгей баhадүр, бұрынғы достығы мен жақсылығы есіне түсіп, келесі өлең жолдарын айтады:
«- Қолыңа тиген билікті
Мықты ұстар деп сенемін.
Қақ жарылған еліңді,
Алдыңа салып беремін...» [3, 83]
Хан өзінің батыл шешімі мен айтқан сөздерінде тұрды. Есүгей баhадүрден қандай көмек қолдау көрсе, анда баласына да көмектесіп, шашырап кеткен халқының басын қосып, монғол тайпаларын біріктіріп, Монғол хандығының тізгінін Темучинге ұстатты. Әжесі есіңнен шығарма деген Көкше әулиені де анда баласынан айамай 1 жыл бұрын 1179 жылы жанына қосып берген еді. Осылайша Тұғырыл ханның көмегімен Темучин хан болып шыға келді.
Алайда Құтлұқ әжесінің Тұғырылға:
- Есіңде болсын, қарағым... алыстан айғайлап келген жауды алу оңай. Ең қатерлісі – абайсызда аңдатпай соғатын ірге жау. Бәлкім ақырғы қауіп те осыдан болар. Осыған сақ бол...»,[3, 81] - деп ескертуі көрегендік болатын. Шын мәнінде ажалының «анда баласынан» келетінін алдын ала әулиелер білді. Оған Тұғырыл хан мойын ұсынбады. Жыланды бауырына басып, айдаһарға айналдырды. Ақыры сол айдаһардың айтқанына көніп, айдағанына жүрді. Оның оңтайлы тұсты күтіп жүргенін аңғармай да қалды. «Күшік асырап ит еттім, балтырымды қанаттының» кебін иіп, ажал айдаһарының қолынан зорға қашып құтылады. Әл дәрмені біткен, қарсыласуға күш-қайраты қалмаған тұста, жылдар бойы сенімді серігі, жан жолдасы болған Қадақ батыр Шыңғыс әскерімен жеке шайқасып, өз ханын құтқарып үлгереді. «Өз ханымның жат қолында өлуін көруге дәтім шыдамады. Хан ием аман-есен құтылды, енді өлсеи арманым жоқ...»,[3, 93] - деген батыр сөзі ханына деген адалдықтың, пәктіктің, тіпті патриоттықтың эталонын көрсетті. Шыңғыстай аузын айға білеген тойымсыз ханға қасқайып қарсы тұру нағыз ерлік. Жазушы шығарманың көркемдік деңгейін жас ұрпақтың санасына ұлт үшін қызмет ету керек болса Қадақ батырдай болуды аңғартады.
Нәтижелер. Жазушының «Тұғырыл хан» еңбегіндегі «Ажал алдындағы ойлар» бөлімі психологиялық тұрғыдан ешбір ымыраға келмейтін, қарама-қарсылықты, бітіспен күрес-тартысқа толы болса, шығармадағы трагедиялық қаһарман Тұғырылдың ауыр тағдыры, терең ойы оқырманды еріксіз елең еткізеді.
Шығармадағы көркемдік образды - Тұғырыл ханның тығырыққа тірелген кезі арқылы ерекше пафоспен жеткізеді. Көркем шығармадағы бейнелілік – жазушының кейіпкерін тартысқа түсіру үшін тудыратын бейнесі. Адамның қоғамдық өміріндегі жанды, әсерлі, эстетикалық мәнге ие суреті, жазушының соны көркем шығармада бейнелеу тәсілі. Өмірді образ арқылы ойлау, танып, бейнелеп берудегі жазушының сөз қолданысы. Мысалы, «- Қайран ел, қайран Керулен,- деді ол ауыр күрсініп, ... кешегі халқы қадірлеп, төбесіне көтерген ханның сұрпаты кеткен сұр далада босқын күйге түскен сиқы мынау, алды... мұнар, арты – жар. Қандай жағдайға тап боларын болжау қиын»,- деп, [3, 94] өз ойымен арпалысқан ханның алдағы тағдырын ішкі күйзеліспен реалисттік тұрғыда суреттеген. Бас қаһарман елімен, жерімен қоштасу арқылы, туған жерге деген қимастықты сездіріп, халқының алдындағы қайта оралмас қайран күндері үшін тағдырына налыды. Тұғырыл ханның дәурені бітіп, қазақ сахарасында Шыңғыс ханның дәуренінің жүруі, жасы келген Тұғырылға ауыр тиді. Себебі, асыраған күшігі арлан болып өзін талады. Осы арқылы жазушы әр нәрсенің өз уақыты болатынын оқырманға түсіндіре алды. Себебі, жетпістен асқан Тұғырыл ханның аттың жалы, қылыштың жүзінде ойнай алмайтынын Аймалжын бике арқылы жеткізеді.
Әдеби бейне – бір бүтін адам өмірінің картинасы. Жазушы әдеби бейнені өмір құбылыстарынан жинақтап, типтендіріп, нақтылы, бейнелі көрініс түрінде суреттеп береді. Жалқылық пен жалпылықтық бірлігі тип болса, осы екеуінің бірігуінен өмірдің көркемдігі мен адамның тіршілігі үстіндегі күрес туады. Адам – көркем образ ұйытқысы. Сондықтан адам сөз өнерінде бейнелеудің негізі болады. Жазушы адам адамды қоғамдық ортада суреттеп, оның тұрмыс-тіршілігін көрсету арқылы образын ашады. Кейіпкер бейнесін ашу үшін оның түр-тұлғасы, әдеп-салты, киім-кешегі, тұтыну бұйымдарына дейін суреттеуге мән береді [4, 247]. Ал, Тұғырылдың бейнесі өз оймен өзі арпалысып, өткен күндерін еске алған өкініші арқылы бейнеленеді. Шыңғыс ханға ілесем деп жүріп, торғайымның шырылдарын ойламаған екенмін,-деп психологиялық күйзеліске түседі. «Алдымен меркіттерді шаптым, хандығын құртып, ұлын құл, қызын күң еттім. Еңіреген елдің көз жасына, шырылдаған бала мен қаусаған қарияның зарлы үніне қарамадым, қатыгездікпен қырып салдым»,- [3, 96] деп ішкі ойымен арпалысады.
Шығарманың өн бойынан көзге түсетін тамаша қасиеттердің бірі- автордың тарихи шындықты нақты мерзімі арқылы жеткізуі. Жазушы тарихи тұлғалардың тағдырын шытырман оқиғаларды ерекше байланыстырып, көрнекті түйінді екшеп, іріктеп жеткізді. Хандардың қисынсыз әрекеттері де өздері өмір сүрген дәуірдің келбетінің көрінісі. Шығарма соңында Тұғырыл ханның із-түзсіз жоғалып кетті деген лақаптың соңы, жапан түзде бас сауғалап жүріп, өмірден озады. Тұғырыл ханның өлімі халқына ауыр тиді. Тұғырыл хан хандық құрған кезеңде әділдігімен, шынайлылығымен халқына жақын болды. Бауырына басқан баласы, өмір бойы жан дүниесіне қулық сақтап, бар жақсылықты жасатып алған соң өзектен тепті. Автор Тұғырыл мен Шыңғыстың мінездерін бір-біріне қарама-қарсы қойып суреттейді. Дәл осы мазмұндас тарихи деректі белгілі ғалым Әлкей Марғұланның «Ежелгі жыр аңыздар» еңбегінде Рашид-ад-Диннің жазбаларынан мысалдар келтірілгенін көреміз. Әлемді жаулап алуды арман еткен Шыңғысқа барлық жағдайды жасап берген және сол жақсылығынан қиянат көрген, аңғал батыр Тұғырылдың трагедиялық тағдырын, аянышты, мүшкіл халін жапан-түзде жалғыз қалдырып, құз даланың адам танымайтын хайуанына айналдыру арқылы оқырманын ойландырады. Қой терісін жамылған қасқырлардың қорада болатынын тағы да бір еске салады. Ақыры дархан даланың төсінде ит қорлықпен қаза болған Тұғырылдың басы хан бише атанған Гүлбишенің алдына келеді. Халық алдында әділдігімен аты шыға бастаған Гүлбише ханым Тұғырыл ханның денесін тапқызып, басымен бірге Алатай тауының бөктеріне ханға лайық құрметпен арулап жерлейді. «Тұғырыл хан» тарихи эссесімен Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романының өзектес болуы, сол заманның саяси-әлеуметтік халінен хабар беретіндігінде. Тұрсынхан Зәкеннің «Көк бөрілердің көз жасы» романының сюжеттік желісі «Тұғырыл хан» тарихи эссесімен өзектес, тіпті көптеген сюжеттік оқиғалары бір-бірімен жақын ұқсас. Екі шығармада да тарихтың қайталанбас дәуіріндегі тайпалар арасындағы кескілескен күрестің көрінісін бейнелейді.
Бұл зерттеулерді айтудың себебі- ғылымда тарихи тақырыпта жазылған тарихи шығармаларды талдау әлі де болса күн тәртібінен түскен жоқ. Сондықтан да болашақта тарихтың ақтаңдақ беттері зерттелсе әдебиет тарихындағы көркем туындылар да ғалымдардың назарына ілігер деген ниетпен талдадық. Тарихта болған, тарихты жасаған хандардың бейнесін тек әдебиет тарихына сүйене отырып зерттеуге мән бердік.
Қорытынды. Шығарма соңында Шыңғыс әулетінің екіге бөлінгей тұрған ұрымтал тұсында Шыңғыстың анасы Ұлан бике мен әйелдері Бөрте бике, Құлан бикелердің барлығы жабылып «Қатын тілі қара түнде қайрақ болар» дегенді дәлелдейді. Туындыда әкесіндей болған Көкшеәулие мен Шыңғыс ханның арасынан қара мысық өткізеді. Сөйтіп, Көкше әулиеге алдын ала тұзақ құрылып, құрылған тұзаққа түскен кезде ту сыртынан қанжар тығады. Оның негізгі себебі, ханның болашағының барлығын болжап, жеңіске жетер жолындағы ұстазы, өгей әкесі Көкше әулие Шыңғыстың барлық құпиясын білетін жалғыз адам. Шығарманың мазмұндық ерекшелігіне сүйене отырып, әулиенің өлімі психологиялық трагедияға әкеліп соқты. Тарихи эссе соңында әулиеге құрмет көрсетіліп, арулап жер қойнына тапсырамыз деген жоспары мифтік сюжетпен аяқталады. Әулиенің аты әулие, мүрдесінің өзі орнында болмайды. Көркемдік қиялды да шынайы суреттеген. Көркем шығарманың сюжеттік желісінде атақты хандар Тұғырыл, Шыңғыс, Жамуха, Көкше әулие, Кетбұға т.б. бас кейіпкерлердің ақылды әйелдерінің іс-әрекеттері шынайы дана әйелдердің сұлу бейнесі арқылы суреттелген. «Тұғырыл хан» шығармасы халқымыздың тарихына, тағдырына тікелей қатысты болған бір кездегі Тұғырыл, Шыңғыс, Жамуха сияқты айбарлы хандардың хандық құрған, тарихтың қозғаушы күші бұқара халықтың басып өткен жолынан мол мағұлмат беретін тарихи, тағылымды шығарма. Жазушы осы туындысы арқылы тәуелсіздікті аңсаған халқымыз үшін татулық пен бірліктен артық еш нәрсе болмайтынын тағы бір дәлелдей түсті. Өскелең ұрпаққа өткен тарихтың қатпарлы кезеңдерінен сыр шертіп, болашағымыздың жарқын боларына үмітпен қарады.
Әдебиеттер
- Бердібай Р. Тарихи роман. Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1997. – 336 б.
- Мәмбетов Ж. Зейнолла Сәніктің шығармашылық мұрасы. Монография. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 267 б.
- Сәнікұлы З. Тұғырыл хан. Тарихи эссе. – Алматы: «Palitra Press», 2020. – 354 б.
- Жұртбай Т. Дәнекер тұлға// Зейнолла әлемі: мақалалар мен естеліктер. –Алматы: Ан-арыс, 2017. -424 б.
- Зәкен Т. Көк бөрілердің көз жасы: тарихи роман. –Алматы: Ан-арыс, 2017. – 320 б.
- Кудайбергенова К.Т. Әдеби бейне және бейнеліліктің теориялық негіздері. ЕГИ хабаршысы, 2020, №4. – 244б.
- Құрманбаева Г., Сәленұлы Ж. Дәнекер тұлға. – Алматы: «Мерей» баспасы, 2022. – 352 б.
- Сәнік З. Тұғырыл хан. Дәмежан батыр. Тарихи эсселер, ғылыми зерттеулер. – Алматы: Қаз ақпарат, 2005. – 269 б.