Home » Басты тақырып » Жаңаөзен тағы толқуда. Жұмыссыз жұрт өтіріктен шаршаған

Жаңаөзен тағы толқуда. Жұмыссыз жұрт өтіріктен шаршаған

Жаңаөзен толқуда. Толқымай қайтсін, 8 жыл бойы жұмысқа қабылдауға мораторий жарияланғалы халық жұмыс таба алмай сандалуда. Жергілікті тұрғындардың көшеге шығып, жұмыс сұрап тұрғандарына он шақты күнге жақындады. Қаланың орталық алаңын соңғы екі күннен бері полиция бақылауға алды. Қала әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлімі орналасқан “Неке сарайы” ғимаратының алдына жиналған жұмыссыздар мекеме алдын босатар емес. Халықтың талабы 150 мың теңге жалақысы бар жұмыс пен жастарп мәселесі. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа видео үндеу де жолдады.

Ал, жергілікті билік мәселені шешеміз дейді. Осы мәселені шешу үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуде. Ақпанның 23-і күні Жаңаөзенге еңбек жәрмеңкесін өткізуге келген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Ысқақов ашулы жұртқа басу айтты.

– Тыныштық сақтайық. Қазіргі кезде 87 адам тегін оқуға жолдама алды. 91 адам жұмысқа алынды. 100 мың теңгеден асатын айлық төлейтін 400-дей жұмыс орны бар. Оларды Әділбек Құлынтайұлы (Жаңаөзен қаласы әкімі) қазір бәрін төрт ғимаратқа бөліп, азаматтардың әрқайсысын жеке қабылдап, қолына анықтамасын береді. Елдің амандығы, жұрттың тыныштығы керек бізге. Айналып келгенде Жаңаөзен – қасиетті жер. Мына жағдайды пайдаланып кетпесін, – деді Ысқақов жиналған жұртқа.

Ал, жиналған жұрт бұл кезекті көз бояу дейді. Себебі, оларды жұмысқа алатын мекемелер бүгін бар, ертең жоқ кәсіпорындар екен. Жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер қашанға дейін жұмыс істейтіндерін де білмейтін көрінеді. Себебі, жаңағы кәсіпорындар  ұтып алған тендерлері бітіп қалған соң жұмыстан шығарып жібереді немесе кәсіпорын жабылып қалады.

Жұртшылыққа жұмыс ұсынып келіп тұрған мекемелер керісінше, жиналғандардың ашуын келтірген көрінеді. Ақтау қаласынан келген құрылыс компаниялары 70-90 мың аралығында еңбекақы ұсыныпты.

«Бұл ақшаға жанұямызды асыраймыз ба? Әлде жол шығынымызды жабамыз ба, әлде пәтер жалдаймыз ба?» деген көпшілік 2011 жылы қойылған мораторийді алып тастап, жаңа жұмыс орындарын ашуды талап етіп отыр.

                                                     Жаңаөзен тұрғынының арызына ресми жауап

 

2011 жылы еңбекақысын даулап шыққан жұртшылыққа полиция оқ атып, бірнеше адам қаза тапқан болатын. Сол оқиғадан соң ҚазМұнайГазға қарасты барлық мекемелер жұмысқа алуға мораторий жарияланған болатын.

Өзін Ләззәт деп таныстырған тұрғын сол 2011 жылы оқу бітіріпті.

-Содан бері жұмысқа орналаса алмадым. Мамандығым автоматтандыру. ӨзенМұнайГазға қарасты УАТ компаниясынан іс-тәжірибеден өттім. Бармаған жерім қалмады.  Бәрінің айтатыны мораторий. Тазалық мекемелеріне жұмысқа жібереді. Айлығы шайлығына жетпейтін. Тобымызда 20-30 адам оқыды. Ал, енді ойлай беріңіз сол сегіз жылда қанша дипломды жас  жұмыссыз қалғанын дейді Ләззәт.

Осы жағдайға қатысты белгілі заңгер Айгүл Орынбектің пікірін білген едік.

-Заң бойынша бұл дұрыс емес. Себебі, өзіміздің азаматтарды жергілікті мемлекеттік компанияларға жұмысқа алуға мораторий қойып қою дұрыс емес. Бұл тек қана Жаңаөзенде емес екен. Ақтауда да солай деп жұрт жазып жатыр. Бұл Қазақстан Республикасының азаматтарының құқығын шектеу. Яғни, шет ел азаматтарына біздің мұнай компанияларында жұмыс істеуіне болады да, бірақ біздің азаматтарға болмайды. Бұның өзі ұлтараздығын тудыратын үлкен мәселе. Жергілікті билік бұл мәселені тездетіп шешу керек. Маған Жаңаөзеннен жастар хабарласып жатыр. «Біз қазір ашынып отырмыз. Неге шет елдің азаматтары бізге келіп жұмыс істейді де, жергілікті тұрғындар мына біз, неге жұмыс істемейміз?»  деп. Бұл 2011 жылғы болған оқиғадан кейін жергілікті халыққа көрсетілген қысым деп ойлаймын.

Біз осы мәселеге байланысты ӨзенМҰнайГазға қатысты ресми тұлғаларға хабарласып, жауап ала алмадық. Барлығы жиналыста екен.

Маңғыстау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, облыстың түрлі кәсіпорындарындағы орташа айлық жалақысы 110 мың теңге болатын жұмыс орындарына 3800-ден астам өтініш қабылданған.

 

Оңғар Қабден

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Әміржан Қосанов: Мен ауруханаға түсіп қалдым

Қымбатты сайлаушылар, серіктестер, достар! Сайлау өтті. Сайлаудан соң лезде, 10 маусым күні таңертең мен штабта ...