13 сәуірден бастап режиссер Данияр Амангелдиевтің дебюттік көркем фильмі - «СЕНБЕ» отбасылық комедиясы прокатқа шықты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Фильмде ұсақ-түйек айла-шарғымен бай әйелдердің есебінен пайда тапқан алаяқ туралы айтылады. Дегенмен, фильм соңында ол үлкен байлыққа кенеледі.
Айта кетейік, идея авторы және режиссері – танымал клиптердің режиссері Данияр Амангелдиев. Ол Молданазар, V$XV Prince, Say Mo, Raim, Sadraddin және тағы басқа өнерпаздарға клип түсірген. 2022 жылы GAKKU телеарнасында «Түймедақ» телехикаясы на да режиссер ретінде де өнер көрсетті.
«Алғашында заманауи Алдара-Көсе жасау идеясы болды. Жазушылармен синопсисті талқылай бастағанда, біз тағы бірнеше режиссердің осыған ұқсас оқиғаны түсіретінін білдік. Екеуімен де сөйлестім, бұл жобалар аяқ астынан жүріп жатыр екен. Ешкім ешкімге араласпайды. Бірақ сценариймен жұмыс істеу барысында біз бірінші тұжырымдамадан алшақтап, алаяқтардың тұтас бір отбасысы пайда болды”,- дейді режиссер.
Жалған отбасының әкесі атанып, басты рөлді сомдаған – Жандос Айбасов.
«Көптен бері басты рөлдерде ойнамадым. Мен актер ретінде осы атмосфераға қайта кіруге мүдделі болдым. Иә, мен жігіттерді қолдағым келді. Мен әрқашан дебютанттарға қолдау көрсетуге тырысамын. Рөлді ойнай алмасам да, тым болмаса нұсқап, кеңес беремін. Бізге жаңа мамандар қажет, біздің индустрия соны талап етеді, өйткені Қазақстанда кино өте жақсы дамып келеді», -деді Жандос Айбасов.
Күн сайын мыңдаған қазақстандықтар түрлі алаяқтардың құрбанына айналуда. Бұл үлкен алаяқтық туралы қызықты фильм ғана емес, сонымен қатар моральдық оқиға.
Басты рөлдерде Қарлығаш Мұхамеджанова, Бақытжан Әлпейісов, Алма Сағындық және Бақытжан Ақпаровтың (Баха Пупер) ойнады. Ал кішігірім, бірақ маңызды рөлдерді Ержан Жаманқұлов, Мәдина Ақылбекова, Ақжол Серікжанұлы (Альфа) және Альберт Титте сомдады.
Айта кету керек, фильмді шығаруда режиссер музыкаға да баса назар аударған. Өйткені, саундтректердің негізгі бөлігін белгілі рэпер DASHXX арнайы жазған.
«Біз DASHXX-тен мұндай қолдау күткен жоқпыз. Бастапқыда біз одан фильмімізге бір трек жазуын өтінген едік. Біз оған фильмді монтаждап жібердік, трейлерін көрсеттік, біраз уақыттан кейін ол бізге хабарласып, бірнеше ән жазып, EP-альбом жасағысы келетінін айтты. Біз үшін бұл тосын-сый болды», -дейді режиссер.