«МЕНІҢ ПІРІМ – СҮЙІНБАЙ» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЖАС АҚЫНДАР АЙТЫСЫ

427

Айтыс өнері – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан, халқымыздың асыл мұрасы.  Айтыстың асқақтауына, өлеңнің өрбуіне, тарихымыздың толығуына талай тамаша еңбектерін мұра еткен, айтыс  өнерінің алтын діңгегі – Сүйінбай Аронұлы екені баршамызға мәлім.

Атақты Сүйінбай бір ғана Жамбыл емес, өзінен соңғы ақындардың бәріне  ұстаз. Ғасырға жуық тарихы бар, "ұстаздар ұстаханасы" болып  табылатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұстаздықты  ұлықтау, ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттау мақсатында  2019 жылдың 19-20 ақпан күндері дәстүрлі «Менің пірім - Сүйінбай» республикалық  жас ақындар айтысын  ұйымдастырды.

Аламан дода Жастар жылы аясында өтіп, еліміздің 30 жоғары оқу орнынан 58 жас ақынның басын қосты.

Ақындар айтысын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, атақты ақын – Жүрсін Ерман төрағалық  еткен қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасының құрамында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,  халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері,   ақын Серік Қалиев, Қазақстан  Жазушылар одағының мүшесі,  Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері  Манарбек Ізбарасаров,  Республикалық және халықаралық айтыс додаларының жеңімпазы, айтыскер ақын Ринат Зайытов,  Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы,  ҚР мәдениет саласының үздігі айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтар болды.

Дүбірлі додаданың іріктеу кезеңінде 58 ақын, яғни 29 жұп бақ сынасып, үздік танылған 20 үміткер ақтық кезеңге жолдама алды.

Ақтық кезеңнің айтысы Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы аясында, ұстаз мәртебесі, білім, ғылым, әлеуметтік салада жастарды толғандыратын мәселелер төңірегінде өрбіді.

Айтыс қорытындысы бойынша ІІІ орынға тең ұпай жинаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Жеңісхан Қазыбек пен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің студенті Тілеутай Айшолпан орналасып, әрбір ақын 100 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

ІІ жүлделі орынды Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті Совет Төрехан иеленіп, 150 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Маратбекова Жұлдызай І орын иегері атанып, 200 000 теңге көлеміндегі марапатқа ие болды.

Аламан айтыстың Бас жүлдесін «Қайнар» академиясының студенті Апуажанов Жақсылық жеңіп алып, 350 000 теңгемен қаржылай марапатталды.

Сонымен қатар, ақтық кезеңде үздік өнер көрсеткен 6 айтыскер ақын «Абай Құнанбаев», «Жамбыл Жабаев», «Сәкен Сейфуллин», «Мәлік Ғабдуллин», «Ерік Асқаров», «Оразалы Досбосынов» атындағы арнайы жүлделерімен және 50 000 тенге көлеміндегі қаржылай сыйақымен марапаталды.

Өткір сөзімен, ұшқыр ойымен ерекшеленген 9 ақын арнайы номинацияларға ие болып, 30 000 теңге көлемінде ақшалай марапатталды.

Аламан бәйгеде озып шапқан дүлдүл ақындар мен айтысты тамашалауға келген барша өнер сүйер қауым ұйымдастырушыларға дән ризашылығын білдірді.

Тағы бір айта кететін жайт,  Абай университетінде республикалық айтыс аясында дарынды айтыскер ақын «Оразалы Досбосынов» атындағы жас ақындар орталығы ашылды.  Университет түлегі Оразалы Досбосыновтың құрметіне ашылған бұл орталықта келешекте ойы ұшқыр, шабыты шалқар жас ақындар легі тәрбиеленіп, қазақтың айтыс өнерін дәріптеуге үлкен үлес қосатындығы сөзсіз.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-нің

Тәрбие жұмысы және

әлеуметтік даму жөніндегі

проректоры, профессор

Жанатбек Ішпекбаев

Пікірлер