Петропавлдегі “Халық кеңесін” құрдық деген сеператорлар кешірім сұрап, ұйымның белсенділері өз әрекеттерін түсіндіруге тырысып, оппозиция жетекшісі Мұхтар Әблязовті және видеоны жариялаған “Бәсе” каналын жала жапты деп айыптады. Бұл туралы олар желіге видео жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Олардың айтуынша, тараған видеода олар тәуелсіздігін Қазақстаннан емес, олигархтардан алу керегін айтқан.
"Өкінішке қарай, Қазақстанда олигархтар мен жемқорлар түріндегі корпоративтік құрам бар. Біз осы корпоративтік құрамдас бөліктен тәуелсіздігімізді, автономиямызды және егемендігімізді жария еттік", - дейді олар.
Сондай-ақ, олар кейбір БАҚ, блогерлер, видеоны таратқан “Бәсе” каналының және Мұхтар Әбілязовтың жала жапқанын айтып, ақталды.
«Бұл процесті Әблязов және басқа да көптеген блогерлер жүргізді, олар халықты адастырды. Біздің соңғы жылдардағы іс-әрекетіміз оның тек бейбіт шешімдермен ұштасып жатқанын растайды.
Бізге және біздің жақындарымызға қауіп төнуде. Айғақтардың барлық скриншоттары ҰҚК қызметкерлері тәркілеген телефондарымызда бар. Мүдделі тараптар бұл жағдайды елде алауыздық тудыру үшін әдейі пайдаланып отыр», - деп қосты белсенділер.
Еске салайық, петропавлдық белсенділер әлеуметтік желілерде Қазақстан саясатын сынайтын парақшаларды жүргізеді. Олар Қазақстан билігінің өкілдерін, заңнамалық актілерді мойындамайды. Белсенділер өз басылымдарында Қазақстан Республикасын «корпорация» деп атайды.
ҰҚК мен Солтүстік Қазақстан полициясы сепаратизмді насихаттау фактісі бойынша тергеу бастады.