Путиннің шақыртуымен Қытай басшысы Ресейге арнайы баратынын мәлімдеді

3450
Adyrna.kz Telegram

ҚХР басқарушы партиясының басшысы Си Цзиньпин Владимир Путинмен шақыртуымен Ресейге аттанбақшы. Ресми кездесу 20-22 наурыз күндері өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы The Wall Street Journal журналистері хабарлады, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 

Басылымның 21 ақпан күні жазған жаңалығында:

"Қытай көшбасшысы Си Цзиньпин алдағы айларда Ресей президентімен мемлекеттік деңгейдегі кездесу үшін Мәскеуге баруға дайындалып жатыр", - деп хабарлаған еді.

Сонымен қатар, олар Қытайдың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты шешуде маңызды рөл атқарғысы келетінін жазды.

Ал Ресейлік "rbc.ru" агенттігі ресми кездесудің саяси маңызын былай айшықтады:

- Кремль 17 наурызда Си Цзиньпиннің Мәскеуге арнай келетінін жеткізді.  ҚХР төрағасының сапары үш күнге созылады. Қытай көшбасшысы Ресей президентімен стратегиялық өзара іс-қимылды дамытуды талқылайды, мемлекет басшылары халықаралық аренада Ресей-Қытай ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасады. Сонымен қатар, келіссөздер аясында "бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға" қол қойылады деп күтілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайдың сыртқы істеріне жауапты Ван И Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысты шешуге қатысты ұсынысын жеткізген еді. Мұны Ресей басылымдары сан-cаққа жүгіртіп, өтірік-шыны аралас біраз жазды. Орыс тілді басылымдар әлі де Қытай басшысының Ресейге арнайы ат басын бұруын батысты тізе бүктіртіп, АҚШ пен Еуропаның Украинаға қару тасымалдауын біржолата тоқтатады деп сенеді.

Дегенмен, Қытай көшбасшысын Путиннің өзі бірінші болып 2022 жылдың желтоқсанында Мәскеуге шақырған.

Путиннің айтуынша, бұл сапар "күллі әлемге Ресей-Қытай байланыстарының беріктігін көрсетіп, жылдың басты жаңалығына" айналатын сапар болмақ.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер