Жеке тұлғалар да салықтық рақымшылыққа ілігеді

2094
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2019/02/min-2.jpg
1,3  миллион қазақстандықтың мойнында 17 млрд теңге салықтық қарыз бар. Бұл туралы қаржы министрлігінің алқа мәжілісінде мәлім болды. Министр Әлихан Смайыловтың сөзінше, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша 1,3 миллион адам 17 млрд теңге көлеміндегі салықтық қарызды арқалап жүр. Оның 5 млрд теңгесі – өсімпұл. «Осыған орай Салық кодексіне өзгертулер енгізіледі. Салықтық рақымшылықты осы жылдың соңына дейін өткізу керек. Амнистия көлік, жер, мүлік салықтарын қамтиды. Негізгі салықтық қарызды өтеген адамдардың өсімпұлы кешіріледі», – деп толықтырды сөзін бас қаржыгер. Еске сала кетейік, биыл мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілеріне салықтық рақымшылық жарияланған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырылуда. «Салықтық рақымшылыққа 90 мыңға жуық кәсіпкер ілігеді. Бүгінде 28,5 мың кәсіпкер 6 млрд теңге көлеміндегі қарызын өтеді. Тиісінше, олардың 1,3 млрд теңге шамасындағы өсімпұлы мен айыппұлы кешіріледі», – деді Әлихан Смайылов. Шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған салықтық рақымшылыққа 2018 жылдың 1 қазанына дейін жинақталған 358 млрд теңге көлеміндегі қарыз жатқызылған болатын. Қазақстанда тәуелсіздік алғалы бері үш мәрте салықтық рақымшылық жасалған. Алғашқы амнистия 1997-1999 жылдары өткізілсе, екінші, үшінші акциялар сәйкесінше, 2011 және 2015 жылдары ұйымдастырылған. Салықтық рақымшылықтың нәтижесінде бизнес өкілдері қомақты қарыздан құтылып, кәсіптерін қайта жандандыруға мүмкіндік алды.

Фархат Әміренов

Комментарии