Қазіргі қымбатшылық 10 жыл бұрынғы үкіметтің қателігі – Мақсат Халық

4436
Adyrna.kz Telegram
Фото: strategy2050.kz
Фото: strategy2050.kz

Соңғы кездері азық-түліктің бағасы шарықтап өсіп кетті. Ал бұл қымбатшылықты тоқтатуға Үкіметтің қауқары жетер емес. Қымбатшылықты әкімшілік жолмен тұрақтандыру дұрыс па, жоқ әлде бағаны еркіне жіберу керек пе?

">ADYRNA ULTTYQ PORTALY ютуб каналында осы және өзге де сұрақтарға белгілі экономист Мақсат Халық жауап берді.

Елімізде қымбатшылық мәселесі ушығып тұр. Тап қазіргі таңда көпшілік қауымды базардағы баға қатты алаңдатып отыр. Бағаны еркіне жіберу барлық капиталистік елдерге тән нәрсе. Дегенмен бағаны әкімшілік күшпен ұстап тұру дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па? Кейде біз «әкім қайда қарап отыр?» деп атамыз. Бағаны ұстап тұрудың қандай жолы бар?

– Сұрағыңыз өте орынды. Шыны керек соңғы уақыттарда қымбатшылық қарқынды болып келе жатыр. Былтырғы ресми мәлімет бойынша инфляция 20,3 пайызды құраса, азық-түлік инфляциясы 25 пайыздан асып кетті. Ал бейресми мәліметтер бойынша тәуелсіз сарапшылар инфляция 40 пайыз болды деп айтады. Бұл аз десеңіз жекелеген тауарлардың бағасы 70, тіпті дәрілер екі-үш есеге қымбаттады.

Ал енді осы кезеңде халықтың табысы қалай өсіп жатыр? Халықтың табысы ары кетсе 10 пайыз ғана өсіп жатыр. Мысалы 60-70 мың жалақысы бар адамның табысы 10 пайызға өссе, ол небәрі 5-6 мың теңгеге болады екен. Ал базардағы бір тауардың бағасының өзі 5-6 мың теңгеге өсіп кетті. Бұдан бөлек қаншама шығындар бар. Жолақыдан бастап балабақша, мектепке қажетті дүниелердің бәрі қымбаттады. Өкінішке қарай осының бәрі біздің халқымызды қымбатшылықтың қыспағына түсіріп отыр.  Өзім ел аралап, жер аралап келдім. Ауыл-аймақтардағы халықтың жағдайы өте-мөте мүшкіл. Бұл мәселелерге қарайтын болсақ, әрине жүрегің қан жылайды.

Негізі қордаланған мәселені шешудің жолы бар. Күні кеше тәуелсіз экономистер қатысқан саммитте болдым. Сонда сарапшылар бүгінгі қымбатшылық осыдан 10 жыл бұрынғы үіметтің жинаған қателіктерінен туындап отырғанын айтады. Енді қазіргі үкімет бір нәрсе істейін десе де, оны түзеу олардың қолдарынан келмейді. Өйткені бұған дейін үкімет жанармай мен электр энергиясының тарифтерін қолмен ұстап келді. Осының бәрі қазірге дейін жиналып қалды. Мысалы Екібастұздағы апат электр энергиясының тарифтерін төмен ұстап отырғаннан болған жағдай. Инвестиция келмегеннен кейін ЖЭС-сын жаңарту мүмкін емес. Екібастұздағы апат еліміздің бір қаласында болған жағдай, ал шын мәнісінде еліміз бойынша 70 пайыз ЖЭС ескіріп жатыр. Бұл мәселенің бәрін реттеп үшін инвестор керек. Ал олар келу үшін ол табысты кәсіп болуы керек. Табысты болуы үшін тариф бағасын өсіруі керек. Міне осындай мәселелер жиналып тұр.

Ал тарифтің бағасын көтерсе, халық наразы болады ғой...

– Электр энергиясы, дизель және жанар-жағармайдың бағасы ұзақ уақыт тұрақты болып келді. Енді оны шамалы көтеріп жіберсе, өзге тауарлардың бәрі қымбаттап шыға келеді. Сондықтан да қымбатшылықтың ауылы алда деп ойлаймын. Бұл мәселеден бір нәрсе етіп халық өтуі керек. Сарапшылар бұл мәселені шешу үшін 1990 жылдардағыдай «Шоковая терапия» секілді шешім қабылдануы мүмкін екенін айтуда.

Ал енді бағаны тұрақты етіп ұстап тұру мүмкін бе? Мемлекет әлеуметтік маңызы бар 19 тауарды айқындап, олардың бағасын ұстап отырамыз деп әр өңірде тұрақтандыру қорларын құрды. Оларға миллиардттар қаржы аударады. Супермаркеттерге «Азық-түліктің бағасын ұстап отырасың. Ал үстіндегі шығындардың бәрін біз өтейміз» деп келіседі. Мұндай тактикалық шешім пандемиядан кейін оң әсерін берді. Әйтсе де мұны ұзақ мерізімде бағаны қайта-қайта тұрақты етіп ұстап тұрып, оған бюджеттен миллиардтап ақша аударта беру, оң нәтижесін бермейтін шешім.   

Бұдан шығатын жол бар ма?

– Қазіргі таңда «Бағаны неге тұрақты ұстап тұрмайсың?» деп жоғары жақтан әкімдерге ұрсады. Әкім ең соңғы инстанциядағы дүкен мен базардағы сатушыға «Бағаны неге көтересің?» деп алқымнан алады. Бұл себебімен емес, салдарымен күресу болып саналады. Проблема шаруалармен жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанынан басталады. Мәселен шаруаның тауарын халыққа жеткізу үшін ортада қаншама делдалдар болады. Үкімет базар мен дүкендегі сатушымен емес, ортадағы делдалмен күресуі керек.

Негізінде біз «Либералды экономикалық нарық құрамыз. Оған үкімет араласпау керек» деп келе жатырмыз. Бірақ үкімет қай жерде араласып, қай жерде араласпау керек екенін жақсы білуі керек. Егер үкімет ортада делдалдар тым көп болып, олар бағаны келісіп қойып жатса, оған араласып, жазалау шарасын қолдану керек. Егер ол жазаланбаса, онда бұл процестер жалғаса береді. Делдалдардың кесірінен баға қымбаттай береді.

Үкімет нарықта бір монополист болып, бағаның бәрін сол реттеп отырса, араласып, реттей алады. Ал бізде үкімет қолмен бағаны реттеймін деп әрекет жасайды. Бірақ ол ұзақ мерізімге қойылған мина. Ертең ол жарылса, оның түбі жақсылыққа алып келмейді. Бұл жағдай бұданда зор қымбатшылыққа, яғни, әлеуметтік шиеленіске алып келеді. Сондықтан бұл жерде үкімет жүйелі түрде жұмыс істеуі керек.   

Біріншіден, «Қазіргі азық-түлік бағасын түсіруге бола ма?» деп сұраса болады деп айтушы едім.  Шаруалармен келісім жасалып, оларға жетпей жатқан ауыл шаруашылық жерлерін реттеуге көмектесуге болады. Шаруаларға қажетті тұқымдарды жеткізіп және қажетті техниканы жеңілдетілген несие арқылы алуға мүмкіндік беру керек. Содан кейін барып шаруалармен келісім жасалады. Мысалы Үкімет шаруалармен «Сіздер осынша тонна өнім өндіресіздер. Біз оны мына бағада сатып аламыз» деп келісімге келу керек. Қазірде осындай келісімдер жасалып жатыр. Бірақ оның нақты нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Үкіметпен арнайы келісім болса, шаруа «Өнімімді қайда сатамын» деп алаңдамайды. Шаруа белгілі бір компания өз өнімін сатып алатына сенімді болса, алаңсыз шаруасын істеп жүре береді. Арада делдал болмаса тауар әлдеқайда халыққа арзан бағада жетер еді. Үкімет осы шаруаны қолға алса, қазіргі бағадан төмен азық-түліктің арзандауына қол жеткізеді.    

Ал енді бұл жерде екінші бір мәселе бар. Біз бағамен күресуге қатты ұмтылмауымыз керек. Егер біз бағаны тежей беретін болсақ, аталған салаға кәсіпкерлер келмейді. Соның салдарынан компания банкротқа ұшырап, көп адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Қымбатшылықтан кейінгі ең үлкен проблема жұмыссыздық болып қалады. Ұзын сөздің қысқасы бұл жерде жүйелі жұмыс керек.   

– Отандық өндірістің аз болуы бағаның қымбаттауына әсер ете ме?

– Әрине. Негізі нарықта бәсеке болғаны жақсы. Бізде кей салада монополистер отырады. Олар «Мағанда қымбат баға ыңғайлы, сағанда ыңғайлы. Бағаны көтерсек екеумізде жақсы табыс табамыз» деп өзара оп-оңай келісімге келіп алады.  Сондықтан нарықта кем дегенде 6-7 ойыншы болса, олардың қандайда бір келісімге келуі мүмкін емес. Олар келісімге келгеннің өзінде ішіндегі біреуі «Сендер бағаны көтере беріңдер. Ал мен арзан сатамын» деп тиісінше бәсекеде ол ұтып шығады. Сол себепті нарықта көп ойыншылардың болғаны маңызды.   

– Қымбатшылықтың болуына Еуразия экономикалық одағының қаншалықты әсері бар?

– Қымбатшылықтың себебін іздеген кезде біздің шенеуніктер сырттан келіп жатқан инфлияция деп айтқанды жақсы көреді. Иә, сөз жоқ сырттан келіп жатқан инфлиция бар. Бірақ инфлияцияның көп бөлігі іштен болып жатыр емес пе? Сонымен қатар Ресейден көбірек қымбатшылық келді. Неге? Себебі біздің елде рублдің құны теңгемен салыстырғанда айтарлықтай өсті. Осының нәтижесінде Ресейден келетін тауарлар автоматты түрде қымбат болып келіп жатыр. Біздің стратегиялық қателігіміз нарығымызды Ресейге беріп қойғандығымыз болса керек. Ресейге нарығымызды беріп қойғанымыз соншалықты 2021 жылдың қорытындысы бойынша, сырттан келетін импорттың 42 пайызын Ресейден алатын болғанбыз. 2022 жылдың қортындысы бойынша бұл көрсеткіш 37 пайызға азайыпты. Бірақ бұл да аз емес. Демек біз әрбір шет елден келетін тауарлардың көп бөлігін Ресейден алып отырмыз. Сондықтан да Ресейден алып отырған тауарлардың бағасы қымбаттап кетті. Бұл өз кезегіде біздің нарыққа кері әсерін тигізді.    

– Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін рубль құнсызданудың орнына қымбаттап кетті. Мұның себебі неде?

– Бұл негізі таза Путинның саясаты деуге болады. Ол рубльді қолмен бекітіп, ұстап отырды. Олар «Қанша санкция болып жатса да, рубльді күшті етіп көрсеткісі келді.  Осындай саясаттың нәтижесінде рубльді қолмен ұсталып отырды. Ал енді қазір олар рубльді көп уақыт қолмен ұстап тұра алмайтынын да түсініп жатыр. Өйткені қазір Ресей бюджеті бұрын-соңды болмаған дифицитке ұшырап жатыр. Онсыз да олардың мұнайы мен газына шектік баға енгізілді. Мысалы әлемдік нарықта мұнайдың бағасы 90 доллар болса, Ресей мұнайы 60 доллардан аспауы керек. Міне, осы саясат Ресей бюджетіне кері соққы болады. Сондықтан да олар бюджетін толтыру үшін амал жоқ рубльді әлсіретуге мәжбүр болады. Қазір олар сондай қадамға келе жатыр. Қазіргі таңда рубль құнсыздана бастады, тіпті алдағы уақытта тағы да құнсыздана бастайды. Мұның алдында бір рубль 8-9 теңге болса, қазір 5-6 теңгеге оралды. Ертең күні бұдан да қатты құнсыздануы мүмкін.

Серғали Асланбек

Материалды қағазға түсірен

Пікірлер