Қазақтың аяулы да өрелі қызы, киносыншы, Ұлыбританиядағы Куин Мэри университетінің PhD студенті Әсия Бақдәулет биылғы жылғы "Оскар" жүлдесіне қатысты кәсіби пікір білдірді. Сыншылық машығы мығым қазақ қызы жүлде алған туындылар мен ойыншыларға баға беріп, байқаудың астарлы саясатына да тоқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Кәсіби киносыншы Әсия Бақдәулет биылғы "Оскарға" лайық танылған "Бәрі, барлық жерде, бір уақытта" деген фильмге кеңінен тоқталады:
- Қолымда болса биылғы Оскарды Тод Филдтің Tar, Мартин МакДонахтың The Banshees of Inisherin, Рубен Остлундтың Triange of Sadness-i сияқты фильмнің біріне берер едім. Бірақ "Оскар" "Бәрі, барлық жерде, бір уақытта" фильміне бұйырды. Оған қоса үздік режиссер, үздік актриса, қосалқы рольдегі үздік актер, қосалқы рольдегі үздік актриса, үздік сценарий, үздік монтаж - ең маңызды номинациялардың біразында жүлдені сыпырып әкетті, - дейді жазбасының беташарында қазақ қызы.
Кейіннен жүлдеге іліккен туындының маңызына тоқталады:
"Индустрия үшін маңызы. Бұл әрине, «Паразиттің» фурорымен салыстырылады. Бұрын Голливудта азиялықтар туралы оқиғалар түсірілмейтін, азиялық актерлер белгілі бір стереотипті рольдерден шыға алмайтын. Осы фильммен "Оскар" алған Йео да, Куан да қанша рет ақ нәсілді бас кейіпкердің азиялық көршісі, дос-құрбысын ойнауға, не экзотикалық азиялық оқиғаны экрандауға шақырылғаны белгілі. Ашық түрде "азиялықтар box office жинай алмайды" дейтін. Нәсілі азиялық режиссерлер араласа бастап еді, азиялықтар арқылы да box office жинауға болатыны мәлім болды. Сол үшін үлкен рахмет, - деген тоқтамға келеді.
Туындының айтар ойы мен жеткізер мәселесін былайша сараптайды:
"Месседж маңыздылығы. Бұл туынды "бәрі" туралы: шексіз ғаламдағы (multiverse) ақ пен қараның үздіксіз соғысы, тағдыр мен таңдау, Америкадағы салық төлеудің стресі, отбасыішілік динамика мен қарым-қатынас, дәстүрлі емес гендерді қабылдау, т.б. Бірақ осының ішінде негізі тақырып - мейірім мен үмітсіздіктің арпалысы. Визуал тұрғыда бұл ақ шеңбер қоршаған қара нүкте (көз) және қара шеңбер қоршаған ақ нүкте (шоколадты донат). Байқасақ, бүп-бүтін ақ не қара болмайды екен, дүние инь мен янь сияқты тартылыс пен текетірестен тұрады. Бұл тақырып адамның жанды жері - ең жақын адамдарымен қарым-қатынасына негізделіп ашылады: ата-ана мен бала, ер мен әйел. Бәріміздің кім екендігіміздің негізгі көрсеткіші де сол емес пе. Адамды тұлға етіп қалыптастыратын - әке-шешесімен ара-қатынасы. Мұнда Эвелин әкесінің ризашылығын ала алмағандықтан бақытсыз, Джой шешесінен (Эвелин) түсіністік таппағаны үшін торығулы. Эвелиннің осы дүниедегі, ал Джойдың шексіз ғаламдағы қажуы мен үмітсіздігі қыз бен әкенің/ананың арасы дұрыс болмағаннан. Ананың махаббатына жарымаған адам шексіз ғаламды хаосқа орайды екен".
Жазбасының шарықтау шебінде автор фильм желісін талдап, оқырманды кино әлеміне ерекше ынтықтырып әкетеді. Шеберлік пен сапа мәселесін ойыншы тұлғасы, ішкі логикалық байланыс, астарлы құбылыстар арқылы тануға талпынады:
- Адамның әр таңдауы тағдыршешті деп қабылдасақ, кейде «осы тұста басқаша шешім қабылдасам қалай болар еді» деп ойлау да заңдылық. Мультиверсте Эвелин өзінің басқа тағдырын көреді: расында Уэймондқа күйеуге шықпаса бағы жанғалы тұр екен, өзінің әйгілі жұлдыз болғанын көреді. Уэймонд та аса табысты кәсіпкер екен, бұл отбасы екеуінің де бағын байлапты. Бірақ сүйіспеншіліктің құдіреті сол, Уэймонд соның бәрін біліп тұрып, Эвелиннің жанындағы осы тағдырды таңдапты. О баста ынжық күйеу деп ойлаған кейіпкеріңіз шексіз әлемді шарлаған қаһарман екен. Фильмдегі бәрін жеңетін, қалпына келтіретін де Уэймондтың мейірімі мен сүйіспеншілігі. Уэймонд бейнесі сексизмнен арыла алмай жүрген әлем киносындағы жаңалық болды: ол әйелді төмендетпей, өзінің меншігі деп қарамай, оның алдына шықпай-ақ қаһарман болуға болатынын көрсетті. Жаңа ғасырдың үздік ер адам бейнесі осындай болса керек. Өйткені шын сүйіспеншілік пен мейірімде санасу мен «кім бірінші» деген жүрмейді."Бәрінің" "Оскар" алғанына қуаныштымын, бірақ ентертейнмент пен экшнға құрылғандықтан, адамның жанын төңкеріп жіберетін құдіреті кемшіндеу ме деймін. Әйтпесе осыншама көп тақырып ішінде ең маңыздысын бастан-аяқ құра білгені үлкен шеберлік, -деген сыпатта өз ойын қорытады Әсия Бақдәулет.
"Адырна" ұлттық порталы