Сыр елі Ұлыстың Ұлы күнін сән-салтанатпен қарсы алды

2076
Adyrna.kz Telegram

Сыр өңірінде Ұлыстың Ұлы күні әз-Наурызда 300-ге жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылады.

Күн мен түн теңеліп, жер мен көкке жан біткен Наурыз мерекесінде бірқатар әлеуметтік нысандарда ерекше шаралар өткізіліп, аймақ басшысының қатысуымен бірнеше сырбойылықтарға баспана кілті табысталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов хабарлады.

-Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамы іргесі сөгілмес бірліктің, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі, жұртшылықтың бір-бірімен қуана қауышатын сәті. Облыс көлемінде әз-Наурызда ұйымдастырылатын негізгі шаралар 21-22 наурыз аралығын қамтиды. Жалпы наурыз мерекесінің нақышын келтіретін қайырымдылық шарасы да жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады. Осыған орай, облыс әкімінің қатысуымен «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде «Қайырымды ұлт» жалпыұлттық қайырымдылық акциясы өтеді. Самарқанның көк тасы еріген, барша түркі халықтары үшін қасиетті саналатын Ұлыстың Ұлы күні балалар үшін де үлкен қуаныш. Аймақтағы барлық білім беру ұйымдарында, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында «Наурыз мейрамы» ұғымының пайда болуы, тарихы бойынша танымдық сабақтар өткізіледі. Бұдан бөлек, облыстық жастар ресурстық орталығында сол жағалау тұрғындарына, оның ішінде жас отбасылар мен жеткіншектерге арнап «Төрлет жаңа жылым – Наурызым!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылады. Бұл мерекедегі тағы бір қуанышты жаңалық, қаланың сол жағалауында 40 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталады, - деді басқарма басшысы Алмасбек Әбілқасымұлы.

Сондай ақ, 84 пәтерлі 7 қабатты тұрғын үй құрылысының іргетасы қаланады. Сонымен қатар, республикалық «Таза табиғат» акциясын өткізуде жоспарланып отыр. Мұнан өзге, мерекеге арналған негізгі мәдени-көпшілік іс-шаралар облыс көлемінде, яғни қала және аудандардың орталық алаңдарында өтеді. Ұлыстың ұлы күнінде барлық ауданда наурыз көже таратылып, ауылдарда ұлттық спорттық ойын түрлерінен сайыстар, ойын-сауық кештері ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, аймақтағы 146 кент және ауылдық округтерде мереке аясында барлығы 300-ге жуық мәдени-көпшілік шаралар өткізіледі.

Ал Сыр елінің бас қаласында 100-ге жуық мерекелік шара ұйымдастырылады. Амал мерекесінен бастап 22 наурызға дейінгі 6 күнге жеке-жеке атау беріліп, әр күннің іс-шаралар тізбегі бекітілген.

-Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі және Қызылорда облысының 85 жылдық торқалы тойы қарсаңында 85 көпбалалы және аз қамтылған баланың тұсаукесер рәсімі өтеді. Өнер арбатын бойлай орналасқан жарты киіз үй пішінді нысандардың айналасы тақырыпқа сәйкес безендіріледі. Бұған қоса, «Этно ауыл» салт-дәстүрге негізделген арнайы көрмені тамашалаумен жалғасады. Мұнан өзге, 4 арнайы шатыр тігіліп, облысымыздың құрылу кезеңінен бүгінге дейін сыр шертетін көрме Сыр елінің кешегісі мен бүгінгісіне бағытталған. Одан кейін орталық алаңның негізгі сахнасында тақырыптық прологпен басталатын концерттік бағдарламаға жалғасады,- деді Жанмұрат Сейілов.

Айта кетейік, орталық алаңды айналдыра 38 киіз үй тігіледі. Алаңның әрбір нүктесінде мереке ажарын ашатын мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылып, бұқара халық арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіледі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мадақтама грамоталары, медальдар және сыйлықтар табысталады. Мұнан өзге, «Көлтауысарлар сайысы» яғни қымыз ішуден жарыс өтіп, «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылынан шыққан жас жұптың беташар рәсімі жасалады. Сонымен қатар, қолөнершілердің арнайы киіз үйі тігіліп, ұлттық бұйымдар көрмесі ұсынылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер