Home » Айдарлар » Ата дәстүрді жалғастырайық » Жақсы адам бір ай қонақ болса да жарасады

Жақсы адам бір ай қонақ болса да жарасады

19 ғасырда қазақ даласында көп жылдар өмір сүрген поляк халқының азаттығы үшін күрескен революционер Адольф Янушкевич, қазақтардың қонақжайлылығына таң қалып, егер қазақтарды экватордың бойына орналастырса онда жерді тегін айналып шығуға болар еді деп жазған.

«Қазақ» сөзінің мағынасы «азат адам» екені белгілі. Сонымен қатар «қонақжай адам» деуге де әбден болады. Себебі қазақтар үшін қонақты күтпеу қазақ болудан бас тартумен тең.

Қонақ күту салты Қазақ ұлты пайда болған заманнан бері бар деп саналады.

Ғалым Жамбыл Артықбаев «Жеті жарғы» – мемлекет және құқық ескерткіші» атты кітабында қазақтың байырғы аңызын келтіреді: «Қазақтың түп атасы Алаш қартайғанда үш баласына енші бөліп, өзіне бір бөлігін алып қалыпты. Өлім алдында балаларын арыздасуға шақырып бір бөлікті тағы үшеуіне беріп «бөлінбеген еншілерің болсын» депті. Жолаушы жүрсеңдер, көшіп қонып жүрсеңдер, қиындық көрсеңдер, аяқ-табақтарыңды, жейтін малыңды алып жүрмеңдер, осы үлестен бір-біріңе қонақ асы беріңдер деп тапсырса керек. Осы себептен қазақ деп келеді.

«Жеті жарғы» заңы бойынша жолға шыққан әрбір қазақ «Алаштан бөлінбеген еншім бар»  деп түскен үйінен «қонақасы» талап етуге құқылы. Үй иесі жолаушыға тамағын беріп, төсегін жайлауға тиіс.  Егер жолаушы осы шарттардың бәрін орындап, ал ауыл иелері қонақасы бермесе сол елдің биіне барып, арыз айтып «ат-тон» айыбын алатын болған.

Қонақ келсе құт келеді

Ғалым Халел Аргынбай, қазақ қонақ күту салты туралы былай деп жазады: «Қазақ «қырықтың бірі қыдыр» дейді. Мұнысы қонақты қума, оның шарапаты тиеді, бірінен болмаса бірінен құт келеді деп есептегендіктен болса керек. «Қонақты қуа берсең құт қашады» деу де содан. Қазақ ұғымында қонақ үй иесінің қамқорлығында болу керек. Қонақ боп отырған адам ол үйдң жауы олса да, өз үйінде одан өзі түгіл, басқаға да қиянат жасатпайды.   «Өз үйіңде таудай дауыңды айтпа» деген қағида да осыдан болар. Қонақ аттанысымен үй иесі оның қамқоршысы болудан қалады».

Әріптесінің сөзін зерттеуші Ш.Тохтабаева қуаттайды: «Қазақтардың қонақ күту мәдениеті күрделі құрылымды болуымен ерекшеленеді.  Қонақ күту заңы ар-ұяттық ережелері бойынша кездейсоқ қонаққа да, үй иесіне де бірдей болған».

 

Қонақ шақыру

Қазақ қонақ күтуі түрлі жағдайға байланысты болады:

Күнделікті

Салтанатты (қуанышымен бөліскісі келген кезде),

Қаралы (жақын адамынан айрылған жанұяға көңіл білдіргісі келген кезде),

Салттық,

Діни.

Мысалы, Наурыз мейрамына, мал және ауыл шаруашылықтарындағы жаңалықтарға әрі жасқа жас қосылуына байланысты да қонақтар шақырылады.

Арнайы шақырылған қонақты үй иесі өзі қарсы алады. Байырғы заманда бұндай қонақтарды ауылға бірнеше шақырым немесе бірнеще күндік жерден қарсы алатын болған.

Ең қадірлі қонақты төрге шығаратын. Қонақтар үйге енгенде жас үлкендігіне қарай отырғызған. Ең үлкен қонақ бата берген соң қонақтардың алдына тамақ тартылған. Дәмді ең алдымен үй иесі татып басқаларға «Алыңыздар» деп ұсыныс жасайтын.

Әсіресе қонаққа балалардың келгені жақсылыққа саналып – осы шаңырақта жаңа сәби дүниеге келеді деп сенген.  Балаларға қайтарында алғаш рет келгеніне байланысты сыйлық тарту етілген.

Жастар үшін құрметті әрі дәулетті адамның үйінде дәм тату болашақта жақсылыққа жеткізеді деп қабылданған. Қазақта «Түстену» деген салт бар. Жастар қонақ болған үйде бір затын әдейі тастап кететін болған.  Затты көрген үй иесі жастардың өз үйінде тағы да түстенгісі келетінін түсініп, оларды тағы да үйіне шақыратын болған.

Қонақтарға арналған ережелер

Жолаушы киіз үйдің сыртынан келіп атын бағанға байлауы керек. Қазақ босағаға атты байлауға тыйым салынған, бүлай істеген адамды жау ретінде қабылдауы мүмкін.

«Жеті жарғы» заңы бойынша қонақ үйге кіргенде қаруын қабырғаға сүйеп, қанжары болса қынынан шығарып іліп қоюы шарт.  Осылайша қонақ өзінің бейбіт түрде келгенін білдіретін болған.

Киіз үйдің табалдырығын сол аяқпен аттауға болмайды — бұлай ету жаман ырым саналады. Қазақ түсінігінде табалдырықты оң аяқпен аттау дұрыс деп біледі. Егер қонақ қамшысын бүлдіргісімен ілсе, демек асықпайтынын білдіреді. Қамшы бүктеліп ілінсе қонақтың асығыс болғаны.

Қазақтың  «Қонақ күту» салты рухани деңгейдегі қарым-қатынасты қамтамасыз етуімен қатар өсіп келе жатқан жас ұрпақты тәрбиелеудің құралы екені рас.  «Адам болар бала қонаққа үйір» деген сөздің шығуы да бекер соның айғағы.

Жақсы адам бір ай қонақ болса да жарасады

Қонақжайлықтың бір мысалы ұлы жазушы Мұхтар Әуезұлының «Абай жолы» романында бейнеленген:

«Сосын шеше әңгімелеріне бар бейілін беріп жүрген күндердің бір үйге екі бөгде қонақ келіп қонды. Бірі – қартаң, бірі – жас қонақ. Жасын Абай біледі. Таныған жерде қуанып кетті. Ол былтыр жайлауда келіп, осы үйде үш күндей жатып, «Қозы Көрпеш – Баянды» жырлап берген Байкөкше деген жыршы. Қасындағы қартаң кісіні Абай өзі білмегенмен шешесі әбден таниды екен.

…Шоқшалай ғана ақ сақалы бар, келбетті келген, зор дауысты ақ сары кісі Барлас Абайға салғаннан ұнады. Білгенін ішіне бүгіп, үндемей отырған өзге үлкендердей емес.

Барлас іле сөйлеп кететін жарқылдақ, ашық. Осы үйде талай күннен жатып жүрген, ауыл адамы сияқты.

  • Е, балам, «шешенің судай төгілген, тыңдаушың бордай егілген»

дегендей, сөйлеуді де, тыңдауды да сүйген ел – ел дағы. Тыңдауға өзің жалықпасаң, айтуға Байкөкше жалықпас!

Үй іші тегіс қош алған соң, екі ақын да оңай шешілді. Осы түнде ас піскенге шейін Барлас «Қобыланды батыр» жырын жырлады. Абайдың қазақ аузынан да, кітап ішінен де өмірі естіп білмеген ең бір сұлу, ең бір әсерлі, күшті жыры осы еді.

…Ертеңіне Ұлжан Барлас пен Байкөкшені жібермеді.

  • Жүрмеңіздер. Асықпай әлі біраз күн қонақ болып жатып кетіңдер, –

деді.

…Осы жолы Абай өзі де ысылып, әрі шешесі арқылы салмақ салып, Барлас пен Байкөкшені дәл бір айдай жібермеді.

…Бие байлап болғаннан кейін, түске жақын, ауыл қымызға жиылады. Қыза отырып жыр таңдайды. Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады. Немесе, әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады.

Ертеңінде ақындар аттарын ертеп, жүрерге тақағанда, Абай шешесін тысқа шығарып алып:

  • Апа, екеуіне де жақсы қып тұрып сый беріп аттандырыңызшы! –

деді. Ұлжан үндеген жоқ.

Қонақтар қымыз ішіп болып, енді қоштасуға келгенде Ұлжан

Барласқа қарап бір сөз айтатындай пішін білдірді. Қонақтар іркіліп қалған еді.

  • …Тағы келе жүріңдер. Анау кәрі әжесі мен бізді де көп сейілттіңдер.

Жолдарың болсын! Келген сапарларыңа тыста азырақ ырым байлаттым. Ала кетңдер… Риза, қош боп аттаныңдар! – деді.

Абай тысқа шығып, Барластарды аттандырып жатып, енді көрді. Осы үйдің екіі жылқышысы Беркімбай мен Жарқын Барласқа арнап бір семіз көк атты, Байкөкшеге арнап бір торы құнанды ноқталап ұстап тұр екен.

Екі ақын екеуін жетекке алып, тағы да «қош, қош» айтып, жүріп кетті».

Қонақжайлық салты әрқашанда қазақтың ұлттық ерекшелігі болып қала бермек.

Бердалы ОСПАН.

“Адырна” ұлттық порталы.

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ӘБУБӘКІР ҚАЙРАН: САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ОҚЫТУЫМЫЗ КЕРЕК

Қырдың қызыл гүліндей қырмызы қыздарымыз бен жалаңа қылыштай жас жігіттерімізге өз ұлтымыздың салт-санасы мен әдет-ғұрпын ...