Іргелі ғылымсыз ештеңе жасай алмаймыз – Дөрбетхан Сұраған

1686
Adyrna.kz Telegram

Ғылымның ішінде математика саласы ең күрделі болып саналады. Алайда елімізде аталған салада зор жетістікке жетіп жатқан азаматтар баршылық. Солардың бірі һәм бірегейі халықаралық Ferran Sunyer i Balaguer Prize сыйлығын алған Дөрбетхан Сұраған болса керек. Белгілі ғалым аталған сыйлықты алған Орта Азиядағы ең жас әрі бірінші лауреат. Сонымен қатар ол Президенттің Жарлығымен ғылым және техника саласындағы үздік еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған болатын.

Дөрбетхан Сұрағанның айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ғылымның жағдайы қиынырақ болды. Ал қазіргі таңда ол ғылымға бұрынғы кезеңмен салыстырғанда көп көңіл бөлініп жатқанын ескертті.     

«Нарықтық экономикаға көшкен жылдары бірінші орынға экономиканы қойып, үкіметтік тұрғыдан ғылымға назар аударыла қойған жоқ. Бірақ соған қарамастан тәуелсіздіктің 30 жылында біраз жетістіктерге қол жеткіздік. Қазір ең басты жетістіктерді ойлап қарасам, мен оны тиімді пайдаланған секілдімін. Бірінші жетістігіміз тәуелсіздігімізді алып, шекарамызды бекіткеніміз емес пе? Мен өзім Моңғолиядан келген қазақпын. Тәуелсіздіктің арқасында елге келіп, осындай жетіктікке жетіп отырмын. Екінші жетістік Тәуелсіз Қазақстан тарихында «Болашақ» бағдарламасы жұмыс істеп, мыңдаған жас шет елде білім алды. Мен де сол мыңдаған жастардың ішінде шет елде білім алып, «Болашақ» бағдарламасын тиімді пайдаландым. Үшінші жетістігіміз, елордамыз Астана деп білемін. Қазігі таңда  елорданың басты ғылым ордаларының бірінде сабақ беріп жатырмын. Осы жетістіктердің арқасында халықаралық дәрежедегі сыйлық алдым деп есептеймін. Сондықтан да Ferran Sunyer i Balaguer Prize халықаралық сыйлығын жеке өзімнің жетістігім деп айту қиын», – дейді ол.

Қазіргі таңда қолданбалы ғылым туралы жиі айтылып жүр. Мысалы Илон Маск 2030-2050 жылдары адамзат Марста үй салып, өмір сүретінін айтады. Атақты ғалымның арманын ғылыми тұрғыдан орындау мүмкін бе?

«Біріншіден, ғылымда адамзаттық жоғары деңгейдегі мақсат болу керек. Соған ұмтылған кезде көп мәселелер шешіледі. Кезінде біз Совет үкіметінің бір бөлігі болған кезде «Атом бомбасын жасаймыз» деп сол арқылы біраз өндірістер дамыды. Сол себепті Илон Масктың үлкен мақсат қойғаны дұрыс. Ғалым ретінде мұны істеу мүмкін емес деп айта алмаймын. Әйтсе де көбіміз қолданбалы ғылым мен іргелі ғылымды айыра бермейміз. Іргелі ғылым дегеніміз негіздердің негізі. Іргелі ғылымсыз жоғары сапалы білім мен ештеңені ойлап таба алмайсыз. Ал қолданбалы ғылым деген не? Ол плагиат емес. Шет елдің жарқыраған технологиясын көріп, оны елге әкеліп құрастыру емес. Қолданбалы ғылым болу үшін өз еліңізде іргелі ғылым болу керек. Егер қолданатын ештеңеңіз жоқ болса, яғни инттеллектуалдық потенциолыңыз төмен болса, онда ештеңені қолдана алмайсыз», – дейді ол.

Дөрбетхан Сұраған жас ғалымдар шет елге барып, тәжірибе жинағаны дұрыс деген пікірде. Себебі шет елден алған біліміңді туған елдің игіліне жарату аса маңызды екенін ескертті.

Пікірлер