Home » Айдарлар » Қоғам » Ақтөбе, Алматы мен Қызылордада көп балалы аналар билікке талап қойды

Ақтөбе, Алматы мен Қызылордада көп балалы аналар билікке талап қойды

8 ақпанда Ақтөбе, Алматы мен Қызылорда қалаларында ондаған адам билікке балаға төленетін жәрдемақыны көбейту, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету және өзге әлеуметтік проблемаларды шешуді талап етіп барды.

Ақтөбеде қала әкімдігіне барған адамдарды әкімдіктің жауапты қызметкерлері қабылдады.

— Әр балаға айына 20 мың теңгеден жәрдемақы төленсін, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен және қоғамдық көлікте тегін жүруін қамтамасыз етсін, үш және одан көп баласы барларға баспана берілсін, аз қамтылған отбасыларының несиелері кешірілсін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қызметінен кетсін деген талаптар қойдық, — деді әкімдіктегі кездесуге қатысқан қала тұрғыны Ләззат Жұмағалиева.

Көп балалы ана Жанымкүл Бижанованың сөзінше, олармен кездескен шенеуніктер арыз-өтініштері бойынша жұмыс нәтежесін он күннен кейін хабарлайтындарын айтқан.

Жұма күні Қызылорда қаласындағы жұмыспен қамту орталығына келген ондаған көп балалы ана мемлекеттен берілетін әлеуметтік жәрдемақының дұрыс бөлінбей отырғанын айтып, наразылық білдірді. Олар жәрдемақы төлейтін орган өздерінен тіркеуге тұруды талап ететінін, бірақ жеке баспанасы жоқ болғандықтан тіркеуге тұру машақатқа айналғанын айтады.

— Балаңызға [жәрдемақы] аласыз, зейнетақы алады екенсіз, енеңіз зейнетақы алады екен дейді. Халық қай жаққа барып жұмыс табады? Қызылордалықтар құлдықта жүр. 37-40 мың теңге алады, ең жоғарғы айлық — 50 мың теңге. Бір жанұядан төрт-бес баладан бар, — дейді көп балалы ана Зинагүл Базылбекова.

Наразы аналарға жолыққан Қызылорда қаласы әкімнің орынбасары мен «Нұр Отан» партиясының өкілі әр адамның мәселесін жеке шешуге уәде берді.

Алматы шенеуніктер жергілікті билікке талаппен келген аналарға арыз-өтінішін тыңдау үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ішіне кіруді ұсынды. Кездесуге Азаттық журналистері кіргізілмейтінін айтқан шенеуніктің сөзіне сол жерге жиналғандардың кейбірі наразылық білдірді.

Кейін мәлім болғанындай, наразы аналармен Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов кездесіп, билік олардың арыз-өтініштеріне екі аптадан кейін жауап беретінін айтқан.

4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Жергілікті биліктің дерегінше, көп балалы отбасы тұрып жатқан баспанада өрт шыққанда балалардың ата-анасы жұмыста болған.

Бұл хабар әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Билікті сынаған пікірлердің арасында еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қызметтен кетсін деген талап та айтылды. 6 ақпанда Астананың орталығындағы концерт залына жиналған ондаған ана бес баласы өрттен мерт болған отбасындағыдай жағдай өз бастарына да барын айтып, биліктен әлеуметтік проблемаларын шешуді талап етті. Алматы, Ақтөбе мен Шымкентте де тұрғындар билікке осындай талаппен барды.

Сәрсенбі күні Қазақстан үкіметі ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек үйі жоқ көп балалы отбасыларға пәтер салуға қаржы іздестіріліп жатқанын айтты.

“Азаттық” радиосы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қазақты домбырадан алыс ұстау керек, рухы оянып кетеді

Домбыра күні Ерлан Рысқали ән салып, оған Аида Балаева тамсанған болатын. Ән салу жайында жазылған ...