"Санкцияларының салдары қандай болатынын жақсы түсінеміз" - Блинкен санкциялардың әсері туралы айтты

1876
Adyrna.kz Telegram
АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Ресей Федерациясына салынған санкциялардың Қазақстанға қалай әсер ететінін бағалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Zakon.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Оның пікірінше, санкция ықпалын барлық ел, соның ішінде Орталық Азия да сезінеді.

"Ресей агрессиясы Украинаға ғана емес, басқа елдерге де ықпал етіп жатыр. Біз С5+1 елдеріне жаңа сауда әріптестіктерін дамытуды қолдаймыз. Орталық Азиядағы әріптестерімізбен аймақ елдерімен қалай жұмыс істейтініміз туралы сөйлестік. Оған 25 миллион доллар бөлдік. Сонымен бірге жаңа жолдар мен жаңа экспорттық нарықтарды іздеп жатырмыз. Біз Ресей санкцияларының салдары қандай болатынын жақсы түсінеміз", - деп жауап берді АҚШ мемлекеттік хатшысы.

Сонымен қатар Энтони Блинкен "Ресей Федерациясы тарапынан Орталық Азияға қауіп төніп тұрған жоқ па?" деген сұраққа да жауап беріп, мәселеге тоқталды.

"Бізді алаңдатып отырған мәселе тек Ресейдің Украинаға агрессиясы және Ресейдің онда жасап жатқан барлық сұмдық әрекеті емес, БҰҰ жарғысының негізгі қағидаттарына қарсы агрессиясы. Біздің принциптеріміз бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған деп санаймыз. Соның ішінде сіздің аймағыңызда да. Сондықтан барлық елдің бірігіп, Ресей агрессиясына қарсы тұруы Украинаны қорғау үшін ғана емес, сонымен бірге осы принциптер үшін маңызды. Егер олар бұзылса, Ресей өз агрессиясын басқа елдерге қарсы бағыттай алады. Сонда кейбір елдер Ресейге қарап, "Ресейдің қолынан келсе, біз де істей аламыз" деп ойлауы мүмкін. Біз мұны тоқтатуымыз керек. Сондықтан барлық ел жиналып, "жоқ" деуі маңызды, - деп ой қорытты Энтони Блинкен.

Хатшының айтуынша, ол Ресей Федерациясының алдағы жоспарлары туралы білмейді, бірақ бәрі Украинадағы жағдайдың шешілуіне байланысты екеніне сенімді.

"Ресейдің қандай да бір идеялары мен жоспарлары туралы нақты айта алмаймын, бәрі Украинада болып жатқан жағдайға байланысты. Бірақ біз бәріміз бірге Ресей бұзып отырған принциптерді қорғауға тиіспіз және бұл бізге бейбіт өмір сүруге мүмкіндік береді" - деді Энтони Блинкен.

Энтони Блинкеннің Қазақстанға келетіні 24 ақпанда белгілі болды. Бұдан кейін Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірлескен фотоға түсу рәсімі өткені хабарланған еді.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер