Екібастұздық балақайлар «Масленица» тойлап, тұлып өртеп жүр

2351
Adyrna.kz Telegram

Масленица — шығыс славяндардың дәстүрлі мейрамы. «Уикипедияда» оған «Ұлы пост алдындағы (пост – христиандардың ас ішуді шектеуі) аптада аталаып өтетін, өн бойына христиандыққа дейінгі славян мифологиясы элементтерін негіз еткен мейрам» деген сипаттама берілген.

«Шығыс славяндардың халықтық күнтізбесінде мейрам қыс пен көктемнің шекарасын айқындайды. Масленица католиктердің «Майлы сейсенбі» және «Мясопуст» салттарымен «туыс». Орыс православ шіркеуінің күнтізбесінде бұл кезең «Сырная седмица» деп аталады. «Мясопуст», «Неделя мясопустная», «Сырная неделя» атаулары Русьте «шіркеулік» ұғымдарға қатысты қолданылған» дейді тағы да Уикипедия.

Масленицаны атап өту күні жыл сайын Пасханы мерекелеу күніне қарай өзгеріп отырады. Дәстүрлі атрибуттары – Масленица тұлыбы, шанамен сырғанау, сауық-сайран құру. Орыстар құймақ және қалаш пісіреді.

Уикипедия «Масленица» мейрамының типін «халықтық-христиандық» деп айқындай түседі.

Біз Уикипедияны неге ақтарып отырмыз? Себебі бірнеше жылдан бері Екібастұз қаласының балабақшаларында осы мейрам тұрақты түрде аталып жүр. Балабақша басшыларының көбі мұны бір шанамен сырғанау немесе құймақ жеу мейрамы деп алданып жүрсе керек. Діни мейрам екеніне мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Жалпы, Екібастұз балабақшаларында Масленица тойлау Н.Нефедова ханым қала әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болған кезден белең алды.

Таза орыс балабақшалары атап өтіп жатса бірсәрі дейсің ғой. Қазақ балабақшалары да жыл сайын құймақ жеп желігуін қояр емес. Бүйте берсе таман қазақ баласы шоқынып кетуі ғажап емес шығар. Онсыз да Екібастұздың Н.Нефедова әкім орынбасары болған кезде Крещениеде киіз үй тігіп, аты шартарапқа жайылып еді...

Қазір Н.Нефедова бұл қалада қызмет істемейді, бірақ соңында қалған құрбылары оның қалдырған «рухани мұраларына» берік сықылды. Мәселен, қалың қазақ еңбек ететін №21 балабақшада «Масленица» биыл ұлттық фестивальдан кем аталып өтпеген. Сонымен бірге, балабақша ауласында тұлып (чучело) өртеліпті. Балаларға сіріңке жағуға болмайды деп үйретудің орнына тұлып өртеп, кері тәрбие берген педагогтар қауымына не дерімізді білмедік. Осыдан кейін балақайлар адамды жайбарақат өртеуге болады екен деген ойда қалмасына кім кепіл?! Бұл әрекет жас өскінді қаталдыққа тәрбиелемесіне қалай көз жеткіземіз?!

Бұл шараны балабақша ұжымы мақтаныш қылып әлеуметтік желіге жарнамалап, «Фольклорлық мереке» деп көзбояушылық жасаған. Видеода таман қазақ баласы мойындарына «сушки» асып алып, балабақша ауласында дірдектеп жүр. Ауладағы жағалай үстелдер құймақ, қалаштарға толы. Жалпы, балалардың күн суықта бүрсеңдеп далада тағам жеуі қаншалықты дұрыс – оны оқырман өзі бағамдай жатар.

Ал бізді зайырлы елдің тәрбие мекемесінде христиандардың халықтық мейрамының осыншама белсенді дәріптеліп жүргені толғандырады...

Нұрбек Тауасар, Павлодар облысы

Пікірлер