ШЫҢҒЫС МҰҚАН: Путин Украинаға неге соғыс ашты?

4177
Adyrna.kz Telegram

1997 жылы Гуамның әуежайына жете бергенде Korean Air-дің ұшағы апат болды. 223 адам жан тапсырады.

1990 жылы Колумбияның Avianca әуекомпаниясының отыны таусылып қалып, Нью Йорктің жанына құлады. 73 адам көз жұмды.

Бұл әуе апаттарына көптеген себеп бар. Бірақ солардың ішінде ең маңыздысы - мәдени себеп болып шықты.

Ғалымдардың айтуынша, кейбір елдерде үлкен адамның (мәселен, қызметі, абыройы жоғары) шешіміне күмән келтіру - дұрыс мәдени норма емес.

Ұшақтағы екі ұшқыштың бірі - капитан. Екі жағдайда да екінші ұшқыш капитанның қателігін дер кезінде ескертпеген, тіпті ескертуге именген болып шықты.

Кеше Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына бір жыл толды.

Жуырда сараптамалық материал жарияланды. Путин Украинаны басып алам деп шешім шығарарда төңірегі оған шындықты айтуға именген екен, оның естігісі келгенін ғана айтып отырған. Себебі капитанның пайымын жоққа шығаруға қорқады. “Қазіргі Ресейдің әлсіз тұсы осы”, - дейді сарапшылар. Неге олай? Өйткені Путин өзі ұстанған саясатқа күмән келтіргендерді аластатып, тек қана қолдап-қуаттайтындарды ғана жанына жуыстырып отырған екен.

Капитанға ұшақ пен ұшу барысы туралы ақиқат айтылмаған соң, ұшақтар апатқа ұшырайды екен. Мемлекеттер де ұшақтар секілді, капитанға шындықты айтатын адам қалмаса, ұлттар да ұзақ ұша алмайды.

Шыңғыс МҰҚАН

Пікірлер