Ақұштап Бақтыгереева: "Мұхамеджан Тазабекке "әбден адасып болдың ғой!", – деп едім, миығынан күлді де қойды"

8441
Adyrna.kz Telegram
Қазақтың аяулы ақын қызы, құрметті ел анасы, бірнеше жыр кітаптарының авторы, ұлттық тәрбие мен ұлт тағдырының жанашыры Ақұштап Бақтыгерееваның елді елең еткізген сұхбаты жарық көрді. Алаштың ақын анасы өз сұхбатында айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек, Бекболат Тілеухан және Айнұр Тұрсынбаева туралы өз ойын айтып оларды жазғырады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Nege.kz"-ке сілтеме көрсете отырып. 
Әлеуметтік желіде таң қалдырарлық сұхбат мәтіні тарады. Жазбада автор ретінде көрсетілген журналист Ғалымжан Сәңкібаев өз сұхбатының үзіндісінде ақын апамызды тыңдасақ деп келе, автордың өмір тәжірибесі мен азаматтық ұстанымына сүйеніп айтқан пікірін ұсынады.  "Ақын Ақұштап Бақтыгереева: "Мұхамеджан Тазабекке "әбден адасып болдың ғой!", – деп едім, миығынан күлді де қойды" дейді ақын-ана. Cонымен қатар, Ақұштап Бақтыгереева төмендегідей ой білдіреді:
"Тарихтың қай ғасырынан қара жамылған қазақ қызын көрдіңдер? Бес рет байға тиіп, алтыншы күйеуден бала туу деген ешқашан болған емес. Өте жиіркенішті нәрсе. Айдың-күннің аманында қазақ қызына талақ болатындай не күн туды? Бұл – ұлт басына төнген үлкен қауіп. Ертең солардың ішінен ақша үшін террорист шықпайтынына кепіл бар ма? Бұған қатаң заң керек. Обалы ел арасына іріткі салып, арандатып жүргендерге келеді. Пәлен қатын алып, өздері шетте жүр ғой. Бірде Мұхамеджан Тазабекті көріп қалғанда: «Балам-ай, қайтсайшы, әбден адасып болдың ғой!», – деп едім, миығынан күлді де қойды. Мойындамаса да, кінәлі солар. Солар ақша үшін бәрін бұзып кетті", - деді ақын.
Сондай-ақ, ақын Ақұштап Бақтыгереева Түркияда дүркіретіп той өткізген Айнұр Тұрсынбаеваны да қатаң сынға алды.
"Бүгін жастарды интернет пен телефон, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Оны шешесі де қарап үлгермейді. Ақпарат құралдары түрлі зомбылықты насихаттайды. Оған да заң тыйым салса деймін. Осының бәрі ұлтты аздырады.
Мысалы, әлгінде айтқан Жапония азып тұрған жоқ, АҚШ-тың өзі көп нәрсеге тыйым салады. Ал бізде заң жоқ. Телеарнадан тәрбиеге жат, пәтуасыз, көргенсіз хабарлар көрсетеді. Болмашы әншінің күйеуге тигені кімге керек? Бүтін ұлттың мазасын алатын шаруа емес қой. Мейлі тисін, ол оның жеке шаруасы. Айнұр Тұрсынбаеваның «Дикий Арманның» досына тиіп, Түркияда той өткізіп, бриллиант таратқаны қазақ ұлтының мақсаты ма? Айтпау керек, көрсетпеу керек, мән бермеу керек. Қазақ ұлты үлкен жолда кетіп бара жатқан көш емес пе? Оның арбасынан түсіп қалатын нәрсе көп.
Олар – туған жерін, намысты сатқандар, шетелдік азаматқа тиген қыздар, Бекболат пен Мұхамеджандар, Айнұрлар, ақша қуғандар, тағысын тағы. Бұлардың қазақтың ұлы көшіне қажеті жоқ, тіпті кірістірмеу керек. Сондықтан қоғам, үкімет ұлттық рухты қайтсем көтеремін, қазақты қайтсем алыс ғасырға апарамын деген дүниені ойлау керек.
Қайта құру ақша дегенді алып келді. Бәрін бұзған – ақша. Ақша жүрген жерде ар мен абырой сөйлемейді. Бірақ ақшадан да қымбат нәрселер бар", - деді ақын.
Қазақтың тағдыры мен келешегіне бір кісідей жаны ауыратын ақын анамыз дінді емес, діннің өңін айналдырып, тазалығын көлегейлейтін топтардың теріс қылығын сынға алады. Қашан да ұлттық құндылықтар мен қазақы салт-cананы биік қояды.
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер