“Сайлауда алаяқтық жасалуы әбден мүмкін”: Рауан Шаекин өзін Парламенттік сайлауға тіркемей отырғанын айтты

4302
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның қоғам қайраткері Рауан Шаекин өзін Парламенттік сайлауға тіркемей отырғанын хабарлады. Бұл туралы ол Facebook парақшасына жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, оның үстінен заңсыз шешім шығарып, сайлауға тіркемей отыр.

“Мен, Рауан Шаекин, неге  бүгінге дейін Қарағанды облысындағы  №19 округтан депутаттыққа кандидат екенімді ресми түрде жарияламай отырмын.  Үш күн болды жан жақтан ел де, 400 ден астам сенімді өкілдерім де маза бермей хабарласуда...

Себебі, облыс билігі менің декларациям туралы фискальді органдарға тапсырыс беріп Теміртау қаласындағы округтық комиссия 2019 жылғы жолдасымның декларациясынан кінә тауып, менің сыртымнан, маған хабарламай, заңсыз шешім шығарып мені тіркемей отыр. Тіркелмегенімді орталық сайлау комиссиясының тізімі шыққанда бірақ білдім! Екі күн бойы таққан кінәләрінің заңсыз екенін тиісті органдар арқылы дәлелдеп, мойындатсам да көнбей, жанталасуда. Тіпті тиісті мекемелерге де қоқан лоқы жасауға көшті! Сөйтіп облыс билігі мені Парламент сайлауына қатыстырмауға барын салуда! Бүгін, яғни 21.02. еріксіз сотқа жүгіндім, заңсыздықтары дәлелденеді деп есептеймін, оны маған қарсы билікте біліп отыр, олардың ойы менің үгіт насихатқа бөлінген уақытымды ұрлау ғана.

   Бір сөзбен айтқанда, менің кәсіби заңгер ретінде Парламент Мәжілісіне депутат болу мүмкіндігімнің жоғары екендігін билік өте жақсы түсінеді. Ендігі амал қолдарынан келсе жол бермеу. Сайлауда тағы да ұзақ жылдар бойы жалғасып келе жатқан лас технология мен алаяқтық жасалуы әбден мүмкін. Олар Президент Қ. Тоқаевтың Сайлауды таза және әділ өткізу туралы тапсырмаларын сөз жүзінде қолдағанмен, іс жүзінде керісінше жұмыс жасауда, әкімдіктер билік қолдап отырған үміткерлеріне жаппай сенімді өкілдер дайындап, сайлауға араласпау туралы Президент тапсырмасын керек қылмай, әкім орынбасарларын өздері таңдаған үміткерлерді өткізуге жауапты қып белгілеп, тәуелсіз үміткерлерге қарсы жұмыс жүргізіп, олардың сенімді өкілдерін қорқытып-үркітіп, соңдарына аңдушы қойып т.б. заңсыз әрекеттер жасауы қала, облыс, Парламент депутаттары сайлауын өткізу барысында жаппай орын алуда.

Өйткені оларға ел мүддесін қорғауда билікке маза бермейтін, өз пікір-ұстанымы бар, принциптеріне адал ,тәуелсіз депутаттар керек емес...”,- деп жазды ол.

Сондай-ақ, ол алдағы уақытта сайлаудан жеңетініне сенімді екенін айтты.

“Биліктің қолдан ұйымдастырып отырған, әлеуметтік шиеленіс тудыруға бағытталған , жасанды айтыс-тартыстары немен аяқталады деген ой маза бермейді... Бір айдан аз уақытта сайлау өтеді , кетеді, ал өмір жалғаса береді.. Беттің арын белге түйіп, сайлаудан кейін өмір тоқтайтындай көздерін тұман басқандар, ертең елдің алдында қалай көлгірсиді?! Ал халық бәрін біліп отыр...

Үгіт насихатқа берілген бір ай уақытымның жартысын ұрлап, бөгет жасаса да, қалған аз уақытта округтегі 6 қала 6 ауданда бәрібір кездесулер өткізіп, халыққа биліктің жасаған қиянатын жеткізіп, қолдауларына ие болып, мен өзімнің жеңетініме сенемін!

Ал, биліктегілер маған жасап отырған осы қиянаттарына өкінетін болады, уақыттың өзі төреші...

    Тек қазақ елі  осыдан пайда таба ма, жоқ па, мәселе сонда ...  Түсіністікпен қабылдауларыңызды өтінемін.  Мен үшін Ел мүддесі бәрінен жоғары, мен Халқыммен біргемін!”, - деп жазды Рауан Шаекин.

Пікірлер